«Ешкім ешкімді аямайды»: АҚШ, Израиль және Иран «үлкен соғысқа» дайындалуда...

АҚШ пен Израиль Иранға қайта соққы беруге қызу дайындалып жатыр. Бұл туралы әйдік «New York Times» басылымы жазды. Ал Теһеран бұған қалай жауап бермек?

1792751293181717.jpg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

САЙЛАУДАН СОҢҒЫ СОЙҚАН: АҚШ ПЕН ИЗРАИЛЬ ЖОСПАРЫ ӘЗІР...

Басылымның жазуынша – бұл шайқас АҚШ-тағы аралық сайлаудан соң болмақ. Қазірдің өзінде АҚШ пен Израильдің әскери ведомстволары Иранға соққы беру бойынша нақты жоспарларын әзірлеп қойған.

Жуырда ғана АҚШ-тың Қорғаныс министрі Пит Хегсет Израильге арнайы барып, премьер-министр Биньямин Нетаньяхумен кездескен. Сол сапарда Иранға қарсы жаңа соққыларды егжей-тегжейлі пысықтап қайтқан.

Ал «Wall Street Journal» басылымы: «Трамп өз кеңесшілеріне тапсырма жүктеп, қарашадағы аралық сайлаудан кейін Иранды қайта бомбалауға дайындалуды бұйырған», - деп қыркүйек айынды жазған.

«New York Times» басылымы: «Израиль мен АҚШ қазан айының басындаИранға соққы беруге дайын болған, бірақ Трамп соңғы сәтте шабуылды кейінге шегеруге шешім қабылдаған», - деп жазады.

КӨЗДЕУДЕ ТҰРҒАН ИРАН: АҚШ-ТЫҢ АҢДЫҒАНЫ ҚАНДАЙ НЫСАНДАР?

Америкалық және израильдік әскерилер қысқа, бірақ қарқынды операция жоспарын әзірлеп, Ирақ аспанында ұрыс ұшақтарымен арнайы жаттығу өткізген.

Ал шабуыл жасалатын нысандар қатарына Иранның энергетикалық инфрақұрылымы, ядролық нысандары, сондай-ақ зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының арсеналы кіруі мүмкін деп болжанады. Осы жолғы ауқымды шабуылдар – сегіз айға созылған қақтығыстан кейін Иран экономикасын айтарлықтай күйретіп, Теһеранды дипломатиялық шегіністерге мәжбүрлеуі мүмкін деген көзқарастар бар.

Әне-мәне, үш тарап апыр-топыр ұрысты бастап жібермек деген гу-гу әңгімелер әлемдік ақпарат кеңістігіне жылдам таралып жатқан уақта, Ақ үй қожайыны Трамп: «Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу үшін барлық ықтимал нұсқаларды қарастырып жатырмыз», - деп айтты.

Божам бойынша, әскерилер жаңа соғыс фазасын бастауға қараша айының басында — яғни АҚШ-тағы аралық сайлаудан кейін толық дайын болады.

Бұл деген сөз – АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер толық тоқтады деген сөз емес, параллельді түрде дипломатиялық маневрлер де жалғасуда: Америкалық келіссөзшілер соғыстың қайта басталу қаупін Иранның ядролық бағдарламасы, Ормуз бұғазын ашу және оны бақылау сияқты мәселелерде ілгерілеушілікке қол жеткізу үшін Иранға қысым көрсету тұтқасы ретінде пайдалануда.

«NYT» басылымы: «АҚШ пен Израиль Иранның ядролық бағдарламасына қарсы операция жоспарларын әзірлеуде. Соның ішінде – Иранның «Кух-Коланг» деп аталатын таудағы терең жер асты ядролық кешеніне соққы берілуі мүмкін. Өткен аптада Трамп Пикакс тауына қарсы салмағы 22 мың тонна болатын «GBU-43/B Massive Ordnance Air Blast» (MOAB) бомбасын қолдану мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты», - деп жазады.

Ал сарапшылар «MOAB» - жер үстінде жарылып, кең аумақты зақымдайтынын және граниттен қашалған «Пикакс» сияқты жер асты нысанын жоюы екіталай екенін айтады. Бұдан бөлек, үлкен салмағына байланысты бұл оқ-дәрі «MC-130» көлік ұшағы арқылы жеткізіледі, ал оны атып түсіру салыстырмалы түрде оңай.

ИРАННЫҢ ЯДРОЛДЫҚ ҚАРУЫ: ТЕҺЕРАН ШЕГІНУГЕ НИЕТТІ ЕМЕС...

Ал Теһеран әзірге ядролық бағдарлама бойынша қандай да бір жеңілдіктерге баруға дайын еместігін ашық айтты. Ол бұл мәселені келіссөздердің кейінгі кезеңінде талқылауды талап етуде.

АҚШ пен Израильдің бұл жоспарлы шабуылына қатысты саяси сарапшылар пікірі екіұшты.

Бір тобы – «АҚШ Иранды тоқтаусыз үш күн шабуылдау арқылы Теһеранның позициясын әлсірете алады», - десе, енді бір тобы – «Ақпаннан сәуірге дейін созылған алдыңғы шабуылдармен салыстырғанда, бұл жолы шабуыл ауқымды бола қоймайды, сәйкесінше нәтижеде көзге көрінер-көрінбес болады», - деп топшылайды.

Сыни көзқарастағы сарапшылар: «АҚШ-тың Иранға қарсы әскери операциясының басты мақсаттары мүлде орындалған жоқ. Керісінше, әлемде энергия тасымалдау бағасының өсуіне және инфляцияға әкелді, Таяу Шығыстағы қауіпсіздікке нұқсан келтірді әрі Пентагонның тосқауылшы зымыран қорын айтарлықтай азайтты», - дейді.

Ал Таяу Шығыс саясаты жөніндегі Вашингтон институтының қызметкері Дана Строул: «Соғыстың осы кезеңінде бір нәрсе анық болды. Ол – осы уақытқа дейін дәстүрлі қару-жарақты қолдану арқылы жүргізілген әскери науқан, сондай-ақ қолданыстағы қатаң экономикалық санкциялар мен америкалық теңіз блокадасы Ирандағы режимді келіссөз үстеліне қайтара алмады», - дейді.

ИЗРАИЛЬДЕГІ САЙЛАУ: ЖОСПАР ӨЗГЕРЕ МЕ?

27 қазанда өтетін Израильдегі сайлау бұл жоспарларға өзгерістер енгізуі мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, егер Нетаньяху жеңіліске ұшыраса, ол жаңа премьер сайланғанға дейін мемлекет басшысының міндетін уақытша атқарушы ғана болып қалады. Мұндай жағдайда оның әскери операциялармен айналысуға мұршасы болмайды.

Ал кейбір аналитиктер Нетаньяху АҚШ пен Израильдің біріккен жедел соққысының нәтижесін өз бәсекелестеріне қысым жасау және оларды соғыс кезіндегі ұлттық бірлік үкіметіне кіруге көндіру үшін пайдалануы мүмкін деп санайды. Бұл оған белгілі бір мерзімге өкімет басында қалуға мүмкіндік береді.

Шын мәнінде, Нетаньяху 2023 жылғы «7 қазан оқиғасынан» кейін тура осылай істеген. Ол ұлттық қауіпсіздік саласында шешім қабылдауға жәрдемдесу үшін әскери кабинет құрамына оппозицияның кейбір өкілдерін енгізіп, ұлттық бірлік үкіметін құрған.

ИРАН НЕ ДЕП ЖАУАП БЕРМЕК?

Иранның ресми тұлғалары бұл жолы аймақтағы тек сауда кемелері мен энергетикалық инфрақұрылымға ғана емес, сонымен бірге деректерді өңдеу орталықтары мен су асты интернет-кабельдеріне де жауапты соққы беретінін айтып уәде берді. Теһеран әскери әрекеттердің тез де, шектеулі де болмайтынын ескертеді.

Теһерандық саяси аналитик Пейман Салехи: «Пикакс» кешеніне шабуыл жасалған жағдайда, Иран Сауд Арабиясындағы ірі мұнай өңдеу зауыттарына соққы беру арқылы жауап қайтаруы мүмкін. Өйткені бұл мұнай мен энергия тасымалдау бағасының демарада шарықтауына әкеледі. Соғыс бізге Трампқа қысым жасаудың ең жақсы тұтқасы — мұнай мен энергия тасымалдау бағасын көтеру екенін түсіндірді, өйткені бұл американ халқына тікелей соққы болып тиеді», - дейді Салехи.

Ал Иранның бас келіссөзшісі Мохаммад Багер Галибафтың аға кеңесшісі Махди Мохаммади: «АҚШ Иранға жаңа соққылар раундын 72 сағат ішінде аяқтайды» деген идея бос «қиял». Соғыстың қашан аяқталатынын Иранның өзі айқындайды», - деп мәлімдеді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар