Бүгін – Қазақстан үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады.

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Дауыс бергеннен кейін Президент бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне брифинг өткізіп, елдегі саяси өзгерістер мен алдағы реформаларға қатысты бірқатар маңызды мәселені айтты.
– Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінен-ақ бүгінгі саяси науқанның елдегі өзгерістердің соңғы нүктесі емес, керісінше, жаңа кезеңнің бастауы екені аңғарылады.
Брифинг барысында «Хабар» телеарнасының тілшісі Сағыныш ӘБІКЕЙ Мемлекет басшысына конституциялық реформадан кейінгі өзгерістер, Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысы және Вице-Президент лауазымына қатысты сұрақ қойды.
– Жұрттың бәрі Вице-Президент лауазымы туралы сұрап жатыр. Расында, бұл – айтулы өзгеріс. Біз Конституциямызға жаңа лауазымды әдейі енгіздік. Бұл лауазым аса қажет деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі қазіргі бұлыңғыр заманда мұндай лауазым елімізге өте қажет. Келесі аптада немесе он күн ішінде Вице-Президент кім екені мәлім болады. Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын, – деді Президент.
Осылайша, Вице-Президенттің кім болатыны әзірге нақты айтылған жоқ. Алайда Мемлекет басшысы оның есімі келесі аптада немесе он күн ішінде белгілі болатынын жеткізді.

(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан алынды)
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы кезеңде басқа да реформалардың іске асырылатынын атап өтті. Соның бірі – Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру.
– Тағы басқа реформаларды іске асырамыз. Мысалы, Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Халық Кеңесі дегеніміз – жаңа орган. Кейбір азаматтар Ассамблея туралы сұрап жатыр екен. Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, реформалардың ауқымы саяси өзгерістермен ғана шектелмейді. Алдағы кезеңде елдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына да басымдық берілмек.
– Жалпы, жоспарымыз өте ауқымды. Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі. Емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, басқа да нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді маңызды нысандар бой көтереді. Қалаларды абаттандыру керек. «Таза Қазақстан» акциясын ойдағыдай жалғастыру қажет.
Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзінің өзегінде бір ғана ой тұр: реформаның нәтижесі қағаздағы өзгеріспен емес, нақты іспен өлшенуі керек. Ал бүгінгі Құрылтай сайлауы – сол ауқымды жұмыстың алғашқы қадамы.
Мемлекет басшысы саяси науқанның өту барысына да баға беріп, сайлау кезінде жаңа тұлғалар мен жаңа идеялардың алға шыққанын атап өтті.
– Жалпы, саяси науқан жақсы өтті. Себебі жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды идеялар айтылды. Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын.
Бір палаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы осылайша жаңа саяси кезеңнің басталуымен тұспа-тұс келіп отыр. Президент айтқандай, бүгінгі сайлау – жұмыстың аяқталуы емес, бастауы. Ал оның ар жағында елді жаңғырту, жаңа институттарды іске қосу және нақты жобаларды жүзеге асыру міндеті тұр.
Бір сөзбен айтқанда, ендігі кезең – таңдау жасаудан іске кірісуге дейінгі уақыт. Ал Қазақстан үшін бұл кезеңнің жүгі де, жауапкершілігі де аз емес.
Mezgil.kz