Қаңтарда АҚШ-тың арнайы жасағы Каракастағы Николас Мадуроның резиденциясына басып кірді. Мадуроны тұтқындап, АҚШ аумағына жеткізді. Осылайша Венесуэлада жаңа саяси кезең басталды. Енді Уашиңтон мен Каракас өзара әріптестік орнатып, келіссөздер жүргізуде. Соның ішінде Венесуэла мұнайын бірлесе өндіру келісімі де бар.

(Сурет Жи арқылы жасалды)
Күні кеше Каракаста АҚШ-тың энергетика министрі Крис Райттың қатысуымен Венесуэланың мұнай секторына қатысты ірі келісімге қол қойылды. Құжат бойынша АҚШ бақылауындағы компанияға Венесуэладағы 17 мұнай кен орнын игеруге 100 жылдық концессия беріледі. Бұл кен орындарының жиынтық қоры шамамен 65 миллиард баррельге бағаланады. Яғни, әңгіме Венесуэланың дәлелденген мұнай қорының бестен бірінен астамын құрайтын стратегиялық ресурс туралы болып отыр. Бұл өте үлкен келісім саналады. Сарапшылар тіпті «мұнай тарихындағы ең үлкен келісім» деп сипаттауда.
АҚШ пен Венесуэла билігі келісімді екі тарапқа да тиімді тарихи қадам ретінде бағалауда. Дональд Трамп оны «әлем тарихындағы ең ірі мұнай келісімі» деп атады. Ал Венесуэланың уақытша президенті Делси Родригес бұл келісім елге 100 миллиард доллар инвестиция тартуға және 200 миллиард доллардан астам салық түсімін алуға мүмкіндік береді деп мәлімдеді.
Алайда келісімнің ауқымы өскен сайын оған қатысты күмән де күшейіп отыр. АҚШ-тың Венесуэла жөніндегі бұрынғы арнайы өкілі Эллиот Абрамс бұл мәмілені ашық сынады. Оның пікірінше, Родригес елдің ұлттық байлығының шамамен 20 пайызын іс жүзінде өтеусіз беріп отыр. Абрамс мұны Уашиңтонның талаптарын орындауға мәжбүр болған Каракас билігінің біржақты шегінісі деп бағалайды.
Келісімнің құрылымына қатысты да назар аударарлық жайттар бар. Ақ үй таратқан қысқаша анықтамаға сәйкес, АҚШ Венесуэланың мұнай саласындағы мүдделерін North American Blue Energy Partners, яғни Nabep атты жеке компания арқылы жүзеге асырады. Бұл компания қазір Венесуэлада мұнай өндіру көлемі жөнінен Chevron-нан кейінгі екінші ірі жеке өндіруші саналады.
Келісім АҚШ әкімшілігіне компания директорларының кез келгенін тағайындауға вето қою құқығын береді. Сонымен қатар директорлар кеңесінің мүшелерінің басым бөлігі АҚШ азаматтары болуы тиіс. Осылайша келісім Венесуэланың стратегиялық энергетикалық активтерін басқару тетіктеріне АҚШ-тың айтарлықтай ықпалын бекітеді.
Бұл келісімнің Уашиңтон үшін экономикалық қана емес, геосаяси мәні де зор. АҚШ пен Иран арасындағы соғыс салдарынан мұнай бағасы көтеріліп тұрған жағдайда Венесуэладағы өндірісті ұлғайту Америка экономикасы үшін маңызды болуы мүмкін. Әлемдік нарыққа Таяу Шығысқа балама мұнайдың көптеп сатылуы Парсы шығанағына тәуелділікті азайтып, энергетикалық нарықтағы қысымды бәсеңдетуге мүмкіндік береді.
АҚШ ішкі істер министрі Даг Бергум Fox Business телеарнасына берген сұхбатында келісім жаһандық энергетика нарығының геосаяси орталығын Таяу Шығыстағы «тар өткелдерден» Батыс жартышарына қарай қайта жылжытуы мүмкін екенін айтты.
Дональд Трамп мұнай келісімі екі-үш жылдың ішінде пайда әкеле бастайды деп есептейді. Энергетика саласының сарапшылары болса, мұндай оптимизмге күмәнмен қарайды. Венесуэланың мұнай өнеркәсібі бірнеше жыл бойы инвестиция тапшылығынан, инфрақұрылымның тозуынан және өндірістік қуаттың құлдырауынан зардап шекті. Сондықтан мұнай өндіруді бұрынғы деңгейге қайтару үшін орасан зор қаражат пен уақыт қажет.
Райс университетіндегі Бейкер институтының сарапшысы Луис Пачеконың бағалауынша, Венесуэладағы мұнай өндірісін отыз жыл бұрынғы деңгейге жеткізу үшін алдағы сегіз жыл ішінде шамамен 100 миллиард доллар инвестиция салу қажет.
Венесуэланың оппозициясы Делси Родригес пен Дональд Трамп арасындағы жаңа серіктестіктің саяси салдарына алаңдайды. Венесуэлалық экономист Рикардо Хаусманн АҚШ-ты отарлаушы ретінде сипаттап, мақала жазды.
2008 жылдың басында Уго Чавес өзінің әйгілі «Алло, президент» бағдарламасын Ориноко өзенінің мұнайға бай белдеуінен бастады. Бұл Чавес америкалық ExxonMobil компаниясынан тартып алып, мемлекет бақылауына берген кен орындарының аумағы саналатын. Сол кезде Чавес жұмысшылар алдында сөз сөйлеп, елдің мұнай байлығын өз қолына алғанын және енді оны ешқашан шетелдік күштерге бермейтінін мәлімдеді.
Арада он сегіз жылға жуық уақыт өткенде тарихтың бағыты күрт өзгерді. Чавестің өзі жеке таңдаған саяси мұрагерлерінің бірі Делси Родригес енді Уашиңтонмен жүз жылдық мұнай концессиясына қол қойып отыр. Кезінде АҚШ компанияларынан тартып алынған стратегиялық активтерге енді америкалық капитал қайта оралуда.
Келісімнің аясында Қытай мен Ресейдің мұнай компаниялары Венесуэлада мұнай өндіруді азайтады. Бұл геосаяси тұрғыдан АҚШ-тың үлкен жеңісі дейді мамандар. Ал Уашиңтон Венесуэла мұнайын иемдену арқылы, АҚШ-тың мұнай қорын екі есеге ұлғайту мүмкіндігін алуда.
Mezgil.kz