Сирия президенті Трампқа: Голан жоталары сіздікі емес! Қаласаңыз Нью-Жерсиді Израильге беріңіз!

БҰҰ жиынына Сирияның уақытша президенті Аш-Шараа да қатысуда. Ол мінберден Сирияның мәселесін көтеріп, Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге қатысты көзқарасын жеткізбек. Сирия басшысы экономикалық байланысты арттыру мақсатында АҚШ-қа өзімен бірге ауқымды делегацияны да ала келген.


ChatGPT Image 23 сент. 2026 г., 13_55_28.png(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

 

Президент Аш-Шараа БҰҰ жиыны қарсаңында «Атлантика кеңесіне» қатысып, пікір білдірді. Тілшілердің сұрақтарына жауап беріп, түрлі мәселеге қатысты өткір көзқарасын ашық айтты.

 

Тілшілер қауымы Аш-Шараадан 2001 жылғы, 11-қыркүйектегі шабуылға қатысты сұрады. Бұл АҚШ-тағы ең көп талқыланатын тақырып. Жақында ғана АҚШ жұрты бұл трагедияның 25 жылдығына қатысты еске алу шараларын өткізген болатын.

 

«Менің 11-қыркүйек күнгі шабуылға еш қатысым жоқ. Ол сәтте менің жасым бар болғаны 13-те еді. Бұл шабуыл жайлы ештеңе білген жоқпын. Кейін оны теледидардан көрдім. Әрине, мен АҚШ-та қаза тапқандар мен Таяу Шығыста опат болғандарға өкініш білдіремін. Қазір бұл тақырыпты талқылаудың орайлы сәті деп ойламаймын. Ол сәтте мен басқа аймақта едім. 13-тегі бала едім», - дейді Аш-Шараа.

 

Бұған дейін АҚШ тілшілері мен Еуропа сарапшылары Аш-Шарааны лаңкестік топтарға қатысты сан мәрте айыптап, мақалалар жазған болатын. Аш-Шараа кезінде ДАИШ лаңкестерімен бірге болғанын және түрлі лаңкестік шабуылдарға қатысқанын жасырған емес. Алайда ол бұл саясаттың қате екенін түсініп, ДАИШ-пен байланысын үзіп, қазір Сирияда лаңкестікке қарсы батыл күресіп жатқанын айтуда.

 

Тілшілер қауымы Сирия мен Израильдің арасындағы байланыс жайлы да, қарым-қатынас туралы да сұрады. Қазіргі таңда Израильдің әскері заңды түрде Сирияға тиесілі болған Голан жоталарын өз бақылауына алған. Ал Аш-Шараа билікті алған сәтте, Сирияға Израиль әскері кіріп, шекаралық бірнеше ауданға өз бақылауын орнатты. Сириядағы үкіметке наразы друздардың қарулы жасақтарын да Израиль ұдайы қолдаумен келеді.

 

Бұл туралы Сирия басшысы былай дейді: «7-қазан күні болған оқиға Израильдің Сирияға қатысты саясатын қалыптастырмауы тиіс. Бұл логикаға сай емес. Қауіпсіздігімізге қатер төндіреді. Егер сіз өзіңіздің қауіпсіздігіңізді ойласаңыз, онда өзгенің қауіпсіздігіне де құрметпен қарау керексіз. Израиль өзінің саясатын өзгертуі тиіс. Ол өз қауіпсіздігін қорғау мақсатында өзгелерге қауіп төндіруде. Бұның оларға тиімді тұсын көріп тұрғаным жоқ.

 

Израиль тіпті Сириядағы президенттік сарайды екі мәрте бомбалады. Біздің әуежайларымызға Израиль ұшақтары ұдайы соққы жасаумен келеді. Бұл шаралар Израиль азаматтарының қауіпсіздігін күшейтті ме? Біздің АҚШ-пен, Ұлыбританиямен, Ливанмен қатынасымыз дамып келеді. Осының өзі мәселе Сирияда емес, Израильде екенін көрсетуде», - дейді.

 

Аш-Шараа өз сөзін жалғастырып, Голан жоталарына қатысты пікірін толықтырды. Бүй дейді: «Голан жоталары БҰҰ ресми мойындаған Сирияның аумағы саналады. «Бұл аймақ кімге тиесілі» деген тақырыпта сөз таластырудың өзі дұрыс емес. Заңды түрде Сирияға тиесілі.

 

Мен Трамппен Ақ үйде кездескен сәтте, ол Голан жоталары Израильге тиесілі екенін айтты. Мен қалжыңдай сөйлеп, былай дедім: «Неге сіз Израильге Нью-Жерсиді бермейсіз? Сіз Голан жоталарын оларға беретіндей, бұл жоталарға иелік етпейсіз. Бірақ сіз Нью-Жерсиге иелік етесіз ғой. Менің ойымша Нью-Жерсиді демократтар басқарады, ал олар Трампқа дауыс бермес еді. Сондықтан да бұл аймақты израильдіктерге беру жаман идея емес сиқты. Сіз осы аймаққа иелік етесіз, ал Голан жоталары сіздікі емес», - деп әзілдеген едім. Егер ақиқатын айтсақ, Голан жоталары сол аймақтағы халыққа тиесілі. Оған не Сирия президенті, не АҚШ президенті, не басқа біреу иелік етпейді және өзгеге беру құқығына ие емес қой», - деді.

 

Сирия басшысы Израильмен арадағы шиеленісті мәселелерді келіссөз арқылы шешуге ынталы екенін, ол үшін АҚШ-тың көмегіне де жүгінетінін айтты.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар