АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен қолға алынған Уашиңтон, Мәскеу және Бейжің басшыларының басын қосатын жаңа жаһандық келісім – «Жаңа Ялта» жобасы халықаралық сарапшылардың қатаң сынына ұшырауда.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Тарихтың қатпар-қатпар қойнауында қалған 1945 жылғы «Ялта конференциясының» үлгісімен «әлемді қайта бөлісу идеясы» қазіргі геосаяси шынайылыққа мүлдем сәйкеспейді. Бұл анық. Сол үшін де Батыстың жетекші басылымдары бұл үшеудің басқосуы болмай жатып тығырыққа тірелгенін және мұндай формат Мәскеудің мүддесіне жұмыс істейтінін айтып дабыл қағуда.
«WSJ» және «Bloomberg» басылымдары «Жаңа Ялта» жиыны туралы не дейді? Біз ықшамдап ұсынғанды жөн санадық...
ҮШ ДЕРЖАВА ОРТАҚ МАҚСАТҚА ЖЕТЕ АЛА МА?
Қос басылым шолушыларының пікірінше, АҚШ, Ресей және Қытайдың көзқарастары мен мүдделері бір-біріне мүлде қайшы. Қараңыз:
Ресейдің мақсаты – Еуропаны тұтас бағындыру. Дәлірек айтқанда – Владимир Путин үшін бұл кездесу аумақтық мәселелерден де үлкен маңызға ие. Оның басты мақсаты – Еуропаның қауіпсіздік архитектурасын түбегейлі өзгертіп, барлық континентте Мәскеудің ықпалын қалпына келтіру және Украинаны капитуляцияға мәжбүрлеу.
Ал Қытайдың мақсаты – Тайуанның мәселесін біржақты ету. Бейжің Тынық мұхиты аймағындағы ықпалын кеңейтіп, Тайуанды өз бақылауына алуға ұмтылады. Дегенмен, сарапшылар Қытайдың бұл үшжақты форматтан өзіне экономикалық немесе саяси пайда көре алмаса, тіпті бұл саммиттен бас тартуы да мүмкін екенін атап өтеді.
АҚШ-тың да араны ашылып-ақ отыр. Дональд Трамп бұл процесте коммерциялық олжа іздеп, әсіресе, АҚШ пен Ресей арасындағы стратегиялық қару-жараққа бақылау жасау мәселесін шешуге тырысады. Себебі Бейжің өзінің ядролық арсеналын қарыштап дамытып жатыр, бұл Уашиңтон мен Мәскеуді ортақ мәмілеге келуге итермелейді. Сонымен қатар, Трампты ішкі нарықтағы жанармай бағасы мен экономикалық көрсеткіштер көбірек алаңдатады.
«УКРАИНАСЫЗ – УКРАИНА МӘСЕЛЕСІ» ЖӘНЕ ЕУРОПАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ТӨНГЕН ҚАТЕР...
«Жаңа Ялта» форматының ең әлсіз тұсы – Киев пен Еуропа елдерінің пікірі мүлде ескерілмеуінде.
Украина өз болашағы мен қауіпсіздігіне қатысты шешімдердің сыртта қабылданып, Мәскеу шарттарының таңылуына ешқашан келіспейді. Өз кезегінде, Еуропа елдері де Ресейдің континенттегі қауіпсіздік ережелерін өз бетінше диктат етуіне жол бермесі анық.
«Bloomberg» басылымының бағалауынша, Путин қыс мезгіліне дейін Украинаны толықтай әлсіретіп немесе капитуляцияға көндіре аламын деп сенетіндіктен, қазіргі уақытта нақты келіссөздер жүргізуге ниетті емес. Ресей тек уақыт ұтып, әлемді алдаусырату үшін ғана келіссөздерге қызығушылық танытқан сыңай танытуда.
Сарапшылар АҚШ-тың бұл келіссөздерге әлсіз позициямен бара жатқанын ескертеді. Таяу Шығыстағы (Иранмен қақтығыс) жағдай, Еуропамен одақтастықтың әлсіреуі және Азиядағы ықпалдың төмендеуі Уашиңтонның ұстанымының шаңырағын шайқалтып жатыр. Ал Қытай мен Ресей бұл жағдайды өз пайдасына шешуді көздеп, «әп-бәрекелді» деп, алақандарын ысықлап отыр.
Шенженде немесе басқа аймақта өтуі ықтимал бұл үшжақты саммит іс жүзінде ешқандай нәтиже бермесе де, жаһандық ақпараттық шу тудырады. Бұл шудың артында әлем жұртшылығы «Украинадағы соғыс тоқтатылып жатыр» деген жаңсақ пікірге сеніп қалуы мүмкін. Алайда, бұл имидждік қадамдар тек Кремльдің саяси ұпай жинауына ғана қызмет етпек.
Түйіндеп айтқанда: Трамптың екінші президенттік мерзіміндегі «Жаңа Ялта» идеясы – қазіргі геосаяси шынайылыққа мүлдем сай келмейтін қауіпті қадам. Державалар арасындағы түпкілікті қайшылықтар, одақтастардың қарсылығы және Ресейдің соғысты жалғастыруға деген сенімділігі бұл жобаның басынан бастап сәтсіздікке ұшырағанын көрсетеді. Мұндай саммиттер соғысты тоқтатпайды, керісінше, агрессордың өз мүддесін жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасап береді.
Mezgil.kz