Айнала аласапыранға айналған кезеңде Орталық Азия аймағында да көзге көрінерліктей ауқымды геосаяси һәм әскери-техникалық өзгерістер орын алуда десек жаңылмаймыз. Бұл біздің сөзіміз емес, әскери сарапшылардың сөзі...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Тәуелсіздік алған жылдардан бері аймақ елдерінің әуе қорғанысы мен қарулы күштері негізінен кеңестік және ресейлік әскери өнімдерге арқа сүйеп келген еді. Мұны да ешкім терістей алмайды. Дегенмен, соңғы уақыттағы жаһандық текетірестер, Украинадағы соғыс және әскери технологиялардың жедел дамуы аймақ мемлекеттерін Мәскеуге деген тәуелділікті азайтуға әрі әскери арсеналды әртүрлендіруге (диверсификациялауға) мәжбүр етуде.
Халықаралық басылымдарда жарияланған жарияланған шолуларға байыптап зер салар болсақ, Орталық Азия мемлекеттерінің жаңа қару-жарақ базарларына шығуы мен оның артында тұрған негізгі себептер жан-жақты талданып жатқанын аңғарамыз.
ҮНДІСТАН, ҚЫТАЙ ЖӘНЕ ТҮРКИЯ: АЙМАҚҚА КІМДЕР ӘСКЕРИ ТЕХНИКА ЖЕТКІЗІП ЖАТЫР?
Үндістан Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік хатшысы Кумар Сингх Делидің Тажікстан мен Түркіменстанға қысқа қашықтықтағы «Akash» зениттік-ракеталық кешендерін жеткізуді сәтті аяқтағанын мәлімдеді. Осыған дейін ашық дереккөздерде бұл келісімшарттар туралы ешқандай ақпарат болмаған еді. Ал аталған қос мемлекет өкілдері де бұл мәмілеге қатысты әлі күнге дейін ресми түсініктеме берген жоқ.
Дегенмен, аймақтағы әскери қайта қарулану тек Үндістанмен шектелмейді. Өзге де ойыншылар белсенді түрде өз позицияларын нығайтуда. Қараңыз:
Өзбекстан: Қытайдан 4+ буынындағы «J-10CE» жойғыш ұшақтарын сатып алып, оларды Өзбекстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған әуе шоуында көрсетті. Сонымен қатар, Ташкент пен Анкара арасында Өзбекстан армиясын модернизациялау туралы келісім жасалды. Осы бағдарлама аясында Түркия қарулы күштерінің шектеулі әскери контингенті Өзбекстанға орналастырылды.
Түркіменстан: Ашхабадта өткен Тәуелсіздік күні парадында қытайлық «FK-2000» әуе қорғаныс жүйесі, Бразилияның «A-29 Super Tucano» шабуылдаушы ұшағы және Италияның «Leonardo M-346» оқу-жауынгерлік ұшақтары көрсетілді.
Тәжікстан: Қытайдың «HQ-17AE» зениттік-ракеталық кешені мен жеке құрамды тасымалдауға арналған қытайлық сауытты техниканы арсеналына қосты.
Қырғызстан: Түркиядан бірнеше типтегі әскери соққы жасаушы ұшқышсыз ұшақтарды (дрон) сатып алды.
Оған қоса, ҰҚШҰ ұйымына де-юре мүше саналатын Армения да соңғы 4 жылда Ресей техникасының тиімсіздігін көріп, Делиден 15 дана «Akash» кешенін (болжалды құны 720 миллион доллар) және өзге де қару-жарақтарды сатып алғаны белгілі болып отыр.
МӘСКЕУДІҢ ЭКСПОРТТЫҚ ӘЛЕУЕТІ НЕГЕ ТӨМЕНДЕДІ?
Аймақ елдерінің баламалы базарларға бет бұруының басты себебі — Ресейдің Украинадағы соғысы болып табылады. Ресейлік әскери-өнеркәсіп кешенінің барлық қуаты қазір өз армиясын қамтамасыз етуге жұмылдырылған, бұл Мәскеудің сыртқа қару экспорттау мүмкіндігін күрт шектеді.
Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) деректеріне сүйенсек:
Әуелі, Ресейдің қару экспорты 2016–2020 жылдармен салыстырғанда 2021–2025 жылдары 64 пайызға азайған.Нәтижесінде Ресейдің әлемдік қару-жарақ базарындағы үлесі 21 пайыздан 6,8 пайызға дейін құлдыраған. Сонымен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрон) кеңінен қолданылуы дәстүрлі әуе қорғанысы жүйелерін қайта қарауды талап етуде.
САРАПШЫЛАР: ЖАЛҒЫЗ ҚОЖАЙЫННЫҢ ДӘУІРІ КЕЛМЕСКЕ КЕТТІ!
Қазақстандық әскери сарапшы, доғарыстағы авиация полковнигі Ермек Сейтбатталов бұл қадамдардың астарында әскери логика жатқанын атап өтті: «Ресейдің жақын арада бұрыннан бар қару-жарақ пен оқ-дәрілерді жөндеуге, оларға қызмет көрсетуге қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізе алмайтыны белгілі болып отыр. Жаңа әскери техника жеткізіледі деуге де негіз аз. Алайда, елді қорғау қашан да басты міндет болып қала береді», - дейді (Азаттық радиосы).
Сондай-ақ, Ермек Сейтбатталов әртүрлі елдердің қаруын араластырып пайдалану үлкен техникалық мәселе тудыратынын ескертеді: «Әр елдің техникалық стандарттары әртүрлі. Әртүрлі жүйелер біртұтас қорғаныс архитектурасы аясында жұмыс істей алмайды. Бұл мамандарды даярлауда, қосалқы бөлшектер жинау, жөндеу, қызмет көрсету және модернизация жасау кезінде үлкен кедергілер келтіреді», - дейді.
Ал Ослодағы Бейбітшілікті зерттеу институтының (PRIO) ғылыми қызметкерлері бұл қадамдардың саяси салмағы жоғары екенін айтады: «Бұл қадамдар нақты стратегиялық әлеуетті арттырудан гөрі, Мәскеуге өз позициясын білдіру сияқты әсер қалдырады. Тәжікстан сияқты ҰҚШҰ мүшесі де, бейтарап Түркіменстан да Мәскеуге оның аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі монополиялық дәуірі аяқталғанын сездіргісі келеді», - дейді сарапшылар.
Әскери сарапшылар болашақта Ресейдің орнын кім басуы мүмкін деген сұраққа: «Қытай, әрине, маңызды әріптес, бірақ ол аймақта үстемдік етуге ұмтылмайды, тек тұрақтылықты қалайды. Бұл аймақ елдеріне тиімді. Орталық Азия үшін бұдан былай «үлкен аға» болмайды. Жалғыз қожайынның дәуірі келмеске кетті», - дейді.
Mezgil.kz