Украина Қарулы күштерінің Үшінші армиялық корпусының қолбасшысы, генерал Андрей Билецкий 7-қыркүйекте Донецк облысындағы Святогорск қаласының орталығынан видео жариялады. Ресей Қорғаныс министрлігі де, Ресей президенті Владимир Путиннің өзі де бұған дейін бұл қаланы басып алғанын ресми жариялаған еді. Алайда украин жасақтары кезекті мәрте Путинннің өтірігін әшкереледі. Бұл туралы ВВС басылымы жазды.
(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
OSINT-зерттеушілердің мәліметінше, украин әскері Лиман бағытында қарсы шабуыл операциясын жалғастырып жатыр. Тәуелсіз әскери сарапшылар украин әскерінің бұл бағытта айтарлықтай жетістікке жеткенін жазуда. Украинадағы BBC қызметінің дереккөздері бұл бағыттағы «құпия операцияның әлі де жалғасып жатқанын» атап өтті.
Владимир Путин Святогорскіні басып алғаны жайлы 1-қыркүйекте мәлімдеген-ді. Қала Лиманнан солтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде орналасқан. Оның шетінде православ христиандары үшін аса маңызды діни нысан - Свято-Успенская лаврасы орналасқан. 2-қыркүйек күні Ресейдің Қорғаныс министрлігі Святогорск қаласын толық бақылауға алдық деп мәлімдеді. Алайда ведомство бұл мәлімдемесін растайтын ешқандай дәлел ұсынған жоқ.
Дегенмен, бұл мәлімдемелерді ресейлік Z-блогерлердің біразы сынға алды. Себебі майдан шебі қалаға дейін 10-12 шақырым қашықтықта орналасқан болатын. OSINT-зерттеушілердің мәліметінше, украин жасақтары керісінше Святогорск пен Лиман бағытында ресейлік әскери бөлімшелерді шегіндіріп, бірнеше маңызды позициядан ығыстырған.
Ресей әскері 2025 жылдың жазы мен күзінде Қара Құлын өзенінің оң жағалауын басып алып, плацдарм жасады. Осылайша 17-20 шақырым алға жылжып, сына іспеттес негізде украин әскері бақылайтын аймаққа еніп, Святогорск бағытына жылжыған болатын. Ресей әскері Нитриус өзенінен өтіп, биыл наурыз айында Ресей Қорғаныс министрлігі Яровая елді-мекенін басып алғанын жариялаған-ды. Бұл елді-мекен Святогорск қаласынан 5 шақырым жерде орналасқан.
Ресей әскерінің әрі қарай ілгерілеуі Лиманның құлауына алып келуі мүмкін еді. Ол жағдайда украин жасақтары үшін Славянск–Краматорск агломерациясындағы жағдай күрт нашарлайтыны анық. Алайда Украина бұл бағытта қарымта шабуылға шығуда.
OSINT-зерттеуші Клеман Моленнің мәліметінше, Украина Қорғаныс күштері Лиман маңындағы қарсы шабуыл операциясын мамыр айының соңында бастаған. Оның айтуынша, операция төрт айға жуық уақыт бойы толық құпия режимде жалғасып келеді. Моленнің айтуынша, маусым–шілде айларында-ақ Украина Қарулы күштері осы бағыттағы бірнеше ауыл мен маңызды биіктікті азат еткен. Алайда бұл ақпарат құпия сақталған.
Соғысты зерттеу институты (ISW) 7-қыркүйектегі есебінде ресейлік әскери блогерлердің Лиман маңындағы украиналық қарсы шабуыл фактісін мойындай бастағанын атап өтті. Ресейдің ресми ақпарат көздері Лиман бағытындағы украин сарбаздарының қарсы шабуылдарына қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ. Кремль бұл қаланы кеңестік кезеңнен қалған атауымен «Красный Лиман» деп атайды.
Бұған қоса, Ресей Қорғаныс министрлігінің мәлімдемелеріне сәйкес, тамыз айының ортасында Ресей әскері Лиман қаласын украин сарбаздарынан «тазарту» операциясын жүргізіп, осы бағыттағы Украина Қарулы күштерінің логистикалық байланыстарын «кесіп тастаған». Алайда ресейлік Z-блогерлердің хабарламаларынан мүлде басқа көрініс байқалады. Олар Кремльдің бұл ақпаратын жоққа шығаруда.
Два майора» атты ресейлік Telegram-арнасы 8-қыркүйекте Лиман бағытындағы жағдайдың «күрделене түскенін» хабарлады. Арнаның жазылушылар саны шамамен 1,2 миллион адамды құрайды. Арна украин күштері солтүстік бағыттан - Редкодуб пен Карповка елді-мекендері маңынан шабуыл жасап жатыр дейді. Сонымен бірге «Украина әскері Қара Құлын өзенінің сол жағалауында орналасқан Ямполовка мен Заречное ауылдарына кірген және Лиманның оңтүстік-шығыс шетінен Ресей армиясын ығыстырып шығарған» деп күңірене жазды.
Ресейлік Z-блогер Юрий Подоляка өзінің Telegram-арнасында Украина әскерінің Лиман ауданындағы ресейлік логистикалық жолдарды кесу мақсатында «алға жылжып келе жатқанын» мойындады.
Ал «Рыбарь» Telegram-арнасы бұл бағытта жағдайдың нашарлағанын көрсететін «жаңа дәлелдер пайда болғанын» жазды. Оның аудиториясы шамамен 1,5 миллион жазылушыны құрайды.
Ресейлік әскери блогер Анатолий Радов та жағдайдың ресейлік әскер үшін «ауыр» екенін және оның «одан әрі нашарлап бара жатқанын» мәлімдеді. Осылайша ресейлік блогерлер бұл бағыттағы жағдайдың тым ауыр екенін айтып, дабыл қағуда. Ал Ресей президенті Путин болса, «Святогорскті алдық» деп, мәлімдеме жасап тұр.
Mezgil.kz