The Telegraph басылымы Путиннің соңғы 4 жылдағы шешімдерін сараптай келе, «Ресей басшысы Брежневтің қателіктерін қайталауда» деген ұйғарымға келді. Қазіргі таңда Кремль әскери шығындарды ел экономикасы мен мемлекеттік бюджет көтере алмайтын деңгейге арттыруда. Брежневтің дәл осындай шешімдері де КСРО-ны тығырыққа тіреге болатын дейді сарапшылар.

(Сурет: ЖИ көмегімен жасалды)
Ресей билігі 2027 жылы әскери саладағы шығындарды бірден 27%-ға арттырмақ. Путин Украинадағы сан сәтсіздігіне қарамастан, қорғаныс саласына қаржы бөлуді арттырумен келеді. Қазіргі таңда қорғаныс және қауіпсіздік (әскер мен полиция) саласына бөлінген қаржы, Ресейдің мемлекеттік бюджетінің тең жартысына жетті. Сәйкесінше өзге салаларға бөлінетін қаржы қысқаруда, ал кей бағдарламаларды қаржыландыру мүлде тоқтатылды.
Путин қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны 17,1 трлн рубль етпек. Бұл Ұлыбританияның қорғаныс саласына бөлінетін қаржыдан екі есеге көп деген сөз. Ұлыбританияда ЖІӨ жан басына шаққанда 52 мың доллар болса, Ресейде бұл 14 мың долларға жуық. Осыған қарамастан Мәскеу әлеуметтік салаға бөлінетін қаржыға қол салып, ақшаны қорғаныс пен әскерге жұмсауда. Оның ұзақмерзімді салдары болады дейді мамандар.
Кремль бюджеттің 35%-ын тікелей соғысқа бағыттауда. Бұл қауіпсіздік саласына жұмсалатын қаржыны қоспағандағы көрсеткіш. Ресейлік тәуелсіз сарапшылар соғыстың экономикаға кері әсері орасан болады деген пікірде.
Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы азайған. Білім мен ғылым саласын жаңашаландыру, жаңа технологияларды енгізу бағдарламалары тоқтап қалды. Тіпті тұрмыстық техникаға утильалым енгізіле бастады. Салықтың түрі көбейіп, пайызы артты. Ал ипотеканың кей түрі жабылып, шарттары қиындаса, енді бірінің пайызы екі есеге өсті. Экономиканы жандандыруға Батыстың санкциялары кедергі болуда. Украина мұнай-газ секторына соққыны арттырып, экспортты қиындатты.
Путин жылдам аяқтаулы тиіс болған соғысқа бесінші жыл қатарынан орасан көп қаржы жұмсауда. Кремль Кеңес Одағы құлағаннан кейін, қазіргідей көлемде қорғаныс саласына қаржы жұмсаған емес. Ресейлік тәуелсіз сарапшылар Путиннің Батыстың қақпанына түсіп, ішкі қаржылық және ресурстық қорын жағып жатқанын айтуда.
The Telegraph сарапшыларының пікірінше, 1960-шы жылдары Брежнев қорғаныс саласына қаржыны көп бөле бастады. Ал КСРО әскері 1979 жылы Ауғанстанға басып кірген сәтте, Батыс Кремльді санкциямен соққылады. Әлемдік нарықтағы мұнай бағасы да бірде өсіп, бірде күрт құлдыраумен болды. Бұл КСРО-ның экономикасына үлкен соққы жасады. Кремль экономикалық көптеген қате шешімдерге жол берді. Ішкі нарықта тауарлардың тапшылығы артты. Ақыры бұл КСРО-ның ыдырауы әкелді.
Сарапшылар Брежнев үшін Ауғанстанға басып кіру қаншалықты қате болса, Путин үшін Украинаға басып кіру соншалықты қате болды дейді. Жақында ғана ОББ (ЦРУ) басшысы Джон Рэтклифф Мәскеуге барып, ресейлік әріптестерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында Рэтклифф Ресейдің экономикалық жағдайының күн санап нашарлап бара жатқанын айтты. Рэтклифф өз болжамында «Ресейдің қазіргі экономикасы КСРО-ның соңғы жылдарындағы кейіпте» деп баға берді.
Дегенмен Ресей басшысы ішкі сарапшылардың, Батыстық БАҚ-тың және экономистердің болжамына назар аударуға ниетті емес. Тіпті Орталық Банк болжамына да салмақты сипатта қараған емес. Ол қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны еселеу шешімін қабылдады. Бұл шешімді көпшілік «Путин Брежневтің жолына түсті» деп сипаттауда.
Mezgil.kz