Маңғыстау облысында, Каспий теңізінде 24 қыркүйекте әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиға тұтас Қазақстан халқының қабырғасын қайыстырғаны рас.

(Сурет: ҚР Қорғаныс министрлігінен алынды)
Оқу-жауынгерлік міндетті орындау үшін әскери қызметшілер ашық теңізге шыққан. Алайда оқу-жаттығу барысында «ауа райы күрт нашарлап», теңіздегі жағдай қиындай түскен. Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде «Қайсар» катерінен жеке құрамды түсіру кезінде 17 әскери қызметшіні теңіз ағысы алып кеткен.
Құтқару жұмыстары бірден басталғанымен, оқиға салдары ауыр болды. Алғашқыда 9 әскери қызметшінің қаза болғаны хабарланды. Үш сарбаз құтқарылып, олардың 1-еуі ауруханаға жатқызылды.
Кейін қаза тапқан әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, тағы екі сарбаздың іздестіріліп жатқаны белгілі болды. Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің аты-жөнін жариялады.
25 қыркүйек күні сағат 09:15 шамасында із-түзсіз жоғалған тағы 2 әскери қызметшінің денесі табылды. Олар – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлы. Осылайша қаза тапқан әскери қызметшілердің саны 14 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды. Іздеу-құтқару операциясы аяқталды.
Оқиғаға байланысты ҚР ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру және орындау кезінде қабылданған шешімдер, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі, «Қайсар» катерінің техникалық жай-күйі, сондай-ақ оқу-жаттығуға және жеке құрамның қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттері зерделеніп жатыр.
Қазір қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды 5 адам ұсталды.
Ұсталғандардың қатарында ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының және «Қайсар» катерінің командирлері бар. Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша тергеліп жатыр. Барлық күдікті тұлғалардың әрекеттеріне заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі. Бұл ретте олардың кінәсі сот шешімімен дәлелденгенге дейін олар кінәлі деп есептелмейді. Тергеу барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.
Оқиғаның барлық себептері мен мән-жайын анықтау үшін Үкіметтік комиссия да жұмыс істеп жатыр. Комиссия құрамына Қорғаныс министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Көлік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің өкілдері, Бас әскери прокурор мен Шекара қызметінің өкілдері кірді. Комиссия оқу-жаттығу кезіндегі қауіпсіздік талаптарының сақталуын және құтқару жұмыстарының ұйымдастырылуын зерделейді.
Ал оқиғадан құтқарылған әскери қызметшілердің бірінің жағдайы тұрақты. Денсаулық сақтау вице-министрінің мәліметінше, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Ол есін жиып, қажетті медициналық көмек алып жатыр. Қасында ата-анасы бар.
Қайғылы оқиға қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына да ауыр соққы болды. Қорғаныс министрлігі олардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасыларына материалдық және психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Бұған қоса, мемлекеттік төлемдер мен өтемақылардан бөлек, кәсіпкерлер мен меценаттардың қаржылай көмегін жинақтау үшін арнайы қор ашылды.
25 қыркүйек күні сағат 08:45-те Орал қаласының әуежайына Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан Батыс Қазақстандық әскери қызметшілер Жеңіс Темірғалиев, Өмірбек Өмірзақ және Ақжайық Ғилаждың денесі арнайы рейспен жеткізілді. Марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салу және жерлеу рәсімдері 26 қыркүйек күні өтеді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасыларына жергілікті атқарушы органдар тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру бойынша барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Қаза болған әскери қызметшілерге байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 25 қыркүйек Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Осыған байланысты ел көлемінде бірқатар мәдени-бұқаралық іс-шаралар тоқтатылды. Маңғыстау облысында да жоспарланған мерекелік шаралар өткізілмейді.
Ендігі басты мәселе – қайғылы оқиғаның нақты себептерін анықтап, қауіпсіздік талаптарының қай жерде бұзылғанына құқықтық баға беру. Бұл сұрақтарға жауапты тергеу нәтижесі көрсетуі тиіс.
Томирис Маратқызы
Mezgil.kz