25 қазан – Қазақстанның егемендік жолындағы алғашқы тарихи қадамы айшықталған, мемлекеттілігіміздің негізі қаланған ерекше дата – Республика күні.

(Сурет: aqshamnews.kz сайтынан алынды)
Бұл мереке – тек тарихи оқиғаны еске алу емес, елдікті ұлықтайтын, ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртатын және болашаққа деген сенімімізді нығайтатын салтанатты күн.
Мемлекеттің мықтылығы мен қоғамның дамуы ең алдымен ұлттық құндылықтардың деңгейімен өлшенеді. Ал ол құндылықтардың өзегі – ортақ іс, ынтымақ-бірлік және әр азаматтың жауапкершілігі.
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – РУХАНИ ДІҢГЕК
Ұлттық құндылық – бұл біздің ғасырлар бойы қалыптасқан рухани қазынамыз, салт-дәстүріміз, тіліміз, мәдениетіміз бен елге, жерге деген сүйіспеншілігіміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде өз ерекшелігімізді сақтап, бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін өзіндік терең тамырымызға сүйенуіміз қажет. Ата-бабамыздан аманат болып келген бауырмалдық, қонақжайлылық, үлкенді сыйлау, айналаға қамқорлық таныту сияқты асыл қасиеттер – заманауи қоғамның да басты адами капиталына айналуы тиіс.
ЕЛ БІРЛІГІ – БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ
«Береке басы – бірлікте» дейді халық даналығы. Қазақстан – көпұлтты әрі көпконфессиялы біртұтас мемлекет. Біздің басты байлығымыз бен күшіміз – әртүрлі мәдениеттердің жарасым табуында және бейбітшілікте. Республика күні – елімізді мекендейтін барша халықты бір шаңырақ астына ұйыстыратын, ортақ отанымызға деген мақтаныш сезімін оятатын айтулы мереке. Бірлігі бекем елді ешқандай сынақ майыстыра алмайды.
Мемлекеттің гүлденуі мен дамуы тек жоғарыдан қабылданатын шешімдерге ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті адал еңбегі мен жауапкершілігіне байланысты. Ел игілігіне бағытталған кез келген әрекет – ол мектептегі сапалы білім беру, тазалықты сақтау, еңбектегі кәсібилік, туған жерді көркейту немесе қайырымдылық жасау болсын – бәрі де ортақ үйімізді нығайтуға қосылған үлес.
«Ел маған не береді?» деп емес, «Мен елге не бере аламын?» деген ұстаныммен өмір сүру – нағыз патриотизмнің көрінісі. Азаматтық жауапкершілік бар жерде заң үстемдігі, тәртіп, әділеттілік және өркендеу болады.
Республика күні – азаттығымыз бен егемендігімізді ұлықтайтын, ұлттық рухымызды көтеретін басты мереке. Еліміздің болашағы – біздің қолымызда. Ортақ мақсатқа жұмылып, ынтымағымызды арттырып, әрбіріміз өз ісімізге жауапкершілікпен қарасақ, Қазақстанның тұғыры қашан да биік болмақ.
Қазақстанның егемендігі мәңгілік, бірлігіміз бекем болсын!
Mezgil.kz