Аштық жайлаған Африка: Тамақсыз отырған тағдырлар...Статистика не дейді?

Африкадағы аштық туралы сөз болғанда, көз алдымызға көбіне қуаңшылықтан жарылған жер, бос қалған құдық, азық іздеген балалар елестейді. Бірақ қазіргі Африкадағы аштықтың табиғаты әлдеқайда күрделі. Соғыс, мәжбүрлі көші-қон, азық-түлік бағасының қымбаттауы, климаттың өзгеруі, ауыл шаруашылығының құлдырауы және гуманитарлық көмектің жетіспеуі бір-біріне қосылып, аштықты күшейте түсті.


ChatGPT Image 30 сент. 2026 г., 16_24_59.png(Сурет: ЖИ көмегімен жасалды)

 

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2026 жылғы SOFI есебіндегі бағалауға сәйкес, 2025 жылы Африкада шамамен 309 миллион адам аштық жағдайында өмір сүрген. Бұл құрлық халқының 20 пайызына жуығы деген сөз. Яғни Африкадағы әрбір бесінші адам ашқұрсақ күйде күн кешуде. Ал 2026 жылы жағдай тіпті қиындай түсті. 

 

Әлемнің басқа өңірлерінде аштық көрсеткіші біртіндеп төмендеп жатқан кезде, Африкадағы көрсеткіш керісінше нашарлап барады. Бір жерде адамдар соғыстан қашып, үйін тастап кеткендіктен егін еге алмайды. Екінші жерде жауын-шашынның өзгеруі мал шаруашылығын күйретеді. Үшінші елде инфляция азық-түлікті қарапайым отбасының қалтасы көтермейтін тауарға айналдырады. Сондықтан Африкадағы аштықты бір ғана себеппен түсіндіру мүмкін емес.

 

Ең ауыр жағдайлардың бірі Суданда қалыптасып отыр. Елде 2023 жылдан бері жалғасып келе жатқан қарулы қақтығыс ауыл шаруашылығын, сауда жолдарын және медициналық инфрақұрылымды бұзды. 2026 жылдың ақпан-мамыр айларына арналған IPC бағалауында Суданда 19,5 миллион адам, яғни халықтың шамамен 41 пайызы аш отырғаны анықталды. Соның ішінде 5 млнға жуық адам өте ауыр жағдайда деп бағаланды.

 

Дарфурдағы жағдай бұдан да күрделі. 2025 жылдың соңындағы зерттеулерде Солтүстік Дарфурдың Ум-Баруда аймағында бес жасқа дейінгі балалар арасындағы аштық 52,9 пайызға, ал Кернойда 34 пайызға жеткен.

 

Орталық Африкадағы тағы бір ірі дағдарыс Конго Демократиялық Республикасында болып жатыр. Мұнда ұзақ жылдарға созылған қарулы қақтығыстар, әсіресе елдің шығысындағы тұрақсыздық, миллиондаған адамның қоныс аударуына себеп болды. 2026 жылғы дерек бойынша 26,5 миллион адам өткір азық-түлік тапшылығына тап болып отыр. Бұл Конго халқының шамамен әрбір төртінші адамы деген сөз.

 

Конгода аштық пен қақтығыс бір-бірін күшейтетін шеңберге айналған. Қақтығыс адамдарды жерінен айырады, жерінен айырылған адам табыссыз қалады, табыссыз қалған отбасы азық-түлік сатып ала алмайды. Ал аштық пен жұмыссыздық қоғамдағы тұрақсыздықты одан әрі тереңдетеді. Мұндай жағдайда гуманитарлық көмек уақытша тыныс бергенімен, мәселенің түпкі себебін шеше алмайды.

 

Африканың солтүстік-шығысында жағдайдың басқа сипаты бар. Сомалиде ұзаққа созылған қақтығысқа климаттық өзгерістер мен жауын-шашынның тұрақсыздығы қосылды. 2026 жылдың сәуір-маусым айларында елде шамамен 6 миллион адам азық-түлік тапшылығына тап болды.

 

Батыс Африкадағы аштықтың көрінісі сәл өзгеше. Мұнда қақтығыс, инфляция және азық-түлік бағасының өсуі ерекше рөл атқарады. 2025 жылғы деректер бойынша Батыс және Орталық Африкада аштықтың жоғары деңгейіне тап болған адамдар саны 36 миллионнан асып кетті. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 52 миллион адамға жетті. 

 

Нигерия бұл өңірдегі ең үлкен мәселелердің бірі болып отыр. 2026 жылғы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бағалауында елде 35 миллион адам азық-түлік тапшылығына тап болған. Малиде ел халқының тең жартысы аштыққа тап болған.

 

БҰҰ мен халықаралық сарапшылар Африкадағы аштық күшейген сайын, әлемдегі тұрақсыздықтың арта беретінін болжауда. Аштық жайлаған аймақтардан миллиондаған босқын Еуропаға ағылуда. Бұл Кәрі құрлықта миграциялық дағдарысты күшейтуде. БҰҰ мәселені шешудің жаңа механизмдерін қарастыру керек дейді.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар