Американың үшінші президенті болған Томас Жефорсынның бір тамаша сөзі бар: «Жиырмадағы жігітке 12 жасындағы бешпетін кигізуге болмайды», - дейді. Сол секілді мемлекеттің үлкен саясатында жүйенің, саяси бағыттың өзгеруі – табиғи нәрсе. Ол тірі организмнің кезең-кезеңдегі қажеттілігінің өзгеруі секілді құбылыс.

(Сурет: thedailycpec.com)
19-шы ғасырда Ұлыбританияның премьері болған лорд Палмерсоннан қалған қанатты сөз – «Біздің мәңгілік одақтасымыз жоқ, біздің мәңгілік мүддеміз ғана бар», - дейді. Бұл сөзді саяси жүйеге қатысты да қолданғанның еш әбестігі жоқ.
Бұны неге айтып отырмыз? Қазір өркениетті әлем қызыл жүйеге, қанды жүйеге, компартия жүйесіне қош айтуда. Ел басқару ісінде ескірген жүйе деп есептеледі. Десе де, компартия әлемде түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Бірсыпыра мемлекетте бар. Кейбірінде билікте болса, кейбірінде саяси жүйенің бір бөлшегі ретінде өмір сүруде. Ал енді кейбірінде дәурені аяқталып, жоқ болып жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр.
КОМПАРТИЯ БИЛІКТІ ҰСТАП ТҰРҒАН ЕЛДЕР ҚАЙСЫ?
Коммунистік партия немесе жұмысшылар партиясы әлі де билік басында тұрған елдер қатарында – Қытай, Куба, Солтүстік Корей, Лаос пен Вьетнам бар.
Қытай, Вьетнам мен Кубада – «коммунистік партия» деп аталса, Лаоста – «Халықтық-рефолюциялық партия» деп аталады. Ал Солтүстік Корейде – «Корейдің еңбеккерлер партиясы» деген атауға ие. КХДР партиясы – кезіндегі Марксизм-Ленинизмнен тараған Чухче идеологиясына негізделеді.
ӨМІРДЕ БАР, БИЛІКТЕ ЖОҚ КОМПАРТИЯ ҚАЙ ЕЛДЕРДЕ?
Жоғарыда айтқанымыздай, кей мемлекеттерде компартия заңды түрде жұмыс істейді. Сайлауларға қатысады. Парламенттерден орын алады. Мысалы:
Үндістанда – Марксистік идеологияға берік компартия бар. Тіпті, бұл партия кейбір штатта басым күшке ие. Бразилия – компартия Үкіметтік коалицияға мүше. Греция мен Кипрдегі – компартиялар да тұрақты түрде Парламентке өтіп жүр. Сол секілді, Испания, ОАФ, Португалия, Франция, Россия, Қырғызстан, Молдова, Чехия секілді елдерде де бұл партия өмір сүріп келе жатыр.
КОМПАРТИЯҒА ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ЕЛДЕР ҚАЙСЫ?
Ал кейбір мемлекеттер бұл партияның өмір сүруін заңмен шектеп, тыйым салған. Сол санатта Балтық жағалауы елдері – Латвия, Литва, Эстония, Украина бар. Шығыс Еуропаның көп елі компартияны жойған. Ал Германияда сонау 1956 жылы федералдық деңгейде, конституциялық сотпен таратқан
ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЙ КОМПАРТИЯҒА ҚОШ АЙТТЫ?
Компартия – Қазақстанда да болған және кейінгі кездерге дейін Парламенттен тұрақты орын алып келген. КСРО кезіндегі тарихына үңілмесек те, Тәуелсіздік кезеңіне аз-кем шолу жасасақ – 1998 жылы «Қазақстан коммунистік партиясы» болып тіркеліп, 2003-2004 жылдары партия қаққа жарылып, қайта тіркеуден өткен. 2004 жылы В.Косарев басқарған «Қазақстан Коммунистік халық партиясы» тіркелді. Ал, Ғазиз Алдамжаров басқарған компартия парламеттік сайлауға жіберілмей, 2015 жылы партия ресми түрде жабылды. Бірақ, Косаревтың партиясы парламенттен қол үзген емес.
Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінде халықтың санасы өсті. Сонымен бірге, халықтың партияларға қояр талабы да өсті. Осы жағдайда халықпен етене араласып, оның өткір мәселелерін шешуге атсалысып жүрген партиялар ғана беделге ие болатыны анық. Сөйтіп, бұрынғы «коммунистік идеясын» арқалап қалған партия ребрендинг жасап, атауын өзгертті. «Қазақстан халық партиясы» болып шықты. Десе де, партияның аты өзгерсе де, заты өзгермеді. Өздерін «компартияның заңды ізбасарларымыз» деп атады. Сол үшін де биылғы парламенттік сайлауда 5 пайыздық межені еңсере алмай, ақыры Құрылтайдан орын ала алмай қалды. Анығы - бұл партия бүгінде «аттан түскісі келмеген» аздаған саясаткерлердің «шағын саяси клубына» айналған.
РЕСЕЙ – КОМПАРТИЯ ЖАЛҒЫЗ БАЛАМА КҮШ!
Ресейдегі компартия бұл – парламенттік партия. Ресей президенті Владимир Путиннің басқаруындағы (билік партиясы) «Единая Россия» партиясынан кейінгі екінші орында тұрған партия. Оны Геннадий Зюганов деген 82-дегі кәрісүйек депутат басқарады.
Кеше ғана Ресейде өткен Дума сайлауында бұл партия 14 пайыз дауыс жинап, екінші орын алды. Думадан кемі 40 орын алды.
Зюгановтың компартиясы 1993 жылдан 2026 жылға дейінгі аралықта Думаның 9 шақырылымынан сенімді түрде орын алды. 1993 жылғы сайлауда 3-ші орын алса, онан кейін 2-ші орынды ешкімге бермей келеді. Биылда сол тұрақты екіншілікті ұстап қалды.
КСРО-ҒА ДЕГЕН САҒЫНЫШТЫҢ СИМВОЛЫ!
Сарапшылардың пікірінше: «Ресей қоғамында солшыл идеяларға деген қызығушылық шынымен де жоғары. Бұған кеңестік партиялық жүйеге деген сағыныш қана емес, әлеуметтік мемлекетке деген сұраныс та себеп болуда», - дейді.
Мысалы, қазір Ресейдегі көп адамды тегін әрі сапалы медицина, қолжетімді білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТҮКШ) тарифтерін бақылау және әлеуметтік теңсіздік деңгейін төмендету туралы компартия ұрандары көбірек қызықтырады.
Сонымен қатар, КСРО-ға деген ностальгия да соңғы жылдары Ресейде күрт күшейген. Қоғамда кеңестік тұрақтылыққа, ертеңгі күнге деген сенімділікке және супердержава мәртебесіне деген тарихи сағыныш деңгейі жоғары сақталып отыр.
Түйін: Коммунистік партияның қандай партия екені, қазақ халқына қандай нәубет әкелгенін көзі ашық жұрттың бәрі де біледі. Өкінішке қарай, сол партия әлі де тірі. Атауын өзгертсе де, Құрылтайдан қағылса да, партия әлі ресми жабылған жоқ. Бұл біз үшін саяси – нонсенс!
Mezgil.kz