Ресейлік Камболов жеңген сайлау: Оңтүстік Осетия біржола Ресейге бет бұрды...

Mezgil.kz ақпараттық порталы осыған дейін әлемде ешкім мойындамаған немесе жартылай мойындалған «ергежейлі мемлекеттер» туралы бірнеше кезек шолу жазған еді.

1789988729325267.jpg

(Суреттер: bezformata.com, moderator.az сайттарынан алынды)

Бүгін де сол серианы жалғастырып, Гүржістаннан бүлікпен бөлініп кеткен Оңтүстік Осетия туралы аз-кем ақпарат ұсынбақпыз...

БҮЛІКШІ АЙМАҚ – ОҢТҮСТІК ОСЕТИЯ

Оңтүстік Осетия – мемлекет емес. Бірақ, өздерін ресми түрде – Оңтүстік Осетия Республикасы деп жариялаған. Алания мемлекеті деген тағы бір атауы бар. Гүржістанның халықаралық дәрежеде мойындалған территориясы. Оңтүстік Қапқазда орналасқан жер.

Жан саны да көп емес, 60 мыңға жетер-жетпес адам санаулы. 4 ауданнан тұратын шап-шағын жер әуелде Гүржістанның автономды облысы деген статусқа ие болған.

Оның тәуелсіздігін мойындаған елдер де саусақпен санарлық. Алғаш болып мойындаған – Ресей (2008 жылы). Онан соң Венесуэла мен Никарагуа және Сирия мойындаған.

Бұлардан басқа – Абхазия, Батыс Сахара, Приднестровье секілді даулы аймақтар да ресми мойындайтынын айтқан. Бірақ, оның заңдық күші нөлге тең. Себебі, өздерін де ешкім әлі дербес мемлекет деп мойындамаған.

Тағы – Тувалу, Вануату, Науры секілді аралдар да Оңтүстік Осетия тәуелсіздігін әуелі мойындап, кейін онысынан бас тартқан.

Грузия билігі – Оңтүстік Осетия мен Абхазияны Ресей оккупациясындағы жерлер деп санайды. 2009 жылдан бері Оңтүстік Осетияда Ресейдің 4-ші әскери базасы мен 4 мыңға жуық әскері орналасқан. 2015 жылдан бері Ресеймен «одақтастық» туралы келісім жасасқан. Ал 2022 жылы Кремль билігі  Украинадан заңсыз оккупацияланағн 4 аймақты Ресейге қосып жатқанда, Оңтүстік Осетия басшылығы да Ресейге қосылу туралы бастама көтерген. Тіпті, референдум өткізу мерзімін белгілеп, кейін одан бас тартқан.

ОҢТҮСТІК ОСЕТИЯ НЕ ҮШІН СОҒЫСТЫ?

Тілдері әуелде осетин тілі еді. Кейін 2011 жылы референдум өткізіп, 83 пайызы қолдап, орыс тілі де мемлекеттік тіл дәрежесін алған. ал ақшасы – Ресей рублі.

Бұл аймақты бүлікші деп атауымызға де себеп жоқ емес. Грузиямен 2 кезек соғысқан. Алғашқысы 1991-92 жылдары болған. Бұл кез дүрбелең кезі еді. КСРО ыдырап, одақтас елдер өз тәуелсіздіктерін жариялап жатқан кезде, Оңтүстік Осетия да бүлік шығарып, Грузияға қосылмайтынын, өз алдына дербес мемлекет болғысы келетіндіктерін айтып, даурықты.

Ал Осетия жерін өз аумағы санайтын гүржілер бұған жол бермеуге тырысты. Автономияны жойып, бүлікшілерді күшпен басуға тырысты. Ал негізі жер үшін даудың басы 1980-ші жылдардан басталады. Сол кездің өзінде бұл бүлікші аймақ Ресейге қосылу ниетін ашық мәлімдеген еді. Әуелі қарулы қақтығыстар, кейін азаматтық соғысқа ұласып, ақыры 1992 жылы Ресейден Ельцин, Грузиядан Шеверднадзе және Оңтүстік пен Солтүстік Осетия өкілдері отырып, Сочи келісіміне қол қойған.

Ал екінші ірі соғыс 2008 жылы болды. Бұл тарихта 5 күндік соғыс болып жазылды. Грузия Оңтүстік Осетияның астанасы Цхинвалды атқылап, жерді өзіне бағындырмаққа тырысты. Бұған Ресей ашық араласып, Оңтүстік Осетия жағына шықты. Ресей әскері әуелі Оңтүстік Осетияға кірді. Кейфін Грузияның өз аумағына кіріп, шегіндірді. Ақыры Кремль Оңтүстік Осетия мен Абхазияны «тәуелсіз мемлекеттер» деп ресми мойындады.

ҚАЗАҚСТАН МОЙЫНДАМАЙДЫ!

БҰҰ бойынша – бұл жерлер Грузияның заңды мойындалған территориясы. Қазақстан да Оңтүстік Осетияны мойындамайтынын ашық мәлімдеген. Тіпті, қайсыбір жылы Ресей президенті Путиннің өзіне осы сөз тікелей айтылған. Біз үшін бұл аймақ – «мойындалмайтын квазимемлекеттік құрылым». Және Қазақстан Грузияның т ерриториялық тұтастығын қолдайды.

ПУТИН АШЫҚ ҚОЛДАҒАН КАМБОЛОВ КІМ?

Бұл Оңтүстік Осетияны неге жаздық дегенге келсек, Оңтүстік Осетия күні кеше сайлау өткізді. Басшы таңдады. Ол бойынша Марат Камболов жеңіске жетті. Әлбетте, Тблиси бұл сайлауды да, оның нәтижесін де мойындамайтынын мәлімдеді.

Оңтүстік Осетия ОСК-сі сайлауда 73,2 пайыз адам дауыс бергенін айтқан. Бұл кезектен тыс өткізілген сайлау. Бұған дейін Оңтүстік Осетия президенті болған Алан Гаглоев Ресей президентінің кеңесшісі боп кеткен соң, аймақта кезексіз сайлау өткізуге мәжбүр болған.  

Ал биыл 13-ші шілдеде Ресей президенті Владимир Путин Марат Камболовқа ашық қолдау білдіріп: «Сізді қолдау үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз», - деп мәлімдеген.

Сөйткен Камболов ақыры сайлауда жеңіске жетіп, Оңтүстік Осетияның су жаңа басшысы атаныпты.

Камболов Солтүстік Осетияның тумасы. Ұзақ жылдар Ресейде маңызды лауазымдарда басшы болған адам. Ресейдің Өндіріс министрінің кеңесшісі, Білім вице-министрі т.б. қызметтерде болған.

ТБЛИСИДІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Грузия билігі әлбетте бұл сайлауды еш мойындамайтынын айтты. Тіпті, бұны – «де-факто Ресейдің оккупациясы» деп атады.

«Ресей бұл аймақтың адамдарына Ресей паспортын үлестіруді сонау 2000-шы жылдардан бастап кеткен. Тіпті, аймақты ресми мойындамай тұрып басталған. Қазір Оңтүстік Осетия адамдарының көбінде Ресей азаматтығы бар», - дейді сарапшылар.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар