Трамптың жоспары болмады: Зеленский келіссөзді, Путин соғысты таңдады...

Әлгінде ғана АҚШ-тің дәу дөкейі мінген дәу қара әскери ұшақ («C-17 Globemaster III» әскери ұшағы) Мәскеуге барып қайтқанын білесіздер. Бұл ұшақтағы адам – АҚШ-тың Орталық барлау қызметінің (СІА) басшысы Жон Ретклифф болды.

1788165379337813.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

РЕТКЛИФФТІҢ САПАРЫ: МӘСКЕУ КЕЛІССӨЗГЕ КӨНЕ МЕ?

Әуелде «The Times» басылымы бұл сапардың барысы жайлы өз долбарын жариялап: «Украина Трамптың өкілдерімен және еуропалық шенеуніктермен бірге соғысты тоқтату жоспарын әзірледі. Құжатта ұрысты тоқтату, ресейлік және украиндық әскерлерді майдан шебінен кері шегіндіру және буферлік аймақ құру қарастырылған. Бұл ретте америкалық тараптың кейінірек ұсынылатын тағы бірнеше идеясы бар. Бұл жоспарды талқылауға Ватикан да қосылуы мүмкін», - деп жазған.

Ал «The Wall Street Journal» басылымы: «АҚШ Орталық барлау басқармасының (ОББ) басшысын Мәскеуге Трамптың өзі жіберген, алайда бұл туралы өзінің жақын көмекшілері мен әскери қолбасшыларына алдын ала ескертпеген. Сапар барысында Ретклифф Сыртқы барлау қызметінің (СВР) және ФСБ директорлары Сергей Нарышкинмен әрі Александр Бортниковпен кездесті», - деп жазды.

«Axios» басылымы: «Ол ресейлік арнайы қызмет басшыларының Путинді соғысты аяқтау жөніндегі келіссөздерге қайта оралуға көндіре алу-алмау мүмкіндігін анықтауға тырысқан», - деп жазады.

«The New York Times» басылымының мәліметінше, Ретклифф Бортниковке Ресей армиясы мен экономикасының болашағына қатысты «негативті болжам» айтып, жағдай Мәскеу үшін қатты ушығып, тым кеш болмай тұрғанда келісімге келуге шақырған.

КИЕВ: МӘСКЕУ КЕЛІССӨЗГЕ МҮЛДЕ ДАЙЫН ЕМЕС!

АҚШ Орталық барлау басқармасы басшысының Мәскеуге сапарынан кейін Украина Президенті кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов сөйледі. АҚШ-тың арағайындығымен тараптар делегацияларының кездесуі қыркүйек айында өтуі мүмкін екенін айтты. Дегенмен Киев «Мәскеу келіссөзге дайын емес» деп есептейді. Украина тарабы Ресей президенті Путиннің өз әскеріне арнайы тапсырма беріп, Украинаның солтүстігіне, соның ішінде Киев пен Чернигов бағытына қайта шабуылдаудың бірнеше сценарийін әзірлеуді тапсырғанын мәлімдеді.

Тағы бір айта кетерлігі, Кремль әлі де болса Донбассты толық алуды талап етуде. Ал қазір Украина Қарулы Күштері бұл аймақтың шамамен 20%-ын өз бақылауында ұстап отыр.

МӘСКЕУ ТАҒЫ ДА БЕТ БАҚТЫРМАЙ ОТЫР...

Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Путинге соғысты аяқтауды талқылау үшін Трамппен және Зеленскиймен кездесудің түк пайдасы жоқ», - деп мәлімдеді.

«Сіздер біздің президенттің ұстанымын жақсы білесіздер: Мұндай кездесу тек қол жеткізілген келісімдерді бекіту үшін ғана өтуі мүмкін. Ал келісім дегеніміз – қарапайым ғана мәміле емес, ол сан алуан мәселелерден тұратын өте күрделі реттеу процесі», – дейді Песков.

Кремль өкілі АҚШ Орталық барлау басқармасының басшысы Жон Ретклиффтің 25 тамызда Мәскеуге жасаған құпия сапары барысында үш ел лидерлерінің саммитін өткізуді ұсынғаны туралы ақпаратқа осылайша түсініктеме берді.

Бұған дейін «Axios» басылымының жазуынша: Трамп 2025 жылдың тамызында-ақ Путинмен және Зеленскиймен үшжақты саммитке дайындықты бастап кеткен. Ол бұл кездесуді екі апта ішінде өткізуді жоспарлаған. Дегенмен бұл форматтағы жүздесу осы күнге дейін өткен жоқ.

Осы жылдың маусымында Зеленский Путинге кезекті рет ашық хат жариялап, Ресей президентіне соғысты аяқтау туралы келісу үшін жеке кездесуді ұсынған. Путин бұл үндеуден «әдепсіздік нышандарын» көріп, кездесуден бас тартқан.

Осылайша, Кремль кезекті рет бейбіт келіссөздерге үзілді-кесілді «жоқ» деп жауап берді. Сарапшылар мен геосаяси бақылаушылар бұл жағдайға қатысты мынадай маңызды факторларды атап өтуде:

Біріншіден – АҚШ барлау қызметі Мәскеуге соғысты тоқтатудың соңғы мүмкіндігі ретінде «негативті болжамын» ұсынып, Ресей экономикасы мен армиясының болашақ тәуекелдерін ескерткен.

Екіншіден – Мәскеудің әуелгі талаптары еш өзгермеген. Бұл болжалды келіссөздерді қиындата түспек. Тараптар арасында ымыраға келу нышандары әлі байқалмайды. Ресей территориялық талаптарынан қайтқысы келмейді, ал Киев соғысты өз шарттарымен аяқтауды көздейді.

ПУТИННІҢ 15-ШІ УЛЬТИМАТУМЫ:

Қазір соғыс майданындағы астыртын бұрылыстар мен геосаяси интригалар қыза түсті. Сoғысты зерттеу институтының (ISW) соңғы аналитикалық баяндамасында елең еткізерлік деректер жарияланды.

Ресейдің саяси басшылығы әскеріне 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін Донецк мен Луганск облыстарының әкімшілік шекарасына толық шығуды талап еткен бұйрық түсірген. Бұл — РФ президентінің Донбасты басып алуға қатысты армиясына қойған 15-ші шектік мерзімі. Бұған дейінгі 14 мерзімнің барлығы сәтсіз аяқталған еді. Сарапшылардың пікірінше, бұл талап та әскери шындыққа жанаспайтын кезекті иллюзия.

Сарапшылардың пікірінше, Ресей қазір жасырын мобилизацияға қызу дайындық жүргізуде. Ресей Қорғаныс министрлігі азаматтардың жеке әрі медициналық деректер базасына қолжетімділікті кеңейтуді ұсынды. Бұл — алдағы мәжбүрлі мобилизацияның алғашқы дайындық қадамы болмақ.

Ал майдан шебіндегі қазіргі ахуал Мәскеудің пайдасына шешілмей тұр. Әскери аналитиктердің бағалауынша: Украина қарулы күштері Доброполье бағытында сәтті қарсы шабуыл жасап, бекіністерді бұзып өткен. Ал Мәскеу Лиман бағытына шетелдік жалдамалы сарбаздарды жинап, жаңа шабуыл толқынына дайындалуда. Осылайша, тап қазір қандай да бір келіссөздердің ауылы алыста екені анық байқалады.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар