"Өлі қол" және Путин: Ресей ядролық соғысқа дайындалуда!

The Sunday Times басылымы Путиннің әлемдегі жағдайды ушықтыру әрекеті жалғасатынын айтты. Ресейдің президенті ядролық соғысқа арналған бункерді салуды жалғастыру туралы пәрмен берген. Әңгіме «Өлі қол» cтратегиясы жайында болып отыр.


ChatGPT Image 27 сент. 2026 г., 23_40_33.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)


Ресейдің Орал аймағындағы таулы шатқалдың бірін әскерилер күні-түні күзетіп тұр. Бұл аймақта Ресейдегі ең құпия әскери нысанының бірі орналасқан. Дәл осы нысанда Ресейдің президенті Путин Батысқа қарсы ядролық күштерді дамыту, соғыс жағдайында ядролық қару қолдану тапсырмаларын берген болатын.

 

Әскери базаның аумағы тым үлкен. Онда жерасты басқару орталығы бар. Сарапшылар аталмыш орталық антибункер бомбалардың соққыларына да төтеп береді деген ойда. Бұл нысан ядролық соғыс басталған сәтте ықтимал қарсыласқа атом қаруын қолдануға бұйрық беретін, шабуылды басқаратын орталықтың бірі саналады.

 

Бұл орталық туралы Данияның Danwatch және Dossier Center орталықтары зерттеу жасады. Кейіннен The Sunday Times газеті ауқымды мақала жазып шықты. Журналистер ғаламтордағы ашық деректерді, әскерилердің сұхбаттарын, кей инсайдерлік ақпараттарды сараптап, орталыққа қатысты біршама ақпарат жинақтаған.

 

Орталық ну орманның ішінде, тау шатқалдары маңында орналасқан. Оны спутниктен бақылау қиын, ал орталыққа кіретін туннелдерді қылқан жапырақты ормандар жасырып тұр. Орталық маңында Кытлым ауылы бар. Ал ауылда әскерилер орналасқан. Сарбаздар бұл ауылға 1980-ші жылдары орналастырылды. Кеңес Одағы НАТО-мен соғыс және ядролық соққы алмасу әрекеттерін жан-жақты қарастырды. Ядролық соққы алмасуға қатысты «Периметр» стратегиясын жасақтады. Бұл стратегия Батыста «Өлі қол» деген атаумен танымал. Ол стратегия бойынша Ресейге ядролық соққы жасалса, Ресей дереу арада қарымта соққы жасауы шарт.

 

Кеңес Одағы Ресейдің көптеген аймағына ядролық соққыға төтеп беретін бункерлер сала бастады. Соның бірі «1335-ші нысан» деген атау алды. Дегенмен Кеңес Одағы ыдырап, қырғи-қабақ соғыста АҚШ жеңіске жеткеннен кейін, көптеген бункерлер қараусыз қалды. Ресей билігі ішкі экономикалық дағдарыспен әуреге түсті. Алайда Путиннің саясаты Батыспен қақтығысты қайта ушықтырды. Сарапшылар ендігі таңда «Өлі қол» стратегиясы қайта жандануда деген ойда.

 

Бұрын жұмысын тоқтатты деген стратегиялық нысан маңында тағы бір бункер салынған. Журналистер ядролық соққыға төтеп беретін бункерді салуға қатысты мыңдаған беттік құжатты қолға түсіргенін айтты. Ал спутниктік түсірілімдер аталмыш нысан маңында ауқымды құрылыс жүріп жатқанын көрсетуде.

 

Danwatch ұйымы 2024 жылы 2,5 млн беттік құжаттарды қолға түсірді. Онда Ресейдегі құрылыс саласына қатысты 2011 жылдан бастап жүзеге асқан тендерлер мен тапсырыстар көрсетілген. Құжаттарға сәйкес, аталған ауданда құны жүздеген млн доллар болатын жерасты нысандары салынып жатқанын байқауға болады. 2018 жылдан бастап Мәскеу тау шатқалдарын бұрғылауға арналған құралдар алған. Шахтаны желдету жүйелері, химиялық, биологиялық, ядролық қалдықтарды сүзгіден өткізетін құрылғылар алынған. Ал аталған нысан маңындағы құрылыстарға 3 млн литр жанармай, 853 мың литр газ қолданылған. 20 мың тонна болат құрылысқа кеткен. Нысанға кіретін негізгі есігі мен апаттық есік арасындағы қашықтық 3 шақырымға жуық. Сәйкесінше, сарапшылар аталған нысанды аса үлкен стратегиялық-ядролық басқару штабы ретінде бағалауда.

 

Украина-Ресей соғысы басталғаннан кейін, Ресейдің саясаткерлері мен Путин бірнеше мәрте ядролық бопсаға барып, атом қаруын қолдану мүмкіндігін жоққа шығармады. 2020 жылы Путин әскерилермен кездесу өткізіп, ядролық саланы дамыту жайлы өткір мәлімдемелер жасады. Кездесуде Путин қарсыластың ядролық соққысына төтеп беретін нысандарды дамыту жайлы айтты.

 

«Үлкен қақтығыста соққыға төтеп беріп, әскери міндетті жалғастыруға мүмкіндік беретін жүйенің болуы аса маңызды. Маған соққыға төтеп беретін, ядролық күштерді басқаруды мүлтіксіз орындайтын нысанның құрылысы аяқталып қалғанын жеткізді. Ол өте мықты нысан болмақ», - деді Путин. Бұл «Өлі қол» стратегиясының қайта жалғасқанының нышаны еді.

 

Ресейлік сарапшылар АҚШ-тың антибункер бомбаларды дамытып жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Олар бункерлерді салуда жаңа технологияларды көбірек қолдану керектігін айтуда. Ал Иранның көсемі аятолла Әли Хаменеидің өлімі мен «Хезболла» көсемі Насралланың өлімі Путинді бункерлерді дамытуға итермелей түсуде дейді сарапшылар.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар