Путиннің арманы – «әлемді бөлісу». Трамптың қалауы – ядролық үстемдік. Ал Қытай не дейді?

Әлгінде ғана Ресей тарабы елпініп шығып, желпініп тұрып ұсыныс айтты. Ресей, Қытай мен АҚШ лидерлерінің үшжақты кездесуін өткізуді ұсынды. Кремль сөзінше, кездесу Қытай жерінде, қараша айында өтпегі ләзім.

1792487024555437.jpg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

«Әлемдегі алай-дүлей ахуалды, шарт та шұрт шайқастарды талқылап, шешім іздейік», - деді. Мұндай ұсыныстың болғанын Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та растап берді.

КРЕМЛЬ ҚАЛАУЫ – «ЯЛТА 2» ФОРМАТЫ...

Әдетте мұндай жолығуларға «Араб географиясын» қолай көретін Кремльдің бұл жолы таңдауы Бейжің жаққа ойысыпты. Қарашаның 18-19-ы күндері Қытайдың Шенжен қаласында АТЭӘ (Азия-Тынықмұхит экономикалық әріптестігі) саммиті өтеді деп жоспарланған. Бұл жиынға ұзын-ырғасы 21 елдің басшы-қосшылары келеді дейді. Солардың ішінде жұрт күтіп отырғаны үшеу. Олар – АҚШ, Қытай мен Ресей басшылары.

«Орайы келгенде» дегенді ойлаған Кремльдің жоспары осы. Кремль баспасөз өз сөзінде, талқыланатын тақырыптар ішінде Украина мәселесіне екпін түсіріп айтқан. Осылайша, Кремль «Ялта-2» форматын жасағысы келетінін көрсеткен. Яғни, әуелі Украина мәселесін Зеленскийсіз шешіп алып, онан соң «әлділер – әлемді бөлісейік» дегеннің заңдастырылған форматын өткізгісі келген.

«Axios» басылымының жазуынша, Кремль мұндай кездесуді өткізу идеясын биыл шілде айынан бері ұсынып келеді. Тіпті, содан бері Путин Трамппен екі мәрте телефон арқылы сөйлесіп, осы бастаманы ұсынған.

ТРАМПТЫҢ ДА ӨЗ ШАРТТАРЫ БАР...

Жалпы алғанда, Трамп мұндай жолығуға кетәрі емес екенін айтты. Бірақ, оның да өз шарты бар. Трамп «ядролық қарусыздану» мәселесін талқылау үшін Қытайда үшжақты саммит өткізуді қолдайтынын айтқан. Бірақ, ол жерде Украина мәселесін талқылауға ықылас білдіре қоймаған.

Трамптың өзі кеше БАҚ-қа берген сұхбатында «үшжақты саммитті өткізуге әлі нақты ресми келісімін бермегенін, бірақ  Ши мен Путин мұндай келіссөздер өткізуге ықылас білдірсе, ұсынысты қабыл алатынын» айтты.

Трамптың айтуынша, бұл кездесудің негізгі тақырыбы – үш мемлекеттің ядролық қару-жарақты шектеу немесе одан бас тарту мәселесі болуы тиіс!

Дейтұра, осы кездесу барысында Украинадағы соғысты реттеу мәселесі де сөз болатынын тілге тиек етті.

Ал «The Wall Street Journal» басылымы: « Үшжақты кездесу туралы бастама көтерген — Владимир Путин. Ресей тарапы осы кездесу арқылы Украинадағы соғысты талқылап, Мәскеу ұсынып отырған бейбітшілік шарттарына халықаралық қолдау тапқысы келеді», - деп жазды.

ҚЫТАЙ ТАРАБЫ НЕ ДЕЙДІ?

Әзірге, Кремльдің бастамасын Ақ үй қолдайтынын айтқанымен, үй иесі үнсіз. Журналистердің сұрағына ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі: «Бізде қазір бұған қатысты нақты ақпараттар жоқ», - деп қысқа қайырған.

Ал әлемдік сарапшылар: «Путин үшін бұл – «Ялта 2» форматын еске түсіретін кездесу. Алайда, дәл осы саммиттің өту-өтпеуі екіталай. Тіпті, өткен күннің өзінде онда күрделі саяси шешімдердің қабылдануы екіталай», - деп болжайды.

УКРАИНА: РЕСЕЙ ӘЛЕМДІК ДЕРЖАВА ЕМЕС!

Бұл форматтағы кездесуге қатысты Украина да өз реакциясын көп күттірмеді. Украинаның Сыртқы істер министрі Анрдей Сибига: «Ресей — әлемдік держава емес, әлемдік «мәселе», - деп мәлімдеді.

«Путинді мұндай кездесуге шақыру - оның даңғойлығын одан әрі өршітіп, жоқ беделін арттырады. Ол әлемдік көшбасшы емес, әскери қылмыскер. Ал Ресей — әлемдік держава емес, әлемдік мәселе», - деді Украинаның СІМ басшысы Андрей Сибига.

Ол Ресей экономикасының АҚШ экономикасынан кем дегенде 13 есе, ал Қытайдікінен 8 есе кіші екенін және ресейліктердің өмір сүру деңгейі күн өткен сайын құлдырап жатқанын айтты.

Сибиганың айтуынша: Ресей өзі жеңе алмайтын, бірақ аяқтағысы келмейтін соғыста қаза тапқандары мен жараланғандарын қоса есептегенде 1,6 миллион адамын жоғалтқан.

«Прагматикалық, моральдық тұрғыдан алғанда, Путинге Трамппен, Шимен бір үстелде отыратын орын жоқ», - деді Сибига.

Сибиганың айтуынша, Путин келіссөз үстелінен орын алуға тек бейбітшілікке қарай оң қадам жасау арқылы ғана лайық бола алады. Ал қазір Ресей ұрысты тоқтатпақ түгілі, бейбіт тұрғындарды атқылауды күшейтіп жатыр: «Бұл террор жалғасып жатқанда, оған ешқандай үстел басынан орын берілмеуі тиіс», - дейді Сибига.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар