Әйгілі Достоевскийдің «Қылмыс пен жазасынан» қалған қанатты сөздердің бірі – «қылмыстың өтеуі жаза» еді. Ал қазақ мұндайда – «қылмысқа түскен – түбінде құрыққа ілінер» дейді. Мұны жазуымызға – Балқан жақтан жеткен бір хабар түрткі болды...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ЖАРТЫЛАЙ МОЙЫНДАЛҒАН - КОСОВО
Әуелі Косово жайлы аз-кем сөз: Балқан жақта, Еуропаның оңтүстік-шығыс бөлігінде Косово деген Республика бар. Жан саны шамамен 1,6 млн адамды құрайды. Тілі – жартылай албан, жартылай серб тілі. Астанасы – Приштина дейтін алақандай ғана қала (190 мыңнан аса адам тұрады).
Бұл өзі жартылай мойындалған мемлекет. Мойындайтындар саны БҰҰ-ның шамамен 102 мемлекеті. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Канада, Аустралия бастаған батыс ұжымы бұл істе бірауызды. Жалпы ЕО-ның 22 елі мойындаған. Тағы 5 мүшесі мойындамай отыр. Бұл елді ең соңғы болып мойындағандар – Кения, Судан, Сирия мен Багам аралдары (2025 жыл).
Қазақстан – Косовоның тәуелсіздігін мойындаған жоқ. Астана Сербияның территориялық тұтастығын қолдайтынын бірнеше жолы мәлімдеген. Ал Сербия конституциясы бойынша Косово – бұрынғы Югославияның, қазіргі Сербияның құрамына кіреді. Автономия статусы берілген. Бұған қоса Солтүстік Косово (көпшілігі сербтер) Приштинаға бағынбайды.
Қытай мен Ресей бұның тәуелсіздік алуына түбегейлі қарсы болса, Үндістан, Бразилия бастаған елдер оның егемендігін мойындамайды. Ал Сербия екібастан Косовоны өз аумағы санайды. 90-шы жылдарбың басынша Косовоны қаққа бөліп, жарты жерін Сербияға, қалған жартысын Албанияға беру туралы ұсыныстар болған. Мұндай идеялар 2000-шы жылдарға дейін талқыланып келген. Қазір енді, жағдай өзгерді. Косово аумағындағы сербтердің дені сол – Солтүстік Косово төңірегінде топтасты. Ал Косово ішінде қалғандары азшылық саналады. Сөйтіп, бұл даудың күрмеуі әлі шешілер кезеңге жақындамай тұр.
Жә, енді жоғарыдағы үшбу ақпаратқа оралайық:
ҚЫЛМЫСТЫҢ ЕСКІСІ БОЛМАЙДЫ: 28 ЖЫЛДАН КЕЙІН ОҚЫЛҒАН ҮКІМ
«Қылмыстың ескісі болмайды» деген сөз бар. Сол сөзді Косово бойынша арнайы сот расқа айналдырды. Косово бойынша арнайы сот елдің бұрынғы президенті Хашим Тачиді және онымен бірге тағы үш адамды соттады. Оған «әскери қылмыстар жасады» деген айып тағылды. 25 жыл түрме жазасы кесілді.
Хашим Тачи – косоволық саясаткер. Қазір жасы 58-де. 2016-2020 жылдар аралығында Косовоның 5-ші президенті болған. 2008 жылы Косово тәуелсіздігін жариялау туралы идея авторларының бірі болған. Ал 2020 жылдан бері Гаага түрмесінде. Биыл қыркүйектің 16-сы осы Хашим Тачиге сот 25 жыл жаза кесті.
Косово бойынша арнайы сот Хашим Тачи мен тағы үш айыпталушыны 1998–1999 жылдардағы соғыс кезінде адамдарды жазықты-жазықсыз ұстау, қатыгездік жасау, азаптау және сұраусыз, жаламен өлтіру қылмыстары бойынша айыпты деп тапты. 58 жастағы Тачи 25 жылға бас бостандығынан айырылды, ал оның сыбайластары 13 жылдан 25 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Тачи өз кінәсін мойындаған жоқ.
Арнайы сот: «Хашим Тачи, Кадри Весели, Якуп Красничи және Реджеп Селими 385 адамды заңсыз тұтқындап, азаптады, 49 адамға қатыгездік жасады, 303 адамды асқан қатыгездікпен азаптады және 96 адамды өлтірді», - деп үкім шығарды.
Косово бойынша арнайы сот бұл іс бойынша айыпталған тағы 4 адамды «делелдердің жеткізіксіздігі» бойынша жазадан босатты.
Соттың шешімі бойынша, Тачи мен оның сыбайластары Косовоны азат ету армиясының (КАА) саяси және әскери мақсаттарына қарсы адамдарды, соның ішінде басқа күштерге қосылған косоволық албандарды, серб билігімен байланысы бар деп күдіктенгендерді және кейбір этникалық азшылық өкілдерін (соның ішінде сығандар мен сербтерді) заңсыз қуғындауға айтарлықтай үлес қосқан.
Хашим Тачи 1990 жылдары Косовоны азат ету армиясының (КАА) негізін қалаушылардың бірі болған. Бас штабтың мүшесі әрі саяси бөлімнің басшысы ретінде Тачи жасалған қылмыстарда шешуші рөл атқарған деген шешімге келді сот. Бұдан бөлек, ол парламенттің 13 депутатын тұтқындау мен тергеуге, сондай-ақ албан белсендісін тұтқындау мен өлімге қиюға жеке өзі қатысқан.
Бас штаб мүшесі, баспасөз хатшысы әрі КАА басшысының орынбасары болған Якуп Красничидің де рөлі шешуші болған деп тапқан сот оны да Тачи сияқты 25 жылға бас бостандығынан айырды.
Кадри Весели соғыс кезінде де, кейін бейбіт уақытта да барлау қызметін басқарған. Сот оны 18 жылға соттап, көптеген адамдарды ұстауға немесе өлімге кесуге негіз болған «деп аталатын барлау деректерінің» шын мәнінде «тексерілмеген қауесеттер» болғанын атап өтті.
Реджеп Селими КАА-ның бас инспекторы болған және соттың пікірінше, басқа айыпталушыларға қарағанда ықпалы азырақ болған. Ол 13 жылға сотталды.
Айта кетейік: Хашим Тачи өте-мөте қайшылықты тұлғалардың бірі. Үкім жарияланған күні Приштинада және Гаагада Хашим Тачидің жақтастары көптеп жиналған. Косоволықтардың көбі Хашим Тачиді батыр деп санайды.
«Бейбіт уақытта саяси қателіктер жіберген болуым мүмкін, бірақ әскери қылмыстарды — ешқашан жасаған емеспін», - дейді Тачидің өзі.
Mezgil.kz