Қоймадан биржаға дейін: OZON-ға жасалған соққылар ресейлік нарықты дүр сілкіндірді

Украина тарапынан Ресейдің ірі маркетплейстеріне соққы жасау жалғасуда. Ендігі кезек Оzon-ға жетті. Қоймалардағы өрт, қызметкерлерді жаппай эвакуациялау, жеткізу бағыттарын шұғыл өзгерту ақыры қор нарығына да әсер етті. 24 тамызда Ozon акциялары бір мезетте 29 пайызға құлдырады.

1787574153692234.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Бұған дейін маркетплейстер арасындағы бәсеке негізінен бағаға, комиссия көлеміне, тауар ассортиментіне және жеткізу жылдамдығына қатысты болса, енді компаниялардың физикалық инфрақұрылымының қауіпсіздігі инвесторлар үшін жеке факторға айнала бастады.

Мәскеу биржасындағы таңғы сауда кезінде компанияның бағалы қағаздары жұма күнгі жабылу деңгейімен салыстырғанда бір мезетте 29,09 пайызға арзандап, бір акцияның бағасы 2112,5 рубльге дейін төмендеді.

22-тамыз күні Самара аймағының Чапаевск қаласындағы компанияның логистикалық орталығына жасалған соққыдан кейін қойма жұмысы тоқтатылды. Қойма отқа оранды. Дәл осындай шабуыл 23-тамызда, Орынбор облысында қайталанды. Алайда қоймадағы өрт жылдам өшірілді.

24-тамызға қараған түнде жағдай одан әрі күрделене түсті. Украина бірден Оzon-ның үш қоймасына шабуыл жасады. Краснодардағы қоймаға дрондар шабуылы болды. Нысанда ірі өрт басталып, қызметкерлер эвакуацияланды. Компания қойма жұмысын тоқтатты.

Украина дрондары Махачқаладағы Ozon-ның ірі қоймасына да соққы жасады. Компания қызметкерлердің жедел эвакуацияланғанын хабарлады. Алдын ала деректер бойынша бірнеше адам зардап шеккен. Адыгей аймағындағы қоймаға да соққылар жасалып, өрт шықты.

Логистикалық нысандар төңірегіндегі жаңалықтар Мәскеу биржасы ашылғаннан кейін инвесторлар реакциясына бірден әсер етті. Бағаның өте жылдам құлдырауына байланысты Мәскеу биржасы сағат 10:22-де Ozon акциялары бойынша дискретті аукцион режимін іске қосты. Дискретті аукцион 10:22-ден 10:52-ге дейін жүргізілді.

Ozon акцияларындағы құлдырау оның ірі акционерлерінің біріне де әсер етті. АФК «Система» бағалы қағаздары 24 тамызда бір мезетте 17 пайызға төмендеп, 6,753 рубльге дейін түсті. Бұл реакцияның экономикалық негізі бар.

2026 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша АФК «Система» Ozon капиталының 31,8 пайызына иелік етеді. Демек Ozon нарықтық бағасының күрт төмендеуі оның ірі акционерінің активтерін бағалауға да қысым түсіруі заңды.

Ozon 2026 жылдың екінші тоқсанын айтарлықтай жақсы қаржылық нәтижелермен аяқтады. Компанияның жалпы тауар айналымы бір жылда 37 пайыз өсіп, 1,3 триллион рубльге жетті. Түсім 47 пайызға өсіп, 334,2 миллиард рубльге жетсе, таза пайда 10,1 миллиард рубльді құрады.

2025 жылдың қорытындысында Ozon-ның GMV көрсеткіші 4,16 триллион рубльге жетіп, бір жылда 45 пайыз өскен еді. Компания 2026 жылға тауар айналымын тағы 25–30 пайызға өсіріп, түзетілген EBITDA-ны шамамен 200 миллиард рубльге жеткізуді жоспарлаған. Сонымен қатар Ozon жылды таза пайдамен аяқтауды көздеген болатын.

Тамыздың басында Ozon бірқатар сатушыларға тауардың бір бөлігін ірі қоймалардан жақын маңдағы тапсырыс беру пункттеріне ауыстыратыны туралы хабарлама жіберді. БАҚ мәліметі бойынша бұл шара, ең алдымен, электроника мен техника секілді қымбат тауарлардың шектеулі санатына қатысты болған.

Компания тауарды көшірудің нақты себебін ресми түрде дрон шабуылдарымен байланыстырған жоқ. Алайда нарық сарапшылары бұл қадамды Wildberries логистикалық орталықтарына жасалған шабуылдар аясында тәуекелді азайту әрекеті ретінде бағалады.

24 тамыздағы оқиғалардың экономикалық салдары мемлекеттік деңгейде де талқылана бастады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үкіметтің бизнеспен бірлесіп маркетплейстер қоймаларына қатысты жағдайдан кейін қолдау көрсетудің түрлі нұсқаларын әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

Ресей Экономикалық даму министрлігі Ozon немесе зардап шеккен сатушылар тиісті өтініш жасаған жағдайда қолдау шараларын қарастыруға дайын екенін хабарлады.

Бұл маңызды шешім дейді сарапшылар. Өйткені мәселе енді тек жеке компанияның сақтандыруы немесе резервтерімен шектелмеуі мүмкін. Егер ірі маркетплейстердің инфрақұрылымына келетін зиян жүйелі сипат алса, мемлекет тарапынан салықтық, несиелік немесе басқа да қолдау құралдары қажет болуы ықтимал.

Соңғы оқиғалар маркетплейс бизнесінің табиғатына қатысты түсінікті өзгертіп отыр. Ozon немесе Wildberries секілді компанияларды көп жағдайда технологиялық платформалар деп қабылдаймыз. Алайда олардың бизнесінің артында миллиондаған шаршы метр қойма, автомобильдер, сұрыптау орталықтары, конвейерлер, серверлік инфрақұрылым және ондаған мың адамның еңбегі тұр.

Ozon компаниясының қаржылық көрсеткіштері оның әзірге айтарлықтай мықты екенін көрсетеді. Миллиондаған тұтынушысы, ауқымды логистикалық желісі және резервтік бағыттарды пайдалану мүмкіндігі бар.

Инвестор үшін енді қоймалардың қайда орналасқаны, олардың қаншалықты қорғалғаны, логистиканың қаншалықты тез қайта құрылатыны және қауіп қайталанған жағдайда компанияның қанша уақыт қалыпты жұмыс істей алатыны да маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, 24 тамыздағы 29 пайыздық құлдырау үлкен сигнал. Ол соғыс тәуекелінің майдан шебінен әлдеқайда алыстағы бизнеске, қоймаға, сатушыға, жеткізу жүйесіне және ақыр соңында компанияның нарықтық бағасына дейін жеткенін көрсетті. Енді ресейлік бизнес үлкен тәуекелдер аясында күн кешпек.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар