Есірткі сатқан хуситтер, нашақор балалар: Йемен каптагонның отанына айналды ма?

Йемен туралы сөз болғанда, әлем жұртшылығы көбіне соғысты, аштықты, Қызыл теңіздегі кемелерге жасалған шабуылдарды және хуситтерді еске алады. Бірақ соңғы жылдары бұл елдің аты тағы бір қауіпті құбылыспен жиі атала бастады. Ол - есірткі саудасы.


ChatGPT Image 16 сент. 2026 г., 15_35_49.png(Сурет: ЖИ көмегімен жасалды)

 

Йемендегі заңды үкіметтің есірткіге қарсы күрес басқармасы 2025 жылы үкімет бақылауындағы аумақтарда есірткіге қатысты 704 қылмыстық іс бойынша 1260 күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Оның ішінде 79 адам тасымалдаушы, 233 адам сатушы, 42 адам контрабандашы ретінде көрсетілген. Сол жылы билік 2,99 тоннаға жуық гашиш, 1,53 тонна кристалл метамфетамин, 169 келі героин және 482 мыңнан астам каптагон таблеткасын тәркілегенін мәлімдеді. Осылайша, Йеменнің заңды билігі есірткіге қарсы күресті күшейткенін айтты. Алайда хуситтер бақылауындағы аймақтарда жағдай мүлде басқаша.

 

Бұрын ел көбіне гашиш пен басқа да есірткіні тасымалдайтын аумақ ретінде қарастырылса, қазір синтетикалық есірткілердің, әсіресе метамфетаминнің үлесі артып келеді. Йемен Қызыл теңіз бен Аден шығанағының арасында орналасқан. Ал Баб әл-Мандеб бұғазы Үнді мұхитын Қызыл теңізбен байланыстыратын әлемдік теңіз саудасының маңызды қақпаларының бірі болып қалуда.

 

Бірнеше жыл бойы Таяу Шығыстағы каптагон өндірісінің негізгі орталығы Сирия болды. БҰҰ дерегіне сәйкес, 2019 жылдың қаңтарынан 2025 жылдың қарашасына дейін аймақта тіркелген каптагон тәркілеулерінің шамамен 80 пайызы Сирияға тиесілі еді. Бірақ Сириядағы жағдай өзгерген соң, каптагон өндірісі де өзгеріске ұшырады. Енді каптагонның басым бөлігі Йеменнің хуситтер бақылауындағы аймақтарында өндірілуде.

 

New Lines Institute деректеріне сәйкес, 2024 жылы Йеменнен шыққан немесе Йеменде тәркіленген каптагон көлемі шамамен 400 мың таблетка болса, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 5,4 миллион таблеткаға дейін жеткен. Зерттеушілер хуситтердің каптагон өндірісін қолға алып, оны қаржы көзіне айналдырып жатқанын жазуда.

 

Йемендегі гуманитарлық дағдарысқа байланысты есірткі тасымалдаушылар арасында балалардың да саны артуда. БҰҰ-ның 2026 жылғы гуманитарлық жоспарына сәйкес, елде 22,3 миллион адам гуманитарлық көмек пен қорғауға мұқтаж. 18,3 миллион адам азық-түлік тапшылығын бастан кешіріп отыр, ал 5,2 миллион адам ішкі қоныс аударғандар санатында.

 

Жұмыссыз жастар хуситтерге қызмет етіп, есірткі тасымалдаушы, өндіруші болып қаржы табуда. Қара нарықтан түскен табыс қарулы құрылымдардың басқа қызметтерін қаржыландыруға жұмсалуда. АҚШ Қаржы министрлігі соңғы санкциялық материалдарында хуситтердің мұнай, қаржы және контрабандалық желілер арқылы үлкен көлемде кіріс табатынын мәлімдеді.

 

Хуситтердің есірткі саудасынан ең алдымен Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағындағы елдер зардап шегуде. Йеменнен шығатын контрабандалық жолдардың бір бөлігі осы нарықтарға қарай бағытталған. 2025 жылы Сауд Арабиясында каптагон тәркілеулерінің саны күрт артқаны туралы белгілі болды. Есірткі бизнесі қарулы қақтығыс, жемқорлық, кедейлік және шекаралық бақылаудың әлсіздігімен қосылған кезде ұйымдасқан қылмыстың тұтас экожүйесін қалыптастырады.

 

Қазір хуситтер бақылауындағы аймақтарда есіртіге салынған нашақорлар саны артуда. Бұл үкімет бақылауындағы аймақтарда да байқалатын көрінісі. Алайда салыстырмалы түрде үкімет бақылауындағы аймақтарда нашақорлар саны аздау. Үкімет бақылайтын аймақтарда халықаралық ұйымдар өз қызметін жалғастыруда, ал хуситтер болса халықаралық ұйымдарды өз аумақтарынан қуып шықты. Тіпті БҰҰ миссиясымен байланысты да қысқартты. Тәуелсіз сарапшылар хуситтердің сарбаздары да каптагонды жиі пайдаланатынын, оны балалар мен жасөспірімдерге де ұсынатынын айтуда. Салдарынан нашақор балалар саны артқан. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар