Олешкидегі аштық: Халық шөп жеп, минаға жарылуда. Әлем дабыл қағуда!

Ресей әскері Украинаға басып кірген сәтте, Херсон облысындағы Олешки қалашығы бірінші болып басқыншылар қолына өтті. 4 жылдан астам уақыт бойы оккупацияда күн кешкен қала халқы енді аштыққа тап болуда. 2023 жылы Ресей әскері Каховка су қоймасын жарған сәтте, Олешки қаласы да зардап шекті. Себебі қала Херсон қаласына жақын маңда, Днепр өзенінің бойында орналасқан.


ChatGPT Image 29 сент. 2026 г., 12_56_55.png(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

 

2026 жылдың мамыр айынан бастап қалаға азық-түлік, дәрі-дәрмек кіргізу қиындады. Ресей әскері қаладағы гуманитарлық жағдайдың ауыр екенін растады. Алайда бар кінәні Киевке ысыруда. «Украина қалаға азық-түлік тасыған көліктерді ұдайы дрондармен соққылап, қаланы құрсауда ұстауда» дейді олар. Дей-тұра украин тарапы бұл ақпаратты жоққа шығаруда.

 

Киев 2026 жылдың мамырынан бастап қаладағы жағдайдың ауыр екенін, гуманитарлық дәліз ашылу керектігін айтумен келеді. Халықаралық ұйымдар мен бақылаушыларға да сұрау салған.

 

Бүгінде қалада 2 мыңға жуық адам тұрады. Олар қаладан шығу мүмкіндігі жоқ екенін айтуда. Жазда бау-бақша егіп, шөп-шалаң жеп, күн көрген халық, күзде аштыққа тап болдық дейді. Қала тұрғындары қауіпсіздік мақсатында есімдерін өзгертіп, «Новая газета – Европа» басылымына әлеуметтік желі арқылы пікір білдірді. Олар қаладағы жағдайдың апатты күйде екенін айтуда. Соңғы рет қалаға азық-түлік 26-мамырда жеткізілген.

 

Андрей есімді тұрғын былай дейді: «Біз соңғы көкөністерді жеп, тірі қалудамыз. Одан кейін не болары белгісіз. Аштық қинап барады». Қала тұрғындары жазда жертөлелерді тінтіп, жеуге жарамды жемістерді теріп, тамақтанған. Қала маңындағы тоғайдан жеміс теріп, саңырауқұлақ терген.

 

Қаладан шығу мүмкін емес. Олешки қаласынан шығатын негізгі жолда бірнеше ресейлік әскери бекет орналасқан. Бұл бекеттерге украин дрондары ұдайы шабуыл жасауда. Ал қала маңы тұтастас миналанған. Өз еркімен қаладан кету әрекеттері көп жағдайда қайғылы аяқталады. Жақын елді-мекенге жетуге тырысқан бірнеше отбасы минаға жарылып кеткені жайлы ақпараттар бар. Қала майдан даласына жақын орналасқандықтан, дрондар мен артиллерия соққысына тап болу қаупі де жоғары.

 

Олешки қаласына жақын орналасқан елді-мекеннің бірі Раденск ауылы. Бұл ауыл да Ресей әскерінің оккупациясында. Олешки тұрғындары Раденск ауылына жаяу барып, жаяу қайтатын. Бұл ауылға Ресей әскері азын-аулақ азық-түлік жеткізіп тұрады. Олешки мен Раденсктің арасы 23 шақырым. Тұрғындар таңертең ауылға аттанып, азық-түлік алып, кеш батқанша Олешкиге оралуға тырысады. Себебі қараңғыда жол жиегіндегі минаны көру мүмкін емес. Тұрғындар Раденскте тұрақтап қала алмайды. Ресей әскері мен ауыл тұрғындары наразылық білдіреді. Ендігі таңда Раденскке жету де мұңға айналған. Өйткені қос тараптың дрондары жол бойын торып, соққы жасауда.

 

Тұрғындар Олешкидегі базардағы баға туралы айтты. «Жазда базар жұмыс істеді. Мысалы Раденскте қызанақ 100 рубль болса, бізде 1000 рубль болды. Раденскте 10 жұмыртқа 150-300 рубль арасында болса, бізде бір жұмыртқа 300 рубль болды. Қазір Олешкиде тауық қалған жоқ. Тұрғындар тауықтарын сойып, азық етті. Олешкиде шартты түрде тауық еті 1500 рубль болса, 20 шақырым жердегі басқа бір елді-мекенде 700 рубльге 1 келі ет аласыз. Бұқтырылған банкадағы ет бізде 2000 рубльден басталады», - дейді қала тұрғыны Сергей (есімі өзгертілген).

 

Қаладағы жағдайдың тым ауыр екенін, қала тұрғындары аштықтан қырылуы мүмкін екенін Еуропа елдері де айтуда. ЕО депутаттары Ресей әскерінің әрекетін геноцидке жақын әрекет ретінде бағалауда. Олар қалаға гуманитарлық дәліз ашылу керек деп санайды. Киев те бұл ұсынысты қолдауда.

 

Қаладағы аштық жайлы Ресей тарапы да үн қатуда. Мәскеу «бәріне кінәлі Киев» дейді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бүй деді: «Иа. Қалаға тамақ жеткізу бойынша қиындықтар бар. Киев режимі халыққа азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізуге барынша кедергі жасауда. Дрондармен соққы жасап, адамдарды өлтіруде. Жағдай расымен де өте ауыр», - дейді.

 

Песковтың сөзін Херсон облысының әскери басшылық төрағасы Александр Прокудин жоққа шығарып, былай дейді: «Оккупациядағы Олешки қаласында ресейлік тарап біздің 2 мыңға жуық адамымызды кепілдікке ұстап отыр. Олардың ішінде жүздеген бала бар. Олар тамақсыз, жарықсыз, сусыз жан бағуда. Ең ауыры, басқыншы билік бұл тозақтан бейбіт халықты шығармай, қамап отыр», - деді ол.

 

Украина Олешки қаласына азық-түлік жеткізуге тырысуда. 26-қыркүйек күні Украинаның жүздеген дроны оккупациядағы қаланың 100 нүктесіне 4 тоннаға жуық азық-түлік жеткізді. Украина дәл осындай операцияларды жалғастыратынын айтуда. Алайда қалаға гуманитарлық дәліз ашылмай, тұрғындарды құтқару қиын дейді.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар