Украина соққылары: МӨЗ-дері морт сынған Ресей Түркия мен Қазақстанға алақан жаюда...

Кремльдің төңірегіндегі дөңкейген дөңшеке шенділердің санасында жылдар бойы бұғып жатқан «жаңаимперлік саясат» 2022 жылдан бастап өрескел дөрекі сипатқа ие болды.

1787645799705521.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Ресей Еуропалық интеграция жолын таңдаған Украинаға толық күшпен соғыс ашып, миллиондаған шаңырақты ойран етті. Тұтастай қалаларды үйінді-қирандыға айналдырды. Аналарды жесір етті, балаларды жетім етті. Ең сорақысы жүздеген мың адамды құрбан етті.

ЕКПІНДЕП КЕЛІП, ЕНТІГІП ҚАЛҒАН РЕСЕЙ

Әуелде: «Киевтің күші бізге тең бе, екі шайнап, бір жұтамыз», - деп екпіндей сөйлегендер бүгін ентіккен. «Киевті үш күнде аламызды» айтқалы да аз уақыт өткен жоқ. Үш күн түгілі, бұл сұрапыл соғыс бесінші жылға созылды.

Тіпті, бүгінгі Украина Еуропаға жақындаған үстіне жақындай түсті. Оның армиясы Еуропадағы ең қуатты, ең тәжірбиелі армиялардың біріне айналды. Украинаның от тұмсықты темір құстары (дрондары) жеке армияға атанды. Тіпті, Еуропа елдерінің өзі Украинаның Дрон армиясының тәжірбиесіне жүгінетін жағдай туды. Ал Украина дрондары Ресейдің ең шеткері аймақтарына дейін ентікпей жетіп, Ресей экономикасының күретамыр саласы – мұнай-газ секторын аяусыз шабуылдауда. Ресей МӨЗ-дері соққыдан соққы жеп, жұмысын тоқтатуға мәжбүр. Мұны Кремльдің өзі, президент Путиннің өзі мойындауға, мойындап қоймай өзге жұрттан жанармай сұрауға мәжбүр...

РЕСЕЙДЕ ЖАНАРМАЙ ДАҒДАРЫСЫ ҚАЙТА УШЫҚТЫ

«Reuters» агенттігі: «Ресейдегі Пермь МӨЗ-і жұмысын толықтай тоқтатты», - деп жазды кеше.

Украина дрондары бұл МӨЗ-ге 21 тамызда шабуыл жасаған. Нәтижесінде аталған МӨЗ-де өрт шыққан. Технологиялық қондырғылар зақымдалған. Зауыт қуатының 40%-ын қамтамасыз ететін мұнайды алғашқы өңдеудің басты АВТ-4 қондырғысы тоқтатылған. Зауыт қуатының 34%-ын құрайтын тағы бір қондырғы — АВТ-5 29 шілдедегі шабуылдан кейін тоқтатылған болатын.

Онан соң «Reuters» агенттігі: «72% АЗС-та бензин жоқ: Ресейде жанармай дағдарысының екінші толқыны басталды», - деп жазды.

Қазыргі уақытта ресейлік май құю станцияларының шамамен 28%-ында ғана бензин немесе дизель бар. Жанармай тапшылығын бірнеше өңірдің билігі ресми түрде мойындап отыр. Олардың ішінде Мәскеу мен Мәскеу маңы да бар. Мәскеуде бензин сату тағы да шектелген.

«Дрон шабуылдарынан Ресейдегі 33 негізгі мұнай өңдеу зауытының кем дегенде 24 ірі кәсіпорны соққыға жығылды. Олардың ішінде кем дегенде 13 кәсіпорын ауыр зақымданулар салдарынан өз жұмысын толықтай немесе ішінара тоқтатты», - деп жазды «Дзен».

НАТО-ҒА АЛАҚАН ЖАЙҒАН РЕСЕЙ...

Украина шабуылдарынан соң басталған жанармай дағдарысы Ресейді шын қысқан секілді. Ресей НАТО мүшесі саналатын Түркиядан бензин партиясын алды. «S&P Global Commodities at Sea» мәліметінше, жеткізілім көлемі шамамен 200 мың баррель. Партияны 31 шілдеде түріктің Мерсин портынан шыққан "Wendrix" танкері тасымалдап жатыр.

«Wendrix» танкері Экваторлық Гвинея туымен жүзеді және Ресейдің «көлеңкелі флотына» кіреді. Бұған дейін бұл танкер «Jasper» деп аталған. Ол ЕО, Ұлыбритания, Украина және Швейцария тарапынан салынған санкциялар тізімінде бар.

Шілде айынан бері Ресейге шетелден теңіз арқылы кем дегенде 5 мәрте бензин жеткізілгені белгілі болды. Атап айтқанда: 3 партия бұған дейін Үндістандағы «Вадинар» МӨЗ-інде тиеліп, кейін Мысырда қайта тиеліп, Ресейге жіберілген. Тағы 1 партия Мароккодан алынған. Елде жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттары болмағандықтан, оның қайдан шыққанын анықталмаған.

Дағдарыс қайта күшейді. Ресейдегі жанармай дағдарысы биыл мамыр айында басталған. Шілдеде Путин билігі жағдайдың тұрақталғанын хабарлағанымен, тамызда жағдай қайтадан ушыққан. 10-15 тамыз аралығында кем дегенде Ресейдің 6 аймағы бензин сатуға шектеулер енгізген. Украинаның Ресей МӨЗ-деріне дөп соққылары Ресейде жанармай дағдарысын ушықтырып, Ресейді НАТО еліне алақан жаюға дейін мәжбүрлеп отыр...

РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАННАН КӨМЕК СҰРАУДА...

Ресей қазақстандық «Конденсат» мұнай өңдеу зауытына қолқа салып, Ресей мұнайын өңдеп беруді өтінген. Бұл туралы Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді.

«Біз РФ Энергетика министрлігінен ресми өтініш алдық. «Конденсат» зауыты ресейлік мұнайды өңдеп, өндірілген мұнай өнімдері көлемінің 30%-ын Ресейге жіберетін болады», - деді Ақкенженов.

«Конденсат» АҚ мұнай өңдеу зауыты Батыс Қазақстан облысын дизель отынымен және бензинмен қамтамасыз ету үшін Қарашығанақ кен орнында салынған. 2017 жылы МӨЗ қуатын жылына 650 мыңнан 850 мың тоннаға дейін арттырды.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар