Тағы бір соғыс бұрқ етті: Эфиопия қанға бөгуде. Тыграйлықтар деген кімдер?

Әлем қазір аласапыран күй кешуде. Тарсыл-гүрсіл қақтығыстар мен соғыстар жер жаһанның жан-жағын шарпыған.

1790851960690815.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

«UCDP» және «PRIO» секілді халықаралық соғысты зерттеу ұйымдарының дерегінше, қазір әлемде ұзын-саны 50-60 қарулы қақтығыс ошағы тіркелген. Бұл екінші жаһан соғысынан бергі кезеңдердегі ең жоғары көрсеткіш. Ең сорақысы – бұл қақтығыстар мен соғыстарға әлемнің 90-ға жуық мемлекеті ерікті және еріксіз түрде шарпылған...

ӘЛЕМДЕ БОЛЫП ЖАТҚАН СОҒЫСТАР

Қазір әлемде болып жатқан соғыстардың ішіндегі ең ірісі – Ресей мен Украина соғысы. Онан соң Таяу Шығыстағы соғыстар (АҚШ, Израиль, Иран, Ливан мен Газа секторындағы қақтығыстар). Иемендегі жағдай да кісі қызығарлық емес.

Мыңдаған адамды опат қылғанғ гуманитарлық апатқа алып келген Судандағы азамат соғысы мен Мьянмадағы азамат соғысының да ауқымы аз емес.

Африка құрлығы да соғыстан сау емес. Мали, Буркина-Фасо мен Нигердегі, Сомали, Конго мен Эфиопиядағы қақтығыстар да толассыз, тоқтаусыз жалғасуда.

Азияға бет бұрсаңыз, Тайуанның төңірегіндегі әскери маневрлерден өзге Үндістан, Пәкістан, Ауғаныстан шекараларындағы әлсін-әлсін сілкініп оянатын қақтығыстарға жолығасыз.

Ал Латын Америкасында Гаити мен Эквадордағы елішілік дағдарыс ушығып тұр. Мексикадағы наркокартельдермен күрес ауқымы да ұлғаю үстінде...

ЭФИОПИЯ: СОҒЫС ОТЫ БҰРҚ ЕТТІ...

Жердің үстінде оқ даусы тыйылмай тұрған осындай қиын-қыстау кезеңде жуырда Африкадағы Эфиопияда азамат соғысы қайта бұрқ етті. Эфиопияның солтүстігінде қарулы қақтығыстар қайта күшейіп, елдегі азамат соғысы жаңа кезеңге өтті. Тыграй аймағының көтерілісшілері солтүстіктегі стратегиялық әуежайларды басып алып, федералдық әскермен шиеленісті шайқасқа түсті. Сұрапыл соғыстың салдарынан 150 мыңға жуық жергілікті тұрғын өз баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды.

ТЫГРАЙЛЫҚТАР ДЕГЕН КІМДЕР?

Тыграйлықтар – Эфиопияның солтүстігіндегі тайпа. Дені Эфиопияның Тыграй аймағында тұрады. сандары шамамен 6,7 млн адам. Эфиопия халқының 6 пайызын құрайтын ірі күш.

2002-2022 жылдары бұлар Эфиопия билігімен соғысты. Нағыз қанқасап сонда болды. Ашық деректерде қос тараптан қаза тапқандар саны 600 мыңға жуықтайтыны айтылады. Олардың 200-300 мыңы әскерилер болса, қалғаны қарапайым халық.

ЭФИОПИЯДАҒЫ СОҒЫС ҚАЛАЙ ӨРБУДЕ?

Онан соң бейбіт келісім жасалған. Енді сол ескі соғыс қайта тұтанып отыр. Қос тарап соғысты қайта бастағаны үшін бір-бірін айыптауда. Өткен аптада Тыграй күштері Мэкэле, Аксум және Шире қалаларындағы әуежайларды басып алған.

Тыграйлықтар: «Бұл – федералдық күштердің дрондар, артиллерия және жаяу әскермен жасаған шабуылынан кейінгі қорғаныс әрекеттері», - деп түсіндірсе, Эфиопияның орталық үкіметі: «Тыграйлықтардың бұл шабуылы – алдын ала жоспарланған шабуыл», - деп айыптауда.

Қақтығыс әлі жалғасуда. Демалыс күндері Тыграй күштері Афар аймағындағы Эребти қаласын басып алған. Ал дүйсенбіде Эфиопия үкіметін қолдайтын құрылымдар Мэкэледен оңтүстікке қарай 120 шақырым жерде орналасқан маңызды логистикалық торап — Аламата қаласын өз бақылауына алған.

Халықаралық бағалаулар бойынша, қазір Эфиопиядағы жағдай өте күрделі болып тұр.

«Шекарасыз дәрігерлер» (MSF) ұйымы 22–25 қыркүйек аралығында Корем мен Аламата қалаларындағы ауруханаларға 420-дан астам жаралы түскенін, ал өткен аптада Сухул ауруханасына 300-ден астам зардап шегуші жеткізілгенін хабарлады.

Афар көшпенділерін дамыту қауымдастығының бағалауынша, 150 мыңға жуық адам босып кетуге мәжбүр болған.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш әуежайлардың басып алынуына және соғыстың Тыграйдан тыс жерлерге таралуына «қатты алаңдаушылық» білдіріп, тараптарды дереу атысты тоқтатуға, гуманитарлық көмекке жол ашуға және келіссөздерге оралуға үндеді.

ЭФИОПИЯ: МЫСЫР, СУДАН МЕН ЭРИТЕРИЯНЫ АЙЫПТАЙМЫЗ!

Эфиопия Қарулы Күштерінің бас қолбасшысы, фельдмаршал Бирхану Джула Эритрея, Судан және Мысырды «көтерілісшілерге қолдау көрсетті» деп айыптады.

Ал Судан армиясы бұл сөздерді жоққа шығарып, керісінше Эфиопияны «өз аумағын Судандағы «Жедел әрекет ету күштеріне» (RSF) пайдалануға беріп отыр» деп айыптады.

Мысыр СІМ-і: «Каир басқа елдердің ішкі істеріне араласпайды және Эфиопияның егемендігін құрметтейді», - деп мәлімдеді.

Эритрея да айыптауларды терістеп, Аддис-Абебаны «өз қателіктерінің жауапкершілігін бөгде елдерге аудара салуға тырысып отыр», - деп сөкті.

Осылайша, Эфиопияда қарулы һәм саяси шиеленіс ушыға түсті. Ал Тыграйлықтар  өзге алты қарулы топпен бірігіп, премьер-министр Аби Ахмед үкіметін биліктен тайдыруды және өтпелі өкімет құруды мақсат еткен жаңа альянс құрғанын жариялады.

ТАЯУ ШЫҒЫС ЕЛДЕРІ ЭФИОПИЯНЫ ҚОЛДАДЫ...

Эфиопиядағы саяси дағдарысқа қатысты халықаралық қоғамдастық, әсіресе Таяу Шығыс мемлекеттері алаңдаушылық білдіріп жатыр.

Катар «Эфиопияның федералдық күштеріне қарсы әскери эскалацияны» айыптады. Доха тарапы соғысты дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды қорғауға және Тыграй мен Эфиопия үкіметі арасындағы Претория бейбіт келісімін сақтауға шақырды. Сонымен бірге Катар қақтығысты диалог арқылы шешуге толық қолдау білдіретінін жеткізді.

Өз кезегінде Біріккен Араб Әмірліктері де Тыграй халықтық босату майданының (ТХБМ) және оның одақтастарының федералдық күштерге жасаған шабуылдарын айыптады. БАӘ өз мәлімдемесінде Әмірліктердің «Эфиопия үкіметімен және халқымен толық тілектес» екенін атап өтіп, конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге бағытталған әрекетті сынға алды.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар