Тұтқындар көрген тамұқ: Мыңдаған адам қырылып жатыр! Дрондар құстардан көп!

The Sunday Times басылымы Ресей әскері құрамында соғысып, кейін Украинаның тұтқынына түскен африкалықтар туралы жазды. Украинадағы тұтқындар лагерінде Африканың бірнеше елінің азаматтары отыр. Олар соғыстағы сұмдық пен Ресей әскерінің құрамына қалай қосылғаны туралы айтып берді. Қысқаша баяндасақ.


ChatGPT Image 7 сент. 2026 г., 14_13_36.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Тұтқындардың көбі Ресейге жұмыс іздеп келген. Кейін кейбірі бопсаның құрбаны болып, Ресей әскеріне қосылған. Енді бірі қомақты қаржыға қызығып, соғысқа келісімшарт арқылы аттанған. Кейбірі Ресейдің заңына сәйкес істі болып, кейін түрмені емес, майдан даласын таңдаған. Түрлі тағдырлар майдан даласында тоғысып, кейін украин тұтқынына түскен.

 

Тұтқындар лагерінің бірі Киев маңында орналасқан. Нақты мекен-жайын Украина тарапы жария етпейді. Лагерьде 1000-нан астам тұтқын отыр. Олар Орталық Азия, Африка, Таяу Шығыстың азаматтары. Оның ішінде тұтқынға түскен Солтүстік Кореяның екі азаматы да бар. Жалпы бұл тұтқындар лагерінде 22 елдің азаматы жазасын өтеуде.

 

Сарапшылардың пікірінше, Ресей кемі 44 елден 30 мың адамды соғысқа тартқан. Олардың бірнеше мыңы Африкадан келген. Солардың бірі Тинаше. Зимбабве елінің 37 жастағы азаматы. Оның әйелі және үш баласы бар. Ресейге жұмыс іздеп келіп, кейін майдан даласынан бірақ шықты. Тинаше Ресейде келісімшарт жасасып, 20 мың доллар табуға болатыны жайлы ақпаратты оқып, кедейліктен құтылу жолын ойлаған.

 

«Мен Facebook-тен Мәскеудегі әкімшілік санаттағы қызметкерлерге қомақты қаржы төленетінін оқыдым. Жекеме хат та келді. Зимбабве мен Ресей жақсы қарым-қатынас орнатқан елдер ғой. Сол үшін де мен қандай да бір алаяқтық немесе қауіп бар деп ойлаған жоқпын. Ресейге кету шешімі менің әйеліме ұнаған жоқ. Алайда кедейліктен шығу керек болды», - дейді ол.

 

Мәскеуге дейін ұшақ билетін ресейлік әскери төлеген. Мәскеуге жеткен сәтте, Тинашенің паспорты мен телефонын алып, оны автобусқа отырғызып, әскери дайындық лагеріне апарған. Орыс тілінде жазылған келісімшартқа қол қойдырған. Тинаше орысша мүлде білмейтінін және аталмыш шартта не жазылғанын түсінбегенін айтуда.

 

«Олар біздің киімімізді алып қойды. Орнына әскери форма берді. Біз лагерьде 8 күн болдық. Әр күн сайын автобуспен жаңа адамдарды әкеліп отырды. Олардың көбі Африкадан еді. Соның ішінде онға жуық Зимбабве азаматы болды. Біздің бәрімізді алдап соқты», - дейді ол.

 

Тағы бір тұтқын ботсваналық Роберт. Оның жасы 49-да. Ботсванада архитектор болып жұмыс істеген. Алайда Еуропаға барып, жалақысы жақсы жұмыс істеуді ойлаған. Тіпті бір компанияны да тауып, келіскен. Компания өкілдері Еуропаға Доха арқылы ұшу керектігін айтқан. Дохаға жеткен сәтте, Ирандағы соғысқа байланысты Польшаға Мәскеу арқылы бару керектігін түсіндірген. Ал Мәскеуге жеткен сәтте, ол өзінің алданғанын түсінген. Алайда ол сәтте бәрі кеш еді.

 

«Ресейде бізді күтіп алып, автобусқа отырғызып, жатақханаға апарды. Жатақханада өзге де азаматтар бар еді. Үш күннен кейін бізді Донецк облысына жіберді. Украина аумағына жеткен сәтте, ресейлік әскерилер бізді жинап алып, былай деді: «Енді сендер соғыстасыңдар! Енді сендер орыс жауынгерісіңдер! деді» - дейді ботсваналық. Осылайша Роберт соғысқа тап болған. Ол майдан даласындағы сұмдықтар жайлы да айтты. «Бұл нағыз тозақ. Нағыз тамұқ. Мен майдан шебінде мыңдаған адамның мәйітін көрдім. Мыңдаған адамның мәйіті шашылып жатыр», - дейді ол.

 

Қаңтар айында әлеуметтік желіде әлемді дүр сілкіндірген видео жарияланды. Ресейлік әскери форманы киген жігіт, кеудесіне мина байлап алып, майдан даласында жүрген видео тарап кетті. Кейін ол жігіттің кім екені анықталды. Ол 35 жастағы кениялық Фрэнсис Ндунгу Ндаруа болып шықты. Видеода ол ресейлік сарбаздардан өзін қорламауды сұрайды. Ал сарбаздар жауап ретінде оны «тірі мина» ретінде қолданатынын айтып, күлкі етеді. Бұл видео бірнеше халықаралық сайттарда да жарық көрді. Қазіргі таңда Фрэнсис Ндаруаның тағдыры белгісіз.

 

Ботсваналық Роберт те осыған ұқсас оқиғаны баяндап берді. Ол командирлер ең алдымен африкалықтарды миналы алқаппен жүргізіп, әскери бөлімшелерге жол ашпақ болғанын айтты.

 

Тұтқындағы африкалықтар майдан даласындағы нағыз қырғын жайлы айтуда. Роберттің сөзінше, Донбасс бағытында соғысқан бөлімшелердің бірі, ұрыс даласына 90 адамды жіберіп, бір күннен кейін тек екі адам ғана тірі келген сәттер болған. Дрондардың саны кей бағытта құстардан да көп дейді ол. Майдан даласында алға жылжу өте қиын екенін айтып, соғыстың еш мәні жоқтығын мәлімдеуде.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар