Ресей әскері майдан даласында алға «жылжуын» көрсету үшін жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын жиі пайдаланып, жалған фото және бейнежазбалар жасауды белсенді түрде қолға ала бастады. Бұл туралы ВВС басылымы жазды.
(Сурет: ЖИ көмегімен жасалды)
Ресей әскерінің тактикасы белгілі. 3-4 адамнан құралған шағын топ украин әскері бақылайтын елді-мекенге жасырын кіріп, Ресей туын қандай да бір ғимаратқа тігеді. Артынша оны сурет және видеоға түсіреді. Ресейдің дроны да ту тіккен сәтті таспалайды. Осылайша Ресейдің қорғаныс министрлігі сол елді-мекенді басып алғанын мәлімдеп, оны картада Ресей әскерінің бақылауындағы аймақ ретінде көрсетеді. Алайда іс-жүзінде ол аймақ украин бақылауында қала береді. «Ту тігу» миссиясын орындаған ресейлік шағын топ не кері шегінеді, не ұрыста жойылады, не тұтқынға түседі.
Ал шағын топ миссияны орындай алмаса, Ресей тарапы ЖИ көмегіне жүгінеді. ЖИ көмегімен олар «басып алынған» деген елді-мекеннің кадрларына өз жауынгерлерінің бейнесін қосады. Сөйтіп, ресейлік әскери қызметшілер нақты майдан шебінен 7-10 шақырым қашықтағы елді-мекендерді де «басып алған» болып шыға келеді.
Ресей әскерінің «алға жылжуы» туралы осындай жалған хабарламалар Донецк, Харьков, Запорож және Лиман бағыттарында көп кездеседі. Владимир Путин 1-қыркүйекте Ресей әскерінің Святогорск қалашығын басып алғанын айтты. Шын мәнінде қала майдан шебінен 20 шақырымға жуық қашықтықта жатыр және украин әскерінің толық бақылауында.
Соғысты зерттеу институты (ISW) Ресей әскері ЖИ көмегімен «жаулап алу» тәжірибесін 2026 жылдың маусымынан бастап жаппай қолдана бастағанын анықтады. 2026 жылғы 1-маусым мен 30-тамыз аралығында ISW сарапшылары ЖИ қолданылған кем дегенде 35 видеоны тапқан. Видеолардың жалпы саны бұдан да көп болуы ықтимал. Себебі ЖИ арқылы жасалған немесе өңделген контентті анықтайтын құралдардың мүмкіндігі шектеулі.
ISW сарапшылары ЖИ көмегімен өзгертілген Ресей тулары бейнеленген алғашқы видеоны 2026 жылғы 11-маусымда тіркеді. Ал маусым айының соңына қарай ресейлік дереккөздер ЖИ көмегімен жасалған болуы ықтимал кем дегенде сегіз осындай видео жариялаған. Институттың мәліметінше, шілде және тамыз айларында ресейлік дереккөздер кемінде ЖИ арқылы өзгертілген 14 видео жариялаған.
27-шілдеде ресейлік соғысты қолдайтын «Divgen» Telegram-арнасы Харьков облысындағы Белый Колодезь елді-мекенінің шығыс шетінде Ресей сарбазының ту көтеріп жатқанын көрсететін видео жариялады. Сарапшылар бұл видеоның ЖИ көмегімен өңделгенін хабарлады. Бұған әскери қызметшінің дене пропорцияларының табиғи көрінбеуі және оның кадрдан кенет жоғалып кетуі дәлел ретінде келтірілді.
24-тамызда Ресейдің «Шығыс» әскерлер тобына қатысты кадрларды жиі жариялайтын Z-блогер Voin DV Запорож облысындағы Долинка елді-мекенінде ресейлік әскери қызметшілердің ту көтеріп жатқанын көрсететін видео жариялады. Сол күні Ресей Қорғаныс министрлігі бұл елді-мекеннің алынғанын хабарлады. Алайда видеоның ЖИ көмегімен жасалынғаны, ал елді-мекенде шайқастың жалғасып жатқаны белгілі болды.
27-тамызда Ресей Бас штабының бастығы Валерий Герасимов Ресей әскерінің Славянск–Краматорск бағытында алға жылжып, Донецк облысындағы Пискуновка елді-мекенін басып алғанын мәлімдеді. ЖИ арқылы жасалған контентті анықтайтын бағдарламалар Пискуновкада Ресей әскерінің жоқ екенін анықтады. Ал видео жасанды болып шықты. Дәл осындай мысалдар жетерлік.
Сарапшылар Ресей әскері ЖИ көмегімен ондаған елді-мекенді «жаулап» алғанын айтуда. Ал оның салдары сол маңдағы ресейлік сарбаздар мен бөлімшелерге кері әсер етуде дейді.
Mezgil.kz