Бейжің қаруының қуаты: Қытай Ресейді ОА-дан ығыстырып жатыр...

Қазіргі геосаяси тартыстар ушыққан кезеңде әлем картасындағы ықпал ету аймақтары қарқынды түрде қайта бөліске түсіп жатыр.

1791360788756898.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Әсіресе, бұрыннан Мәскеудің «дәстүрлі ықпал ету аймағы» саналып келген Орталық Азияда ауыз толтырып айтарлықтай үлкен өзгерістер байқалады. Соның жарқын көрінісі — Түрікменстанның Ресей қару-жарағынан бас тартып, Қытайдың әскери техникасын белсенді түрде сатып ала бастауы. Бүгін сол жайлы аз-кем сөз арнамақпыз...

Бұл туралы әуелі «South China Morning Post» басылымы зерттеп жазды.

АШХАБАДТАҒЫ ӘСКЕРИ ШЕРУ: БЕЙЖІҢ ҚАРУЫНЫҢ ДЕМОНСТРАЦИЯСЫ

Жақында, яғни 27 қыркүйекте Түрікменстан астанасында өткен әскери шеруде ел билігі көпшілікке алғаш рет өзінде бар 11 су жаңа қытайлық «FK-2000» зымыран кешенін көрсетті. Бұл ең кем дегендегі есеп. Бұл заманауи әскери жүйе ұшақтармен, тікұшақтармен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және жоғары дәлдіктегі оқ-дәрілермен күресуге арналған құрал саналады. Ол зымырандарды, екі 30 миллиметрлік, 3 зениттік зеңбіректі, радар мен оптикалық-электрондық датчиктерді біріктірген қуатты кешен болып табылады.

«FK-2000» жүйесінен бөлек, Түрікменстан осы шеруде қытайлық ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрон) және радиоэлектрондық барлау жүйелерін де жұртқа паш етті.

Алайда бұл Түрікменстанның Қытай қаруына бірден көше салғанын білдірмейді. Ашхабад бұған дейін де, яғни 2016 жылдан бастап қытайлық «FM-90», «KS-1A» және «FD-2000» кешендерін, сондай-ақ әскери радарларды сатып алып келген болатын. Оның үстіне, түрікмен тарапы қару-жарақты тек Қытайдан ғана емес, Түркия, Италия және Израиль сияқты мемлекеттерден де қатар сатып алуда. Десе де, тенденция айқын – Бейжің Орталық Азияның әскери нарығындағы позициясын нығайтып келеді.

РЕСЕЙДІҢ ПОЗИЦИЯСЫ НЕГЕ ӘЛСІРЕДІ?

Бұл үдерістің басты себебі — Ресейдің Украинадағы соғысқа байланысты туындаған ішкі және сыртқы ресурстық тапшылығы. Мәскеудің әскери-өнеркәсіптік кешені қазіргі уақытта бірінші кезекте өз армиясының қажеттілігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған.

Мысалы, батыстық әскери сарапшы Лайл Голдстайнның айтуынша: «Ресей қазір басқа жаққа алаңдайтын мұршасы жоқ. Ал өзгелерге етер әсері айтарлықтай әлсіреген».

Украинадағы соғыс Ресейдің дәстүрлі одақтастарына қару-жарақ экспорттау мүмкіндігін шектеп қана қоймай, Орталық Азиядағы бос қалған геосаяси кеңістікті Қытайдың толықтыруына кең жол ашып отыр. Қытайдың әскери технологияларының сапасы артып, олардың әлемдік нарықтағы экспорты кеңейе һәм арта түсуде.

Түйіндеп айтқанда: Түрікменстанның бұл қадамы — Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы саясаттағы «көпвекторлы» ұстанымының тағы бір көрінісі. Ашхабад бейтараптық саясатын ұстана отырып, қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін әртараптандыруға тырысуда.

Ресейдің әскери әлеуеті Украинадағы соғыспен шектеліп жатқан тұста, Қытайдың бұл өңірге экономикалық тұрғыдан ғана емес, қауіпсіздік және әскери салада да нық қадам басуы аймақтағы күштер арасалмағын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Орталық Азия елдерінің ұзақ мерзімді перспективада қандай әскери-стратегиялық серіктеске арқа сүйейтіні алдағы уақыттағы басты сауалдардың бірі болып қала бермек.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар