Бүгінгі геосаяси ахуалды зерделеген сарапшылар қазіргі әлемдегі шиеленісті 1914 және 1939 жылдардағы дүниежүзілік соғыстардың қарсаңымен жиі салыстырады.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Алайда, бұл дәуірдің (XXI ғасырдың) ол дәуірден басты айырмашылығы — ядролық арсеналдың болуы мен оны қолдануға қатысты қалыптасқан жасырын тыйым. Егер кәдімгі қару-жарақ басқыншыны тоқтатуға жеткіліксіз болса, АҚШ президенті Трамп соңғы шектен аттап шығып, ядролық қаруды қолдануы мүмкін бе?
«The Wall Street Journal» басылымы осы сұраққа жауап іздеп, зерттеу жасапты. Бүгін сол болжамды ықшамдап ұсынбақпыз...
«ЯДРОЛЫҚ ТАБУ» ЖӘНЕ СОҒЫСТАРДЫҢ ШЕКСІЗДІГІ...
Қырғиқабақ соғыс кезеңінен бері ядролық қару тек соғысу құралы емес, ең алдымен «тежеуші фактор» міндетін атқарып келді. Америка Құрама Штаттары әркез: «Егер КСРО батыс Еуропаға басып кірсе, ядролық соққы береміз», - деп ашық сес көрсетіп, Мәскеудің әскери күшін тежеп отырды.
Алайда, Батыс сарапшыларының пайымдауынша, осы күнге дейін сақталып келген «ядролық табудың» кері жағы да бар:
Әуелі – ядролық державалардың бір-бірін толық жойып жіберу қаупі ірі мемлекеттерді тікелей соқтығысудан сақтандырды.
Онан соң – стихиялық соғыстарға жол ашылды. Бірақ бұл табу өзге де (ядролық емес) соғыстарды, аймақтық агрессиялар мен гибридті қақтығыстарды тоқтатуға дәрменсіз болып шықты.
Нәтижесінде, АҚШ пен оның одақтастарының «соғысты үлкейтпейміз» деген қорқынышы қарсыластардың қол-аяғын шешіп, жергілікті масштабтағы агрессияны өршіте түсті.
ТРАМПТЫҢ ЕСЕБІ: СОҢҒЫ СЕС ПЕ, ӘЛДЕ БОС СӨЗ БЕ?
АҚШ-тың бұрынғы стратегиясы қарсыластың «Уашиңтон шынымен бұл қадамға барады» деген сеніміне негізделген еді. Бүгінде АҚШ президенті Дональд Трамптың алдында үлкен дилемма тұр.
Егер кәдімгі қару-жарақ пен санкциялық қысым басқыншылықты тоқтатуға жеткіліксіз болса, АҚШ өз сесін іс жүзінде дәлелдеуге дайын ба? Бұған қатысты сарапшылар екіұшты пікір айтады:
Біріншіден, егер Мәскеу, Бейжің немесе Тегеран «АҚШ эскалациядан қорқып, ядролық батырманы бәрібір баспайды» деп шешсе, АҚШ-тың ядролық арсеналы өз тежеуші күшінен айырылады.
Екіншіден, ядролық қарудың жай ғана қоймада тұруы ештеңеге кепілдік бермейді. Егер Уашиңтонның қоқан-лоқысы жай сөз ретінде қабылдана бастаса, бұл геосаяси қарсыластардың тәбетін оятып, ауқымды әскери қақтығыстардың қаупін шарықтатып жібереді.
Ал Әлемді не күтіп тұр?
Дональд Трамптың саяси стилі әрдайым «болжап болмайтын» (unpredictability) тосын қадамдарға негізделген. Ол өз қарсыластарын үнемі беймәлім күйде ұстауға тырысады. Алайда, бұл тактиканың қаупі де жоғары: Кішкентай бір қате есеп бүкіл адамзатты апатқа әкелуі мүмкін.
Ал 1914 және 1939 жылдардағы қателіктер ірі державалардың бәсекелестігі мен есептің дұрыс жасалмауынан туындаған болса, бүгінгі таңда Трамп пен АҚШ-тың алдында тұрған басты міндет — ядролық соғысқа жол бермей, қарсыласты қатаң тежеудің жаңа тепе-теңдігін табу. Олай болмаған жағдайда, «ядролық табуға» сеніп арқаны кеңге салған әлем тағы бір жойқын соғыстың ошағына айналуы ғажап емес.
ПУТИННІҢ ҰСЫНЫСЫ: МЕН, ТРАМП ЖӘНЕ ШИ ҮШЕУІМІЗ КЕЗДЕСЕЙІК!
Тақырыпқа тұздық: Әлем ядролық қақтығыстың жай-күйіне алаңдап отырғанда, Ресей президенті Путин бастама көтеріп, қараша айында Трамп пен Ши үшеуінің кездесуін ұйымдастыруды ұсыныпты. Мұны да «The Wall Street Journal» басылымы жазды.
Қарапайым тілмен айтсақ, Путин Украина тағдырын Зеленскийсіз талқылауды ұсынды. «The Wall Street Journal» басылымының хабарлауынша, Ресей президенті бұл идеяны 9 қазанда Трамппен телефон арқылы сөйлескен кезінде айтқан.
Кездесу 18–19 қарашада АТЭС саммиті өтетін Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтуі мүмкін деген болжам бар. Дегенмен, келіссөздердің орны да, өтетін күні де әлі толық келісілген жоқ.
Дональд Трамп әлі келісім бермеген. Сонымен қатар Шидің де бұл бастамаға қатысты ұстанымы белгісіз. Десе де Ресей президенті Путиннің баспасөз хатшысы Дмитирий Песков: «Әзірге кездесудің өзіне немесе оның ықтимал күн тәртібіне қатысты нақты түсінік жоқ, дегенмен үш тарап та мұндай кездесуді өткізудің гипотетикалық (жорамал) мүмкіндігін мойындайды», – дейді.
Mezgil.kz