Қазір әлемдік саяси кеңістік Ақ үй жақтан Киевке қарата қатаң әскери-саяси риторикалардың жиілегенін ызу-қызу талқылауда. Дональд Трамп әкімшілігінің Украинаны Ресей айтқан шарттармен бейбіт келісімге келуге мәжбүрлеу әрекеті тек Шығыс Еуропадағы майдан шебін өзгертіп қана қоймайды.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
«The New York Times» және «The Washington Post» басылымдарының жазуынша – бұл астыртын дипломатиялық қысым жаһандық қауіпсіздік архитектурасын шайқалтып, әлемдік экономикалық тәртіпке елеулі сілкініс әкелгелі тұр.
УКРАИНА МЕН ЕУРОПА ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ТИГІЗЕТІН САЛДАРЫ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?
Уашингтонның Киевті аумақтық шегіністерге көндіруі және әскери қолдауды бәсеңдетуі (мысалы, Starshield жұмысын баяулату, әуе қорғанысы жүйелерін бөлмеу) Еуропа құрлығы үшін бірқатар қауіпті прецеденттер туғызады:
Ең әуелі – күш қолдану арқылы шекараны өзгертуді халықаралық деңгейде тану және Ресейдің оккупациялаған жерлерін бақылауда қалдыруы халықаралық құқықтың беделін нөлге түсіреді. Бұл Мәскеу үшін де, басқа да амбициялы державалар үшін де «әскери күшпен мақсатқа жетуге болады» деген қауіпті сигнал.
Онан соң – Кремль Донбасс немесе оңтүстік аймақтармен шектелмейді. Суверенитеті әлсіреген, әскери потенциалы шектелген Украина Ресейдің болашақтағы толық аннексиясы үшін оңай олжаға айналады. Бұдан соң қауіп төнетін келесі аймақтар — Молдова, Балтық бойы елдері (Литва, Латвия, Эстония) және Польша болмақ.
Үшіншіден – АҚШ-тың соғысты жылдам «тоқтату» үшін одақтасының мүддесін құрбан етуі – НАТО-ның 5-бабына (ұжымдық қорғаныс) деген сенімді сөндіреді. Еуропа елдері америкалық қауіпсіздік кепілдігінен айырылғанын ұғынып, өз бетінше милитаризациялануға немесе ядролық қаруға қол жеткізуге мәжбүр болады.
Төртіншіден – Уашингтонның бұл қадамы Еуропалық Одақты (Германия, Франция, Ұлыбритания) өз қорғаныс бюджеттерін ЖҰӨ-нің 3-5%-ына дейін шұғыл өсіруге және АҚШ-сыз дербес әскери блок құруға итермелейді.
АҚШ ПЕН РЕСЕЙ МӘМІЛЕСІНІҢ ӘЛЕМДІК ЭКОНОМИКАҒА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?
«The New York Times» және «The Washington Post» басылымдарының жазуынша – Трамптың Уашингтон мен Мәскеу арасындағы экономикалық прагматизмге (мысалы, жақында болған ресейлік дизель отынына санкцияларды уақытша жұмсарту келісімдері) басымдық беруі жаһандық нарықтарды үлкен өзгерістерге ұшыратпақ. Атап айтқанда:
Энергетика нарығының қайта өзгереді және санкциялық режимнің құлайды. Бұл дегеніңіз – Ресей мұнайы мен газына қойылған шектеулердің біртіндеп алынуы немесе бейресми жұмсартылуы жаһандық энергетикалық ресурстардың бағасын арзандатуы мүмкін деген сөз. Бұл өз кезегінде АҚШ пен Еуропаның соңғы жылдары қалыптастырған санкциялық архитектурасын қиратады. Ресейдің қазынасына қайтадан миллиардтаған доллар ағылып, оның соғыс экономикасын аяғынан тік тұрғызады.
Онан кейін, Украинаны қайта қалпына келтіру ауыртпалығы кімнің мойнына жүктелмек деген сұрақтың басы қылтияды. Болжалды келісімде «Украина да экономикалық пайда көреді» деп уәде етілгенімен, іс жүзінде соғыстан қираған инфрақұрылымды қалпына келтірудің негізгі қаржылық салмағы (жүздеген миллиард доллар) АҚШ-тың және Еуропалық Одақ пен халықаралық қаржы институттарының (ХВҚ, Дүниежүзілік банк) мойнына жүктеледі.
Тағы бір маңызды мәселе – аталған келісім арқылы Азов пен Қара теңіз бассейніндегі Ресей бақылауы заңдастырылса, бұл жаһандық астық нарығындағы (Африка мен Таяу Шығыс елдері үшін) Мәскеудің монополиясын күшейтеді. Астық экспорттаушы ретінде Ресей саяси ықпалға ие болады.
АҚШ-тың соғысты уақытша тоқтату арқылы назарын Қытайға бұру стратегиясы Бейжің мен Уашингтон арасындағы экономикалық текетіресті ушықтырады. Бұл ретте Ресей-АҚШ арасындағы жартылай келісім БРИКС елдерінің доллардан бас тарту трендін тоқтата алмайды, керісінше халықаралық сауданың блоктарға бөлінуін тездетеді.
Түйіндеп айтсақ – Дональд Трамптың «Американы бірінші орынға қою» (America First) және кез келген бағамен «мәміле жасау» (deal-making) саясаты – Украина үшін ұлттық трагедияға, ал Еуропа үшін қауіпсіздік жүйесінің күйреуіне бастап әкелуі әбден мүмкін.
АҚШ-тың қысқа мерзімді экономикалық пайда мен ішкі саяси ұпай жинау үшін жасаған бұл геосаяси компромиссі ұзақ мерзімді келешекте жаһандық экономиканы тұрақсыздандырып, Еуропада үлкен соғыстың келесі толқынына алғышарттар жасайды.
Mezgil.kz