Ресейдің әскери-саяси билігінің күні-бүгінге дейін Украинаға қарсы басқыншылық соғыстан бас тартпай, келіссөзден кеткектеп, «кежегесін кері тартуы» - Киев, Уашингтон мен Мәскеудің ғана емес, өзге де өркениетті әлемнің мазасын алуда.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Кеше Бішкекте жиылған ШЫҰ басшыларының кезекеті басқосуында Үндістан премьері Нарендра Моди Ресей президенті Путинге қатты айтты.
МОДИ ПУТИНГЕ: СОҒЫСТЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК!
Киев пен Еуропаны айтпағанда, Ресей президентіне соғысты тоқтату туралы ұсынысты осыған дейін АҚШ та, Түркия мен Қазақстан да айтқан. Енді бұл санатқа Үндістан да қосылды.
Бішкектегі жүзбе-жүз жүздесуде Моди Путинге:
«Соғыстың әрбір күні адамзатты кейінге шегіндіреді, ал бейбітшілікке қарай жасалған әрбір қадам бүкіл адамзатқа шынайы үміт сыйлайды. Біз енді осыншаға созылған соғыстың аяқтап, әскери қимылдарды тоқтатуымыз керек. Енді осы бағытта қозғалуымыз қажет. Бұл бүкіл адамзат үшін өте маңызды. Барлық мәселені бейбіт жолмен шешуіміз керек, бұны бүкіл адамзат талап етуде. Бұл Үндістанның жолдауы: Үндістан — Гандидің, Будданың елі, біздің үндеуіміз осы», - деді Нарендра Моди.
Путин қазір 73-те. 1999 жылдан бастап билікте. Халқы - шамамен 143 млн адам. Ядролық держава басшысы. Ал Моди - 75-те. Билікте 12 жыл. Халқы - шамамен 1,4 млрд адам. Ол да ядролық держава басшысы.
Дели Ресейге қарсы санкцияларға қосылмай, дербес позиция ұстанғанымен, Батыспен тығыз байланысты да басты орынға қоятын ел. Мұнайды осыған дейін негізіген Ресейден алып келген. Соңғы бір жылда АҚШ-тың қыспағымен, Ресейден импортты азайтып, балама нарықтарға көшуде. Дели қару-жарақты да бұрын Ресейден көп алатын. Қазір бұл сала да біртіндеп тепе-теңдікке көшуде.
Дели Мәскеумен ШЫҰ, БРИКС арқылы байланысса, ал АҚШ, Жапония, Аустралиямен Үнді-Тынық мұхитының қауіпсіздігіне жауапты QUAD алянсы арқылы байланыста.
«ҚЫРЫҚ КІСІ БІР ЖАҚ, ҚЫҢЫР КІСІ БІР ЖАҚ»: ПУТИНГЕ АЙТЫЛҒАН ҮНДЕУЛЕР
Ресей президенті Путинге соғысты тоқтату туралы үндеуді жалғыз Үндістан премьері Моди айтқан жоқ.
2022 жылдан бері АҚШ, ЕО және G7 елдерінің президенттері мен премьер-министрлері Мәскеуге кезек-кезек үндеулер жасап, Украина майданынан әскерді толық шығаруды және Украинаға қарсы агрессияны тоқтатуды талап етіп келеді.
Биыл шілдеде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Ресей президенті Путинге көзбе-көз соғысты уақытша тоқтатып, келіссөздерді бастау туралы ұсыныс айтқан.
Омбыда өткен Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастық форумы кезінде Тоқаев Украинадағы соғысты «тоқтату керек» екенін, өйткені «бұл қақтығыстың табиғаты көбісі үшін өте түсініксіз» екенін айтты.
«Мүмкін, бұл қақтығысты тоқтатып, «Ыстамбұл формуласы 2.0-ге» қайта оралған жөн шығар, өйткені онда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген еді. Әрине, ұлы державалардың кепілдігімен жүзеге асырылуы керек. Содан кейін көптен күткен бейбітшілікке қарай жылжу керек», - деген еді Қазақстан президенті.
Осыдан тұп-тураы бір жыл бұрын Қытай төрағасы Ши де Қытайдың Украина дағдарысында бейбіт келіссөздерді жақтайтынын айтқан.
«Күрделі мәселелердің қарапайым шешімі болмайтынын» атап өткен Ши Жинпин Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, Қытайдың Украина дағдарысына қатысты ұстанымы өзгеріссіз қалатынын және бейбіт келіссөздерді, дауды саяси жолмен шешуді қолдайтынын айтты.
ТОҚАЕВ: СОҒЫС АЙМАҒЫ КЕҢЕЙІП ЖАТЫР...
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкектегі ШЫҰ саммитінде геосаяси текетірес пен әскери тәуекелдерді азайтуды ұсынды.
«Әсіресе, қарулы қақтығыстардың салдары көбіне әскери іс-қимыл аймақтарынан тысқары жерді шарпып, халықаралық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, орнықты энергетикалық және көлік байланыстарына нұқсан келтіріп жатқаны алаңдатады. Сонымен қатар дағдарыстың трансшекаралық сипатта белең алу қаупі күшейіп келеді», - деді Тоқаев.
УКРАИНА НЕ ДЕЙДІ?
Украина тарапынан келіссөздер жүргізу туралы ұсыныстардың нақты саны белгісіз. Себебі Киев 2022 жылдан бері әртүрлі деңгейде, әртүрлі алаңдарда, әртүрлі мінберлерде диалогқа дайын екенін ондаған рет мәлімдеді.
2022 жылдың басында Украина президенті Зеленский Ресей президенті Путинді соғыс қимылдарын тоқтатып, келіссөз үстеліне отыруға көпшілік алдында да, дипломатиялық арналар арқылы да бірнеше рет шақырды. Осы кезеңде қос мемлекеттің (Украина мен Ресей) делегациялары бірнеше кезек бетпе-бет келіссөздер өткізген (Беларусьте және Түркияда).
Онан соң 2022–2024 жылдар аралығында жағдай ушыға түсті. 2022 жылдың қыркүйегінде Ресей Украинадан заңсыз аннекциялаған, оккупациялаған аймақтарды өз Конституциясында «Ресей жерлері» деп бекітті. Бұған жауап ретінде Украина Владимир Путинмен келіссөздер жүргізуге заңнамалық түрде тыйым салды. Дегенмен Украинаның ресми тұлғалары үшінші елдердің арағайындық жасауымен дипломатиялық келіссөздергі талпыныстар жасады. Кейінгі 2025–2026 жылдар аралығында да бейбіт келіссөздерге талпыныстар болды. Алайда, Украина мен Ресей билігі ортақ мәмілеге келер сыңай танытпай отыр. Ресей әуелгі талаптарынан қайтпайтынын ашық айтты. Ал Украина ол тараптарды орындауға құлық білдірмеді.
Mezgil.kz