Ресейдің спутниктері хуситтерге Сауд Арабиясына соққы жасауға көмектесіп отыр. Бұл туралы Associated Press (AP) агенттігі ауқымды мақала жазды.
(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)
Шабуылдардың дәлдігі мен нәтижелі болуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – барлау ақпаратының дәлдігі. Геокеңістікті барлаумен айналысатын AURORAH жекеменшік компаниясы 1-шілде мен 19-қазан аралығында Иран қолдайтын хуситтер мен Ирактағы қарулы топтардың Сауд Арабиясына жасаған 40-қа жуық зымыран және дрондар шабуылын зерттегенін мәлімдеді. Зерттеу барысында барлық жағдайда бірдей заңдылық байқалған: Ресей спутниктері шабуыл нысандарының үстінен соққыға дейін бірнеше күн бұрын және шабуылдан кейін де ұшып отырған!
Женевада орналасқан AURORAH Geosignal Intelligence компаниясының негізін қалаушы Науаф Обейд: «Спутниктердің белсенділігі мен жасалған шабуылдар арасында жүз пайыздық сәйкестік анықтадық», — деп мәлімдеді.
Жиналған деректер Ресейдің Иран мен оның аймақтағы одақтастарына Сауд Арабиясының мұнай және әскери инфрақұрылымына соққы жасауға көмектесіп отырғанын аңғартады. Бұл өз кезегінде әлемдік энергетикалық нарықтағы бағаның өсуіне ықпал еткен.
10-қыркүйек күні таңертең Ирактан ұшырылған дрондар Сауд Арабиясының «Шығыс–Батыс» мұнай құбыры бойындағы аса маңызды үш сорғы станциясына соққы жасады. Соның салдарынан аталмыш құбыр арқылы іске асатын мұнай тасымалы дереу тоқтады. Патшалық аумағын бойлай өтетін, ұзындығы 1200 шақырым болатын бұл құбыр әлемдік нарыққа мұнайды жеткізудің балама бағыты саналады. Сорғы станциялары мұнайды құбыр арқылы жөнелтуде негізгі рөл атқарады. AURORAH Geosignal Intelligence компаниясының негізін қалаушы Науаф Обейд: «Ирактағы қарулы топтар дәл осы нысандарға соққы беруді таңдаған және ұзақ зерттеген», — деді.
Шілде айынан бастап AURORAH Geosignal Intelligence компаниясы Ресейдің «Космос-2600» сериясына жататын 11 спутнигін бақылап, мұнай құбырының үш учаскесіне ерекше назар аударған. Сарапшының айтуынша, шабуылдарға бірнеше апта қалғанда спутниктердің осы аумақтардың үстінен өту жиілігі артқан. Ал соққы жасалардан бірнеше сағат бұрын олардың белсенділігі одан әрі күшейген. Бұл шабуылға дейін де, одан кейін де барлау жұмыстары жүргізілгенін аңғартады.
Арада бір апта өткенде Сауд Арабиясының Таиф қаласындағы Король Фахд атындағы әуе базасы хуситтердің шабуылына ұшырады. Италия Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан базадағы ангарлармен қатар, Италия әскери әуе күштерінің Eurofighter Typhoon жойғыш ұшағы да зақымданған.
Екі жағдайда да сарапшылар шабуылға дейінгі және одан кейінгі 72 сағат ішінде нысандардың үстінен ұшқан Ресей спутниктерінің саны 50 пайызға артқанын тіркеген. AURORAH компаниясы Ресейдің 72 барлау спутнигін анықтаған. Одан кейін мамандар олардың орбиталық траекториялары мен қозғалысын бақылап, жер бетіндегі әскери белсенділікпен салыстырған.
Ресейдің спутниктік барлауы хуситтердің Йемендегі азаматтық соғыста әскери жетістіктерге жетуіне де ықпал еткен болуы мүмкін. Науаф Обейдтің айтуынша, AURORAH жүйесі спутниктердің 15-қазанда Йеменнің оңтүстігіндегі Аден қаласында орналасқан президент сарайына және Сауд Арабиясы бастаған коалиция пайдаланатын басқару орталығына жасалған шабуылдармен байланысты нысандардың үстінде белгілі бір тәртіппен орналасқанын анықтаған. Шабуа аймағындағы әскери орталыққа жасалған шабуыл да осы бақылаулармен байланыстырылады. Аталған шабуыл салдарынан 75 сарбаз қаза тапқан еді.
Йеменде жұмыс істейтін ирандық кеңесшілер Ресейдің спутниктік барлау мәліметтеріне сүйеніп, нысаналарды хуситтерге беріп отырған. Мұны AP агенттігіне хуситтердің жоғары лауазымды жетекшілерінің бірі хабарлаған. Сарапшылар Кремльдің хуситтерді жасырын қолдап отырғанына еш күмән жоқ дейді.
Mezgil.kz