Күні кеше Беларусь аумағы арқылы бір топ қарулы адам Латвия аумағына кірмек болды. Олар жиырмаға жуық босқынды өткізбек болған. Латвия шекарашылары оларды кіргізбеген соң, араға бірнеше сағат салып басқа тұстан Латвия аумағына өткен. Латвия аумағында шекара күзетінде қолданылатын бірнеше электронды жәшікті сындырып, камераларды ұрлап, қайта Беларусь аумағына өтіп кеткен. Бұл соңғы оқиға Еуропаның шығыс шекарасында жағдайдың біртіндеп қауіпті фазаға өткенін көрсетуде. Кемінде жиырма мигрантты Латвия аумағына өткізуге тырысқан қарулы адамдар қандай да бір мемлекеттің арнайы қызмет өкілдері де болуы мүмкін. Дәл осындай болжамды НАТО сарапшылары да айтуда.
(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Латвия билігі әзірге бұл адамдарды Беларусь арнайы қызметінің өкілдері деп жариялаған жоқ. Мемлекеттік шекара күзеті басшысы Гунтис Пуятс олардың ұйымдасқан қылмыс өкілдері болуы мүмкін екенін айтуда. Алайда шекараны бұзушылар Беларусьтың арнайы қызметімен тығыз байланыста болуы мүмкін дейді. Бұл гибридті соғыстың бір көрінісі деуге болады.
Тамыз айында Латвияның Ішкі істер министрі Янис Домбрава шекарадағы инфрақұрылымға зақым келтіріп, камера ұрлап, электр қалқандарын өртейтін адамдардың кейбірі Таяу Шығыс немесе Африкадан келген мигранттар мен босқындарға ұқсамайтынын айтқан еді. Бұған дейін Латвия шекарасында мигранттар мен босқындарды өткізу үшін пайдаланылған жерасты туннельдері табылды. Латвия шекара қызметінің басшысы мұндай ауқымды туннельді Беларусь шекарашыларының хабарынсыз қазу мүмкін емес деген пікір білдірді. Ол туннельдің ондаған метрге созылғанын, ондаған текше метр топырақ шығарылғанын айтты.
Еуропалық Одақ 2021 жылдан бастап Беларусь билігі Таяу Шығыс және басқа өңірлерден мигранттардың ЕО шекарасына жетуін ұйымдастырып, оларды саяси қысым құралы ретінде пайдаланғанын айтып келеді. Брюссель кейін санкциялық тетіктерін осы «мигранттарды инструментализациялау» әрекеттеріне жауап беретіндей етіп кеңейтті. ЕО-ның қазіргі ресми бағалауында Беларусьтің миграциялық қысымы басқа гибридті әрекеттермен қатар қарастырылады.
Гибридті қысым мен операциялар үшін кейде бірнеше жүз мигранттың өзі жеткілікті. Олар шекараға келгенде, қарсы тараптың алдында бірден бірнеше мәселе пайда болады. Қауіпсіздік, гуманитарлық міндеттемелер, ішкі қоғамдық пікір, халықаралық құқық, шекараны қорғау шығындары.
Балтық елдері Ресей мен Беларусь тарапынан төнетін гибридті қауіптерге ұзақ уақыт бойы дайындалуда. Латвия, Литва және Польша 2026 жылдың ақпанында бірлескен декларация қабылдап, Ресей мен Беларусь тарапынан жасалатын гибридті қауіптерге, соның ішінде миграцияны инструментализациялауға қарсы шекаралық ынтымақтастықты күшейтуге келісті.
Еуропалық шенеуніктер Мәскеуді диверсия, кибершабуыл, дрондар, әуе кеңістігін бұзу және басқа да жасырын операцияларды пайдаланып, Еуропаның Украинаға деген қолдауын әлсіретуге тырысуда деп айыптап отыр. Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Ресейдің Еуропадағы гибридті шабуылдары адам өміріне қауіп төндіретін деңгейге жеткенін айтты. Германия канцлері Фридрих Мерц те Ресей тарапынан жасалуы мүмкін ауқымды гибридті шабуылдарға Еуропаның дайындалып жатқанын мәлімдеді. Мәскеу мұндай айыптауларды жоққа шығарумен келеді.
Польша билігі 2025 жылы Украина бағытындағы теміржол желісіндегі диверсияның артында Ресейдің барлау қызметтері тұруы ықтимал екенін мәлімдеді. Германияда инфрақұрылымға, теміржолға, электр жүйелеріне және басқа нысандарға жасалған шабуылдар ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. 2026 жылы Германия билігі Лейпциг әуежайына қатысты дрон оқиғасын да Ресейдің ықтимал әрекеттерімен байланыстырды, ал Мәскеу мұны үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Балтық теңізіндегі жағдай да күрделі. Соңғы жылдары теңіз түбіндегі байланыс және энергетикалық кабельдер зақымдалды. НАТО осыған байланысты 2025 жылы «Baltic Sentry» операциясын бастады. Сөйтіп теңіздегі бақылауды күшейтті.
«Гибридті операцияның күші оның - белгісіздігінде» дейді сарапшылар. Егер шабуыл жасаған адамның әскери формасы болмаса, оның қандай да бір мемлекетке қатысын дәлелдеу қиындайды. Егер кибершабуыл үшінші елдегі серверден жасалса, оны бірден Ресей немесе Беларусь жасады деп айту да қиынға соқпақ. Егер кабельді кеме зақымдаса, оның әдейі істелгенін анықтау үшін ұзақ уақыт тергеу, тексеру керек болады. Ал сол уақытта операция жасаушы өзінің келесі қадамына көшіп кетеді. Міне, дәл осы белгісіздікті Ресей мен Беларусьтың арнайы қызметтері қолдануда дейді ЕО басшылары.
Сарапшылар қазіргі таңда Балтық елдері мен Польшаның Ресейдің ықтимал шабуылдарына дайындалып жатқанын айтты. Соның ішінде гибридті шабуылдардан бастап тікелей әскери шабуылдар сценарийлері де қарастырылуда.
Mezgil.kz