Әуелі Орбан кетті, онан соң Вучич кетті: «Путинизм елесі» Еуропаға қош айтуда ма?

Мажарстандағы Виктор Орбан мен Сербиядағы Александр Вучичті өз уағында Еуропадағылар авторитар басшылардың қатарына жатқызатын. Кезінде бұл екеуінің билік режимін Ресейдікімен салыстырып, қызды-қыздымен «фашизмге» теңегендер де болды. Қазір бұл екеуі де биліктен жеңіліп кетті.

1793266754734787.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

СЕРБИЯДАҒЫ «СТУДЕНТТЕР» ҺӘМ ВУЧИЧТІҢ 14 ЖЫЛЫ

Қазан айының бел ортасы болғанда Сербияда сайлау өтті. Александр Вучич пен оның «Серб прогрессивті партиясы» (СНС) он төрт жыл бойы елдің саяси өмірінде үстемдік етіп келген-ді. Өткен жексенбіде Вучич партиясы жеңілді. Жеңілгенін у-шусыз мойындады. Мойындауға мәжбүр болды.

Вучич пен оның партиясына бұл сайлаудың оңайға соқпасын өзге түгілі экс-президент Вучичтің өзі де айтқан. Бірақ, күреспей берілмеуге бел буды. Сайлауға түсті. Ресейлік БАҚ-қа ағынан жарылып сұхбат берді. Науқанды қызу жүргізді.

Оны жеңген – ескі дұшпан – ескі күш – оппозиция емес. Су жаңа саяси күш – «Студенттер тізімі» дейтін партия. Бұрынғы оппозицияның өзінде бедел жоқ-тын. Ал сарапшылар, басқа-басқа дәл осы «Студенттер тізімі» басты бәсекелес деп айшықтап берген. Солай болып шықты. «Студенттер тізімі» сенімді жеңіске жетіп, ел Парламентінде көпшілік орынға ие болды. Вучич блогынан жарты миллионға жуық дауыс артық жинады.

Вучичтің қолында күш болды. Ол күш – ұйымшыл команда, әкімшілік ресурс және медиа еді. Және ең бастысы – Вучичті Ресей ашық қолдады. Ол тіпті, АҚШ-тағы Дональд Трамп әкімшілігімен байланысы жақын болды, Қытаймен, Израильмен және Біріккен Араб Әмірліктерімен де тығыз қарым-қатынас орнатқан еді.

«ХАЛЫҚ ТАҢДАУЫ» – ВУЧИЧ ЕСЕПТЕН ЖАҢЫЛДЫ...

Бірнеше жылға созылған елішілік саяси дағдарыстардан соң, халық жаппай наразылықтарға шыға бастаған. Биліктің ауысуын талап қылды. Тап қазір Еуропаның бірнеше елінде болып жатқан бұлқын-жұлқын, тарсыл-гүрсіл әуелі Сербияда басталған. Бірнеше жылдық қарсылықтан соң Вучич биыл отставкаға кетті. Бірақ, партиясымен бірге қайта сайлауға түсіп, Үкіметті тізгіндегісі келді. Анығы – президенттіктен премьер-министрлікке формуласы бойынша есеп құрды. Онысын өзі де жасырмай, ашық айтты: «Мен премьер-министр болғым келеді», - деді.

Бірақ, халық Вучич командасынан ығыры шыққанын айтты. Айтарлықтай ауқымды қолдауына қарамастан, халық өз таңдауын жасады және Вучичті есебінен жаңылдырды.

Жоғарыда Еуропадағылар Вучичті авторитар басшылар қатарына жатқызатынын айттық. Оған себеп те жоқ емес еді. Ол билікті мықтап, уысында ұстады. Оппозицияны – «шетелдік арнайы қызметтердің мүддесіне жұмыс істеп отыр» деп айыптады. Бұрынғы сайлауларда да Вучич сөйткен.

2022 жылы сайлау нәтижесі өзі мен командасы үшін тиімсіз болып бара жатқанда, көтензорлыққа салып, бірқатар сайлау учаскесінде қайта дауыс беру ұйымдастырылып, қорытынды нәтижелерді жариялау бірнеше айға созылған еді.

Осындай жағдайлардан соң, Вучич билікті сақтап қалудың бар амалын жасайды деп күткен, жұрт. Алайда, Вучич сол күні-ақ, жеңілгенін ресми мойындап берді. Бұл көпшілік үшін таң қаларлық жағдай болды.

Вучичтің атына айтылатын сын көп. Тіпті, оның «кішкентай Путин» дейтін лақап аты да бар. Солардың бірсыпырасы – билікті бір қолға шоғырландырды, мемлекеттік институттарды саясаттандырды, сот тәуелсіздігі мен сөз бостандығын шектеді т.б.

МАЖАРЛАРДЫҢ ТАҢДАУЫ: ОРБАННЫҢ ОЙСЫРАЙ ЖЕҢІЛУІ...

Сербиядағы сайлауға ұқсас жағдай биыл сәуір айында Венгрияда болды. Виктор Орбан да жеңіліс тауып, биліктен кетті. Кетуге мәжбүр болды. Орбан мен оның «Фидес» партиясы 16 жылдық билікті нүктеледі. Петер Мадияр бастаған оппозиция жеңіске жетті.

АҚШ-тан вице-президент Жей Ди Венстің Орбанды қолдау үшін Будапешке ұшып барғанын да білеміз. Орбанға ашық қолдау білдіргендер қатарында – Ресей президенті Владимир Путин мен Израиль премьері Бинямин Нетаняху да болды.

Орбан сайлау науқанын анти-Украинанық риторикалармен жүргізді. «Украина Венгрия билігін басып алмақ» деген қисынсыз, бірақ үрейлі әңгімелерді Орбанның өзі айтты. Осындай жанталастардан түк нәтиже шықпады.

Ақырында, Орбан жеңілісін сол күні-ақ мойындап, қарсыласы Мадиярды жеңісімен құттықтап, тынышталды.

Орбанды да көп жұрт Путинмен салыстыратын. Тіпті, Вучичке қарағанда Орбан Путинге көп жақын еді. Орбанды 2014 жылы АҚШ сенаторы Жон Маккейн «неофашистік диктатор» деп атаса, 2024 жылы АҚШ президенті Жо Байден «Орбан диктатор болғысы келеді» деп сөккен.

ОРБАН МЕН ВУЧИЧ АВТОРИТАР БАСШЫЛАР МА?

Сайлау өтті. Ұзақ жыл билікте болғандар жеңілді. Ендігі сұрақ – Венгрия мен Сербияда шынымен авторитарлық билік болды ма?

Анығы – авторитар көшбасшылар билікті өз еркімен беруге құлықсыз келеді. Теориялық тұрғыдан мұндай режимдерді сайлау арқылы жеңуге болады. Бірақ сайлау ережелерін өзгерту, әкімшілік ресурсты пайдалану және басқа да манипуляциялар салдарынан мұндай жүйеде билікке қарсы жеңіске жету классикалық демократиялық мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда қиын.

Сарапшылардың пікірінше, бұл елдерде абсолютті авторитарлық жүйе орнай қоймаған. Оған себеп – Венгрия Еуропалық одаққа мүше болса, Сербия ЕО-ға кандидат мемлекет еді. Бұл өз кезегінде авторитарлық үрдістердің шектен тыс күшеюіне белгілі бір деңгейде тосқауыл болған.

Екі мемлекет үшін де Еуропалық одақ — негізгі сауда серіктесі. Сонымен қатар екі ел де ЕО-дан қаржылық қолдау алатын елдер. Сондықтан, бұлар саясат тілінде – «гибридті режимдер» деп аталады.

СЕРБИЯ МЕН ВЕНГРИЯ РЕСЕЙДЕН ТЕРІС АЙНАЛА МА?

Ал Орбан мен Вучичті «путинизммен» байланыстырудың тағы бір себебі — олардың Ресей басшысымен достық қарым-қатынасы. Алайда бұл жерде де биліктің ауысуы сыртқы саясаттың түбегейлі өзгеретінін білдірмейді.

Мысалы, Венгрияда Петер Мадиярдың жеңісі – билік риторикасындағы Ресейге жақтас ұстанымдарға нүкте қойғанымен, жаңа билік Ресей газынан бас тартуды жоспарлап отырған жоқ. Венгрия Украинаға қару-жарақ сатпайды және Украинаның Еуропалық одаққа жеделдетілген тәртіппен қосылуын қолдамайды.

Сербияның ұстанымы да тап осылай. Сербия Ресеймен байланысын үзіп тастамайды. Оны жуырда «Студенттер тізімінің» лидері ашық мәлімдеп: «Ресей біздің көршіміз. Ресей біздің досымыз», - деп мәлімдеді.

Сербия да Украина қару-жарақ сатпайды. Ресей газынан бас тартпайды. Тағы бір басты себеп – Косово мәселесінде Ресейдің қолдауына мұқтаждық. Әсіресе БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Ресейдің рөлін ескерсек, Белград үшін Мәскеумен байланыс маңызды болып қала береді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар