Мыңдаған компания шығынға батуда: Қытайдың өндірістік ғажайыбының ар жағында не тұр?

Қытайда өнеркәсіптік компанияларының шамамен 30 пайызы экспорт көлемі рекордтық деңгейге жеткеніне қарамастан, шығынға ұшырап отыр. Capital Economics деректеріне сәйкес, 2018 жылдан бері мұндай кәсіпорындардың үлесі екі есе өскен. The Atlantic басылымы бұл мәселені тиімсіз зауыттарға мемлекеттік қолдаудың артуымен және баға бәсекесінің күшеюімен байланыстырады.


Промышленный спад Китая.png(Сурет ЖИ арқылы жасалды)

 

Тамыз айында Қытай автомобильдерінің экспорты шамамен 80 пайызға өскенімен, өндірушілердің пайдасы 16 пайызға қысқарды. Қытай сарапшылары шетелдік сатып алушыларға тым үлкен тәуелділік Қытай экономикасын АҚШ пен Еуропаның нарығына байлап қойғанын айтуда.

 

Қытай әлемдік нарыққа автомобиль, электроника және өнеркәсіптік тауарларды бұрынғыдан да көп шығарып жатыр. Бірақ өндірістің өсуі компаниялардың табысын арттырмады. The Atlantic басылымының 22-қазандағы мақаласы осы қайшылыққа назар аударды.

 

Мұның негізгі себептерінің бірі — шамадан тыс өндіріс. Қытайда көптеген кәсіпорын бірдей тауар шығарады. Нарықтағы бәсеке күшейген сайын олар өнім бағасын төмендетуге мәжбүр. Сатылым көлемі өседі, бірақ әр тауардан түсетін пайда азаяды.

 

Автомобиль нарығында бұл үрдіс анық байқалуда. Reuters дерегіне сәйкес, 2026 жылғы тамызда Қытайдың жеңіл автомобиль экспорты бір жылда 77,5 пайызға өсіп, 894 мың данаға жеткен. Алайда ел ішіндегі сатылым 23,7 пайызға төмендеп, 1,55 миллион автомобильді құрады.

 

Экспорттың өсуі өндірушілердің табысын автоматты түрде көбейтпейді. Қытайдың автомобиль өнеркәсібінде 2026 жылдың алғашқы сегіз айында пайда 16 пайызға азайып, 253,4 миллиард юань болған. Осы кезеңде өндіріс шығындары 4 пайызға өскен. Ал кіріс небәрі 2,9 пайызға артқан. Саладағы пайда маржасы 3,6 пайызға дейін түсіп кетті.

 

Компаниялар арасындағы баға бәсекелесі жағдайды одан әрі қиындатып отыр. Бір өндіруші жеңілдік жарияласа, бәсекелестері де бағаны түсіруге мәжбүр болуда. Нәтижесінде нарықтағы үлес үшін күрес күшейеді, ал компаниялардың қаржылық тұрақтылығы әлсіреуде.

 

«Қытай экономикасының тағы бір осал тұсы ішкі сұраныстың әлсіздігінде» дейді сарапшылар. Халықтың тұтыну шығыны жеткілікті деңгейде өспесе, зауыттар өндірген тауарын өткізу үшін сыртқы нарыққа көбірек сүйенеді. Бірақ шетелдік нарыққа кіру оңай емес. АҚШ пен Еуропа Қытай тауарларына қатысты тарифтерді, сауда шектеулерін және отандық өндірісті қорғау шараларын күшейтіп жатыр. Бұл экспортқа тәуелді кәсіпорындардың жағдайын қиындатуда.

 

The Atlantic жариялаған мәлімет бойынша, Қытайдың қаржы секторынан тыс борышының ЖІӨ-ге қатынасы 300 пайыздан асқан. Мұндай жағдайда тиімсіз компанияларды үздіксіз қаржыландыру банктерге, мемлекеттік бюджетке және инвестициялық белсенділікке қосымша салмақ түсіреді.

 

Қытай экономикасы үшін негізгі міндет енді тек тауарды көбірек өндіру емес. Компаниялардың нақты табысын арттыру, ішкі сұранысты күшейту және тиімсіз өндірістерге тәуелділікті азайту маңызды болып тұр. Әйтпесе экспорт рекордтары сырт көзге экономикалық қуаттың белгісі болып көрінгенімен, оның астарында кәсіпорындардың пайдасы азайып, шығындары көбейетін қайшылық сақтала береді.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар