Миллиондаған шығын, ашыған азық: Жеті елге шабуыл жасаған хакерлердің артында кім тұр?

Еуропаның жеті еліндегі ондаған супермаркетте тоңазытқыш жабдықтары істен шығып, азық-түлік өнімдері бүлінген. Бұған кибершабуыл себеп болуы мүмкін. Шабуылдаушылар дүкендердің салқындату жүйесіне кіріп, тоңазытқыштарды жібіту режиміне ауыстырған деген болжам бар. Қолданылған әдіс бұдан екі апта бұрын Франциядағы супермаркеттерге жасалған шабуылмен бірдей. Бұл туралы ВВС басылымы жазды.


Кибератака в супермаркете.png(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)

 

Бұл жолы кибершабуыл Бельгия мен Люксембургтегі Delhaize желісінің 40-қа жуық дүкеніне, сондай-ақ Швеция, Финляндия, Ирландия, Нидерланд пен Эстониядағы бірқатар супермаркеттерге жасалған.

 

Delhaize желісінің тоңазытқыш жүйелеріне қызмет көрсететін Sabcobel компаниясының бас директоры Стефан Муланс Belga ақпарат агенттігіне берген сұхбатында, кибершабуыл салдарынан тоңазытқыштар жібіту режиміне ауыстырылғанын айтты. Оның сөзінше, компания қызметкерлері күні-түні шабуылда істен шыққан құрылғыларды желіден ажыратумен болған.  

 

Муланстың айтуынша, Франциядағы супермаркеттерге жасалған шабуылдан кейін компания тоңазытқыштарды кибершабуылдан қорғауға кіріскен. Алайда мәселені бағдарламалық жасақтаманы жаңартумен толық шешу мүмкін емес. Құрылғыларға физикалық өзгерістер енгізу қажет болған.

 

«Ең оңай жолы – тоңазытқыштарды қорғалған интернет байланысы арқылы басқару. Франциядағы оқиғадан кейін тұтынушыларымыздың басым бөлігі осы тәсілге көшті», – дейді ол.

 

Бельгияның Фландрия аймағындағы Delhaize дүкенінің өкілдері шабуыл салдарынан 100 мың еуроның азық-түлігі бүлінгенін хабарлады. Бельгиядағы Spar дүкендерін франшиза негізінде басқаратын Colruyt Group компаниясы да бес дүкенінің тоңазытқыш жүйесіне кибершабуыл жасалғанын растады. Ал Carrefour желісі оқиғадан 15 дүкен зардап шеккенін мәлімдеді.

 

Швециядағы ICA және Coop азық-түлік желілерінің дүкендерінде де тоңазытқыш температурасының күрт өзгергені тіркелген. Елдің оңтүстігіндегі Шёбу қаласында орналасқан ICA дүкенінің өкілдері әлеуметтік желіде түн ішінде хакерлер тоңазытқыштар мен мұздатқыштардың баптауын өзгертіп, температурасын +50 градусқа дейін көтергенін жазды.

 

ICA өкілі шабуыл компанияның орталық желісіне қосылмаған аздаған дүкенге әсер еткенін растады. «Қазір ICA зардап шеккен дүкендерге жағдайды реттеуге көмектесіп жатыр», – деп хабарлады компания.

 

Швецияда Coop желісінің де 800 дүкенінің жетеуіне шабуыл жасалған. Алайда компания өкілдері BBC-ге жағдайдың бақылауға алынғанын және шабуылдың одан әрі таралуына жол берілмегенін айтқан.

 

Ирландияда SuperValu желісінің 13 супермаркеті зардап шекті. Бұл желіге иелік ететін Musgrave Group компаниясының өкілі The Irish Times басылымына кибершабуыл салқындату жүйелеріне әсер еткенін растады.

 

Нидерландта кемінде 17 компанияның салқындату және мұздату жүйелеріне шабуыл жасалған. Зардап шеккендердің арасында ет сататын дүкендер мен шағын азық-түлік сауда орындары да бар.

 

Эстонияда Selver желісіне тиесілі кемінде бір дүкен шабуылға ұшыраған. Хакерлер тоңазытқыш сөрелерінің біріндегі температураны +50 градусқа дейін көтерген. Postimees басылымының жазуынша, шабуылды шамамен он минут ішінде тоқтатқан. Соның арқасында тауарлар да, сатып алушылар да зардап шекпеген.

 

Дегенмен Err порталына сұхбат берген Kitman Coldtech компаниясының басшысы Янн Мутсо Эстонияда шабуыл тек Selver дүкенімен шектелмегенін айтты. Оның компаниясы тоңазытқыш жүйелерін өндірумен және оларға қызмет көрсетумен айналысады.

 

«Әзірге барлық мән-жайды толық білмейміз. Бірақ бүгін таңертең Эстонияда біздің тұтынушылардан бөлек, басқа да компаниялардың нысандарына шабуыл жасалған», – деді ол.

 

Қазан айының ортасында Франциядағы супермаркеттердің тоңазытқыш жүйелеріне де кибершабуыл жасалған болатын. Ол кезде Coopеrative U желісінің 100-ден астам супермаркеті, сондай-ақ Intermarchе және оған тиесілі Netto брендінің 180 дүкені зардап шекті. Шабуыл салдарынан миллиондаған еуроның азық-түлігі бүлінген болатын.

 

Сарапшылар бұл шабуылдарға бей-жай қарамауға шақыруда. Әңгіме азық-түлік қауіпсіздігі жайлы болып отыр. Бұл шабуылдардың артында өзге елдің күштері тұр деген де пікірлер айтылуда. «Бұл гибридті соғыстың бір тәсілі. Соғыс жағдайында үлкен азық-түлік қоймаларын, маркеттерді істен шығарудың дайындығы болуы мүмкін», - дейді сарапшыл Эли Хоупс. Ол бұл шабуылдардың артында ресейлік хакерлер тұруы мүмкін деген ойда. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар