Пашинян Путиннің «достарын» тұтқындауда: Кремль үнсіз...

Соңғы жылдары Еуропаға мықтап бет бұрған Ереван өткенде Ресейдегі елшісін қызметтен алған еді. Сөйтсе, Арменияның Ресейдегі елшісі Гурген Арсенян "ресейшіл" екен. Ереванның еуропалық саясатын ашық сынап, Ресейдің оң қолтығында отыруды ұсыныпты. Мұны білген Ереван, елшіні мандатынан айырып, кері қайтарған...

1787834478253345.jpg

(Суреттер: sputnik.kz, armenpress.am сайттарынан алынды)

Заты Армениядан болса да, Ресейге бүйрегі бұрып тұрған жалғыз бұл Гурген емес. Арменияның қос бірдей бұрынғы президенті де Пашинянға қарсы күресте Кремльдің нұсқауымен жүріп-тұрған. Ереван бұларды да әшкереледі. Сонымен, жүректері Ресей деп соққан Еревандағы экс-екеудің бірі - Роберт Кочерян болса, екіншісі - Серж Саргсян.

РОБЕРТ КОЧЕРЯН - Арменияны 1998-2008 аралығында басқарған. Қарабақ кланының көсемдерінің бірі. Қып-қызыл реваншист. Әзірбайжанның Қарабағы оккупацияда болғанда, дәл осы Кочерян "Таулы Қарабақ Республикасы" деген ешкім мойындамаған ергежейлі "елдің" президенті болған. Жасы жетпістен асса да, Армениядағы ресейшіл күштердің лидері боп жүрген адам.

Бүгін Ереван соты осы Кочерянды "тергеу уағында" деп 2 айға қамады. Оған 3 эпизод бойынша "мансабын асыра пайдаланды" дегенайып, 2 эпизод бойынша "аса ірі көлемде пара алды" деген айып, 4 эпизод бойынша "ақшаны заңсыз жылыстатты" деген айыптар тағылып отыр.

Кочерянмен бірге оның ұлы Сердак Кочерян (Парламент депутаты) да ұсталған. Сердакты тексергенде, ұзын-ырғасы 144 миллиард драм (шамамен 181 миллиард теңге), 309 миллион доллар және 77 миллион еуро көлеміндегі күмәнді қаражат табылған.

Бұлардан басқа, Кочерянның отбасына тиесілі Арменияның өзіндегі және шетелдегі 30-дан астам жылжымайтын мүлік, ірі спорт және ойын-сауық орталықтары тексеріліп, бұғауға алынған.

СЕРЖ САРГСЯН - да оңып тұрған жоқ. Ол Арменияны 2008-2018 аралығында басқарған. Серж Роберттен бір үлкен (72-де). Бұл да Қарабақ кланының өкілі. Реваншист. Тоқсаныншы жылдары Қарабақ сепаратистерінің белді өкілі болған. Қарабақты оккупациялау соғысында әскерді басқарған. 1992-1993 жылдары Әзірбайжанның Қожалы, Шуша, Лашын, Келбажар басып алуға тікелей жауапты болған.

2018 жылы бұл Арменияның премьер-министрі болған. Сол жылы-ақ, халық жаппай наразылыққа шығып, бұны биліктен құлатқан. Сол наразылықтың басында - Никол Пашинян тұрған.

Енді бүгін осы Саргсянды Арменияның Сыбайлас жемқорлыққақ арсы күрес агенттігі тергеуге алып жатыр. Оған "президент болған кезде мансабын асыра пайдаланды" деген айып тағылуда.

Кочерян да, Саргсян да Ресей президенті Путинмен тығыз байланыста болған адамдар. Кочарян билікте болған жылдары Армения экономикасына Ресей капиталы жаппай ене бастады. Дәл осы Кочарян тұсында Армения мен Ресей арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық ең жоғары деңгейге жетіп, Гюмридегі 102-ші Ресей әскери базасының рөлі нығайды.

Кочарян бір сұхбаттарында Путин екеуінің достығы ерекше екенін, тіпті бір-біріне ешқашан өтірік айтпағанын және қарым-қатынастарының өте шынайы болғанын айтқан.

Ал Саргсян тұсында Армения Еуроинтеграциядан бас тартып, Путиннің бастамасымен құрылған "Кедендік одаққа" және ЕАЭО-ға мүше болуды таңдады. Саргсян билігі кезінде Ресейдің Армениядағы 102-ші әскери базасының мерзімі 2044 жылға дейін ұзартылды.

Енді екеуіне де тықыр таянды. Путин өзінің Оңтүстік Қапқаздағы, Армениядағы ең сенімді екі серігін құтқара ма, әлде тағдыр тәлкегіне тастап кете бара ма?

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар