Үш тараптың келіссөзі: Киев пен Мәскеу бір үстелге отыра ма?

Уашиңтоннан жеткен үшбу ақпарат – Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған дипломатиялық амал-әдістер қайта жанданатын болды.

1790334879657850.jpg

(Сурет: avesta.tj)

АҚШ пен Украина үш жақты келіссөздерге дайындықты талқылап, Киев пен Уашиңтон алдағы 10 күнде Еуропа және Мәскеумен жүргізілген консультациялардың нәтижесін қайта қарайтын болды. Ал Кремль мұндай форматтағы кездесуге дайындық жүріп жатқанын растады.

КЕЛІССӨЗ ЖАЛҒАСА МА? ТАРАПТАР НЕ ДЕЙДІ?

Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Нью-Йоркте АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуден кейін екі елдің келіссөз топтары жеке жиын өткізіп, алдағы қадамдарды нақтылаған. Киев бұл мәселені еуропалық одақтастарымен талқыламақ. Ал АҚШ Мәскеумен сөйлеседі.

«Біз 10 күннен кейін бұл мәселеге қайта оралып, белгілі бір пікірімізді және нәтижесін айтамыз», – деді Зеленский.

Бұған қоса, Уашиңтон Ресей, Украина және АҚШ қатысатын үш жақты техникалық кездесуге дайындық бастауды ұсынған. Кездесудің нақты күні әзірге белгісіз. АҚШ тарапынан ықтимал орын ретінде Біріккен Араб Әмірліктері ұсынылған.

Кремль де үш жақты форматты жоққа шығармайтынын айтты. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай келіссөздер жақын уақытта өтуі мүмкін екенін, алайда әзірге нақты күн мен басқа да егжей-тегжейлер белгісіз екенін айтты.

Осылайша, Мәскеу де, Киев те, Уашиңтон да келіссөздер форматын қайта жандандыру мүмкіндігін талқылап отыр. Алайда тараптардың ұстанымдары мен нақты келісімге келген-келмегені әзірге белгісіз. Бұған дейін Кремль келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеу болмағанын мәлімдеген еді.

Дипломатиялық қадамдармен қатар, Украина үшін әскери қорғаныс мәселесі де күн тәртібінде тұр. Зеленскийдің мәлімдеуінше, Трамп Украинаға «Patriot» әуе қорғаныс жүйелеріне арналған ұстап қалушы зымырандарды өндіруге лицензия беруге түпкілікті шешім қабылдағанын растаған.

КИЕВ ҮШІН - КЕЛІССӨЗ ДЕ МАҢЫЗДЫ, «PATRIOT» ТА МАҢЫЗДЫ...

Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген. АҚШ тарапы шілдеде Украинаға «Patriot» зымырандарын өндіруге лицензия беру туралы айтқанымен, кейін Трамп мұндай шешімнің жүзеге асатынына сенімді емес екенін мәлімдеген. Енді Зеленскийдің сөзінше, АҚШ президенті лицензия беру туралы шешімді қайта растаған.

«Patriot» зымырандары Украина үшін маңызды. Киев оларды Ресейдің баллистикалық зымырандарынан қалалар мен стратегиялық нысандарды қорғау үшін қолданады.

Бір жағында – келіссөз үстелі, екінші жағында – майдандағы жағдай. Уашиңтон үш жақты диалогты қайта бастауға ұмтылып отыр, Киев дипломатиялық консультацияларды жалғастыруға дайын екенін көрсетуде, ал Мәскеу келіссөз форматына қайта оралу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Енді негізгі сұрақ – он күннен кейін тараптар қандай нәтижемен оралады және бұл жолы келіссөздер нақты келісімге ұласа ма? Оны уақыт көрсетеді...

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар