Астық бар, нарық жоқ: Ресейде диқандар дабыл қағуда, ал дрондар сойқан салуда!

Ресейдегі диқандар дабыл қағуда. Астық жинау украин дрондарының шабуылынан кейін қиындап кеткенін айтуда. Бір жағынан – дизель отынының тапшылығы мен қымбаттауы үлкен мәселеге айналса, екінші жағынан – астықты сыртқы нарыққа шығаратын теңіз логистикасының бұзылуы да бас қатырар мәселе болып тұр. Үшінші жағынан – ішкі нарықтағы бағаның құлдырауы да байқалады. Яғни шаруалар бір мезетте әрі өндіріс шығынының өсуімен, әрі дайын өнім бағасының төмендеуімен бетпе-бет келіп отыр.


ChatGPT Image 1 сент. 2026 г., 14_46_47.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Егінді дер кезінде жинамасаң, өнімнің бір бөлігі алқапта қалуы немесе сапасын жоғалтуы мүмкін. Биыл Ресейдің бірқатар оңтүстік өңірлерінде дәл осындай жағдай қалыптасқан. Краснодар өлкесіндегі диқандар егін жинау мерзімінің кешіккенін айтуда. Ставрополь өлкесінде кейбір диқандар әдетте шілденің басында жиналатын өнімді әлі де орып, жинауда. Піскен астық алқапта неғұрлым ұзақ тұрса, соғұрлым тәуекел артады. Жаңбыр жауса, бидай төгіліп, сапасы төмендейді. Ал сапаның төмендеуі бірден бағаға әсер етеді.

 

Жанармай тапшылығы да ауыл шаруашылығына бірден екі бағыттан қысым жасап отыр. Жанармайды табу қиын, табылған күннің өзінде бағасы аспандап тұр.

 

Ростов облысындағы диқандардың айтуынша, былтыр тамызда келісі 14-15 рубль болған бидай қазір 5-6 рубльге дейін түскен. Ал оны өсірудің өзіндік құны шамамен 10 рубль. Демек, шаруалар өнімді өндірген бағасының жартысына жуық құнға сатып отыр. Бұл диқандар үшін шығын деген сөз.

 

Астықты қоймаларда жинау да қиын мәселеге айналуда. Өйткені қоймалардың сыйымдылығы шектеулі.  Сол себепті де шаруалар астықты тым арзан бағаға сатып жатыр. Ростов облысы астық одағының мәліметінде ішкі нарықтағы баға тоннасына 6-12 мың рубльге дейін түскені, ал өзіндік құн 10-12 мың рубль шамасында екені айтылған. Кейбір шаруашылықтар жалақы төлеу, жанармай, қосалқы бөлшек сатып алу және күзгі егіске дайындалу үшін астықты келісіне 7 рубльден де төмен бағамен сатуға мәжбүр болуда.

 

Қазіргі таңда әлемдік нарықта астық бағасы өсіп келеді. Тамыздың басындағы көрсеткіш қаңтардағы деңгейден 25 пайызға жоғары болды. Бұл соңғы екі жылдағы ең жоғары баға.

 

Ресейдің оңтүстік өңірлері астық экспорты бойынша теңіз жолдарына тәуелді. Бұған дейін өндірілген астықтың жартысынан астамы Жерорта теңізі елдеріне және одан әрі шығысқа жөнелтілетін. Енді Қара және Азов теңіздеріндегі логистиканың бұзылуы осы тізбекті үзді.

 

Новороссийскідегі үш ірі астық терминалы жылына 18-19 млн тонна астық өңдеуге қауқарлы. Бұл Ресейдің жалпы астық экспортының шамамен үштен бірі деген сөз. Сондықтан мұндағы кез келген іркіліс бүкіл нарыққа әсер етеді. Тамыздың 12-сіне қараған түні Новороссийск портындағы екі ірі астық терминалының жұмысы тоқтағаны туралы ақпарат тарады. Ал Азов теңізіндегі навигация шілдеден бері жабық тұр. Украина аталған аймақтағы астық тасымалын тежеу мақсатында порттар, кемелер мен терминалдарға дрондармен соққы жасауда.

 

Ресей билігі астық экспортын оңтүстік порттардан Балтық бағытына ауыстыруды ұсынып отыр. Бірақ бұл логистиканы қымбаттатады. Ал Балтық порттағы аса көп көлемде астық қабылдауға қауқарсыз. Сарапшылардың есебінше, мұндай жағдайда экспорт шығыны тоннасына 35-50 долларға өседі. Себебі теміржол тасымалына қайта тиеу мен сақтандыру шығындары қосылады. Оның үстіне Балтық порттары қазірдің өзінде Орталық Ресей, Еділ бойы, Орал және Сібір өңірлерінің астығын тасымалдап отыр. Оңтүстіктің астығын солтүстікке бұру осы өңірлердің өндірушілеріне де қысым түсіруі мүмкін.

 

Сарапшылар мыңдаған диқанның 2027 жылы егін екпейтінін айтуда. Себебі биылғы дағдарыстан кейін, шығынға батқан диқандардың көбі астық егуге қаржы таппауы мүмкін. Бұл мыңдаған шаруаның жұмыссыз қалуына әкелуі ықтимал. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар