АҚШ-та 3 қарашада Конгресс сайлауы өтеді. Қымбаттаған дизель, инфляция, Иранмен соғыстың экономикалық салдары және демократтардың сауалнамадағы басымдығы Ақ үйді сайлауға дейін шұғыл әрекет етуге итермелеп отыр. Трамп едел-жедел әрекет жасап, түрлі мәлімдемелері мен уәделерін қарша боратып, сайлауда республикалықтардың басым түсетінін айтуда.
(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Уашиңтонда саяси науқанның қызған шағы. Қарашаның басында америкалықтар Өкілдер палатасы мен Сенаттың барлық мүшесін сайлайды. Сонымен бірге, бірнеше штатта губернаторлар сайлауы өтеді.
Сырт көзге бұл кезекті аралық сайлау болып көрінеді. Алайда Дональд Трамп үшін оның саяси салмағы әлдеқайда ауыр. Республикалықтар Конгрестегі басымдығынан айырылса, президенттің заңнамалық бастамаларын өткізу қиындап, әкімшіліктің жұмысына бақылау күшейеді. Ал демократтар үшін бұл Ақ үйге қарсы саяси тепе-теңдікті қалпына келтіруге берілген мүмкіндік саналады. Кей сарапшылар тіпті "демократтар басым түссе, Трампқа импичмент жариялануы мүмкін" дегенді де айтуда.
Трамптың асығыс қимылына түрткі болған негізгі мәселелердің бірі — энергетикалық дағдарыс. Әсіресе дизель бағасының күрт өсуі америкалықтарды алаңдатуда. The Wall Street Journal басылымының 4-қазандағы материалына сәйкес, АҚШ-та дизельдің бір галлоны 6,36 долларға жеткен. Бір жыл бұрын оның бағасы 3,70 доллар шамасында болған. Жылдық өсім 72 пайызды құраған. Бензиннің де орташа бағасы бір галлонға 4,38 долларға көтерілген. Басылым фермерлердің шығынды қысқартып, қосымша жұмыс іздеуге мәжбүр болғанын, ал энергетика бағасының өсуі дәстүрлі республикалық электорат арасында да алаңдаушылық туғызғанын жазды. Бұл Трампты тыпыршытқан басты мәселенің бірі саналады.
Трамп президенттік сайлау науқанында америкалықтардың тұрмысын жақсартуға, инфляцияны тежеуге және энергия бағасын төмендетуге уәде берді. Дизель бағасының қымбаттауы бұл уәделердің орындалмағанын көрсетеді.
Энергетикалық қиындықты күрделендірген факторлардың бірі — Иранмен соғыстың мұнай және мұнай өнімдері нарығына ықпалы. Таяу Шығыстағы қақтығыс пен тасымал бағыттарына төнген қауіп әлемдік нарықта мұнай өнімдері бағасын шарықтатып жіберді. Дизельдің бағасы мұнайдың өз құнына ғана тәуелді емес. Мұнай өңдеу қуаты, қоймадағы қор, тасымал шығыны және халықаралық саудадағы бәсеке де шешуші рөл атқарады. Сондықтан АҚШ-та мұнай өндірісі жоғары болғанымен, бұл ішкі нарықтағы дизельдің арзан болуына автоматты түрде кепілдік бермейді.
Трамп сайлау қарсаңында дизель бағасын төмендету амалдарын жасауда. Осылайша ол республикалықтарды жақтайтын электорат санын арттыруда қалайды. 9 қазанда Трамп Путинмен дизель отынына қатысты келісім жасасқанын айтты. Ресей бастапқыда 300 мың тоннадан астам дизельді АҚШ пен әлемдік нарыққа жеткізетінін мәлімдеді. Кейін Ресейдің 500 мың тонна, одан кейін 3 миллион тонна дизель жөнелтетінін айтты.
Сарапшылар ресейлік дизель отыны АҚШ-қа қазан айының соңында жететінін айтуда. Ал оның көлемі тым аз және ішкі нарықтағы бағаға әсер ете алмайды дейді мамандар. Мәселенки, АҚШ-тың мұнай өңдеу кешендері 300 мың тонна дизельді жарты күнде өндіреді.
Қазір Трамп бастаған республикалықтардың рейтингі түсіп барады. Соңғы сауалнамалар да Ақ үй үшін қолайсыз көрініс қалыптастырып отыр. Track the Vote агрегаторының 11-қазандағы дерегінде демократтар Конгресс сайлауындағы жалпыұлттық дауыстың 49,3 пайыз, республикалықтар 40,7 пайыз қолдауға ие болған. Демократтардың басымдығы 8,7 пайызға артты. The Hill және Decision Desk HQ агрегаторында да демократтар 48,2 пайызбен, республикалықтар 40,4 пайызбен алда тұр. Агрегаторлардың сауалнамаларын нақты сайлау нәтижесі деп қабылдауға болмайды. Дегенмен олардың екеуі де демократтардың алда екенін көрсетеді.
Республикалықтардың проблемасы тек дизель бағасында емес. Егер сайлаушылар экономикадағы қиындықтарды әкімшіліктің саяси шешімдерімен байланыстырса, баға мәселесі басқа наразылықтармен қабаттасып, Трамптың партияластары қиын жағдайда қалуы ықтимал. Ал демократтар үшін басты міндет — ұлттық сауалнамадағы басымдықты нақты округтер мен штаттардағы жеңіске айналдыру. Қазір қос партия өз жақтастарын арттыру үшін жанталасып жатыр.
Mezgil.kz