Ресейдің Украинаға қарсы соғысы төрт жылдан астам уақыт ішінде табиғаттың да тас-талқанын шығарды. Ормандар өртенді, топырақ ауыр металдармен және жанармай қалдықтарымен ластанды, өзендерге өндірістік және тұрмыстық қалдықтар түсті, қорықтар миналанды, ал Қара және Азов теңізі әскери жарылыстар, кемелер, мұнай өнімдері мен химиялық ластанудан зардап шекті.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Бомба түскен ғимараттың қирандысын бірден көруге болады. Ал топыраққа сіңген ауыр металл, өзен түбіне шөккен мұнай өнімі немесе миналы алқаптың зардабы бірнеше жылдан кейін байқалады.
Украина билігінің дерегіне сүйенсек, соғыстың алғашқы 1000 күні ішінде, табиғатқа келтірілген экологиялық зиян шамамен 71 млрд доллар деп бағаланды. Сол кезеңде соғыс пен өрттен атмосфераға шамамен 180 млн тонна CO₂-баламалы парниктік газ шығарылған. Соның ішінде соғыс салдарынан ормандардың көміртекті сіңіру қабілеті төмендеп, шамамен 3 млн гектар орман зардап шеккені айтылды.
2025 жылдың басында Украина тарапы 7500-ден астам экологиялық құқық бұзушылық тіркелгенін және олардың экономикалық бағасы 82 млрд еуродан асқанын хабарлады. Бұл есепке Каховка су бөгетінің Ресей әскері тарапынан қасақана қиратылуы, Керчь бұғазындағы мазуттың төгілуі, өнеркәсіптік нысандардың жойылуы және басқа да оқиғалар кіреді.
2026 жылы жарияланған ғылыми зерттеуде жаңа деректер айтылды. Спутниктік түсірілімдер мен институционалдық деректерді біріктірген талдау Украинада жер жамылғысының өзгеруі, топырақтың бұзылуы, орман өрттері, су жүйелерінің трансформациясы және биоалуантүрліліктің жоғалуы кең ауқымды сипат алғанын анықтады.
2025 жылдың ақпанына қарай спутниктік бақылаулар Украина аумағындағы өрт шамамен 13600 шаршы шақырым жерді қамтығанын көрсетті. Бұл ел аумағының орасан бөлігі деген сөз. Соғысқа байланысты өрт сөндірушілер қызыл жалынды дер кезінде сөндіре алмауда. Оның үстіне ресейлік дрондар өрт сөндіру көліктері мен өрт сөндірушілердің өздеріне де соққы жасауда.
Conflict and Environment Observatory ұйымының бағалауынша, Украинадағы табиғат үшін маңызды аумақтардың шамамен 7,5%-ы майдан шебіне жақындығына байланысты зардап шеккен. Ал экологиялық тұрғыдан маңызды аумақтардың шамамен 19%-ы биліктің толық бақылауынан тыс қалған.
2023 жылғы 6-маусымда Каховка су бөгетінің қирауы соғыстың экологиялық салдарының символына айналды. Бөгетті Ресей әскері жарып жіберген болатын. Бөгеттен аққан су елді-мекендер мен орманды алқапты шайып өтті. Ал Каховка су қоймасының өзі құрғап қалды.
Соғыс Қара теңіз бен Азов теңізінде де табиғатты жойып жатыр. Әскери кемелердің жүзуі, теңіз дрондарының соққылары, суасты жарылыстар, миналар және зымыран соққылары теңіздегі акустикалық ортаны өзгертуде. Дельфиндер мен теңіз шошқалары дыбысты бағдарлау, қорек табу және бір-бірімен байланысу үшін пайдаланады. Енді теңіз жануарларлы осының кесірінен қырылып жатыр. 2022 жылы Қара теңіз жағалауында зерттеушілер үш ай ішінде шамамен 2500 өлі дельфин мен теңіз шошқасын тапты. Яғни, соғыстың алғашқы үш айында-ақ теңіз жануарлары қырыла бастағаны анықталды.
Соғысқа байланысты, Қара және Азов теңізінде кемелер ұдайы соққыға ұшырап, мұнай теңізге төгілуде. Оның адамға да, балықтар мен құстарға да, теңіз жануарларына да зияны орасан. Мамандар алдағы уақытта аталмыш су айлақтарында жаппай балықтардың қырылу фактісі тіркелуі мүмкін деп топшылауда.
Осылайша, Ресейдің Украинаға бастаған соғысы табиғаттың да тас-талқанын шығаруда. Мәскеу агрессорлық әрекеті арқылы адамзатты ғана емес, жануарларды да қырып жатыр.
Mezgil.kz