АҚШ алғаш рет Жер орбитасына жақын маңдағы ғарыш кеңістігіне қару орналастырғанын айтты. Дүйсенбі күні өткен Әуе, ғарыш және киберсоғыс жөніндегі конференцияда сөз сөйлеген АҚШ Әскери-әуе күштерінің министрі Трой Мейнк бұл ақпаратты растады. Ол бұл қару АҚШ-ты «эволюцияланып жатқан қатерлерден» қорғау үшін қажет екенін мәлімдеді. Алайда министр қарудың нақты мүмкіндіктерін ашып айтпады және оның орбитаға қашан шығарылғанын да нақтыламады. Бұл туралы ВВС басылымы жазды.

(Сурет ЖИ арқылы жасалды)
Уашиңтондағы сарапшылар Пентагонның мұндай қадамын Ресей мен Қытайдың әскери қақтығыс жағдайында АҚШ-тың спутниктеріне шабуыл жасауға немесе олардың жұмысын бұзуға бағытталған бағдарламаларымен байланыстыруда. Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ аумағына қауіп төндіретін зымырандар мен басқа да нысандарды жоюға арналған «Алтын күмбез» (Golden Dome) жүйесінің құрамында ғарыштық компонент, соның ішінде зымыранға қарсы кешендер болатынын бұған дейін де мәлімдеген еді.
1967 жылы КСРО мен АҚШ ғарыш кеңістігін, соның ішінде Ай мен басқа да аспан денелерін зерттеу және пайдалану жөніндегі мемлекеттер қызметінің қағидаттары туралы шартқа қол қойған болатын. Құжат ғарыш кеңістігіне жаппай қырып-жоятын қаруды орналастыруға тыйым салады. Алайда бұл келісім қарапайым қару түрлеріне қатысты емес еді. Соңғы жылдары Ресей, Қытай және АҚШ қарсыластың байланыс, барлау және навигация үшін аса маңызды спутниктеріне шабуыл жасауға мүмкіндік беретін түрлі құралдарды дамытып келеді.
2019 жылы АҚШ шамамен 70 жыл үзілістен кейін қарулы күштердің жаңа түрі — Ғарыш күштерін (Space Force) құрды. Былтыр президент Дональд Трамп арнайы жарлыққа қол қойып, Ғарыш күштерінің міндеттері тек қорғаныспен шектелмейтінін, оның құрамында шабуылдау сипатындағы міндеттер де бар екенін белгіледі. Ендігі таңда, АҚШ-тың орбитаға шығарған қаруы қандай сипатта екені Ресей мен Қытайды алаңдатып отыр. Бірқатар ақпарат көздері мен әскери сарапшылар АҚШ-тың ғарышқа лазерлі қаруды орналастырғанын болжауда.
АҚШ Ғарыш күштерінің баспасөз хатшысы бұл мақсаттар үшін әскери құрылымда «кинетикалық және кинетикалық емес құралдар» бар екенін түсіндірді. Ақпан айының басында Ресейдің екі спутнигі Украинаға қарсы соғыс басталғаннан бері кемінде 12 еуропалық ғарыш аппаратының сигналдарын жоғары ықтималдықпен ұстап отырғаны белгілі болды. Ұсталған сигналдар Ресей барлау қызметтеріне қолжетімді болуы мүмкін. Теориялық тұрғыдан алғанда, мұндай әрекет спутниктерді басқару жүйесін басып алу қаупін де туындатады.
2024 жылы АҚШ Ресейдің басқа спутниктерге шабуыл жасауға қабілетті спутникті ұшырғанын мәлімдеді. Ресей тарапы бұл ақпаратқа түсініктеме берген жоқ. Ресей ғарышты соғыс жүргізудің негізгі ортасының бірі ретінде қарастырады және болашақ қақтығыстарда ғарыштағы үстемдікті шешуші фактордің бірі деп санайды. Ресейдің сарапшылары державалар арасында соғыс болса, орбитада ядролық қаруды жаруды ұсынумен келеді. Ондай сәтте ғарыш кеңістігіндегі спутниктердің көбі істен шығар еді.
Сарапшылардың сөзінше, ғарышқа баллистикалық оқтұмсықтарды ұстап қалуға арналған спутник-ұстағыштарды, зымырандармен немесе лазерлермен жабдықталған аппараттарды, сондай-ақ «спутник-инспекторлар» деп аталатын ғарыш аппараттарын орналастыруға болады. Мұндай аппараттар басқа спутниктерге жақындап, оларға түрлі ықпал ету операцияларын жүргізе алады. Мысалы, олардың сигналдарын басып, жұмысын бұзуы немесе тіпті жоюы мүмкін. Ресей, Қытай және АҚШ-та осындай технологияларды дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп келеді.
АҚШ-та басқа да әскери ғарыштық бағдарламалар әзірленген. Мәселен, америкалықтар 2006 жылдан бері Boeing X-37B деп аталатын екі ғарыш аппаратын тұрақты түрде орбитаға шығарып келеді. Ресми түрде олардың миссиялары сынақтық сипатта деп көрсетіледі. Алайда аппараттар АҚШ Әскери-әуе күштерінің қарамағында және олардың қызметіне қатысты көптеген мәлімет құпия сақталған.
Егер ірі державалар орбитадағы шабуыл және қарсы шабуыл мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтсе, ғарыш кеңістігі байланыс пен ғылыми зерттеулердің ғана емес, болашақ әскери қақтығыстардың негізгі майдандарының біріне айналуы мүмкін дейді сарапшылар.
Mezgil.kz