Армения 2027 немесе 2028 жылы ЕО-ға мүше болуға ресми өтініш беруі мүмкін. Бұл туралы ел премьер-министрі Никол Пашинян Euronews телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Оның айтуынша, армян халқы алдағы уақытта ЕО мен Еуразиялық экономикалық одақтың арасынан таңдау жасауы керек.
(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)
«Келер жылы біз бұл мәселені шынайы тұрғыдан қарастыра аламыз. Бәлкім 2028 жылы қарастыратын шығармыз. Біз ЕО-ға толыққанды мүше болу жөнінде ресми өтініш беру туралы түпкілікті шешімге жақындап қалдық», – деді Пашинян.
Бұл мәлімдеме Оңтүстік Кавказдағы геосаяси жағдайға ықпал етуі мүмкін. Өйткені Армения тәуелсіздік алғаннан бері қауіпсіздік, экономика және энергетика салаларында Ресейге арқа сүйеп келді. Енді Ереван Мәскеудің ықпалынан алыстап, Брюссельмен байланысын нығайтуға күш салып отыр.
«ЕО Армения Республикасының демократиялық реформаларын жүзеге асырудағы басты серіктестерінің бірі болды. Біздің мақсатымыз – Армения халқына балама таңдау мүмкіндігін жасау. Өйткені қоғамымызда Арменияның басқа жолы жоқ деген түсінік қалыптасқан еді. Біз олай еместігін көрсетеміз», – дейді ол. Осылайша Пашинян ел халқына таңдау құқығын беретінін айтуда.
РЕСЕЙГЕ ДЕГЕН СЕНІМ НЕГЕ ЖОҒАЛДЫ?
Арменияның Мәскеуден алшақтауына түрткі болған басты себептердің бірі – Қарабақ соғысы. 2020 жылғы Екінші Қарабақ соғысынан кейін Ресейдің Арменияның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне қатысты күмән артты. Ал 2023 жылы Әзербайжанның Қарабақтағы әскери операциясы бұл сенімге одан әрі сызат түсірді.
Ереван Мәскеу жетекшілік ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын Арменияның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады деп сынады. Осыдан кейін ел ҰҚШҰ жұмысына қатысуын тоқтатып, Батыс мемлекеттерімен әскери-саяси байланыстарын нығайта бастады.
Ресей де Арменияның мұндай бағытына алаңдаулы. Ресейдің бұрынғы президент Дмитрий Медведев Арменияны «Украина сценарийімен» қорқытып, үркітуге тырысты. Алайда Пашинян оның қоқан-лоққысынан қорықпайтынын көрсетуде.
МӘСКЕУДІҢ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚЫСЫМЫ ЕРЕВАНДЫ ТОҚТАТА АЛА МА?
Арменияның Ресейден біржола қол үзуі оңай емес. Өйткені ел экономикасы әлі де Мәскеуге айтарлықтай тәуелді. Reuters дерегінше, Армения 2025 жылы тұтынған табиғи газының шамамен 82 пайызын Ресейден импорттаған. Сондықтан Мәскеудің энергетикалық рычагы Ереванды ойландырып отыр.
Ресей Арменияға газ жеткізуші ғана емес, оның негізгі сауда серіктестерінің бірі де. Екі елдің экономикалық байланысы Еуразиялық экономикалық одақ аясында да тығыз қалыптасқан.
Пашинян үкіметі осы тәуелділікті азайту үшін саяси және экономикалық қатынастарды әртараптандыруға кірісті. Дегенмен ЕО-ға қосылу үшін Арменияға Ресей жетекшілік ететін Еуразиялық экономикалық одақтағы мүшелігін қайта қарауға тура келеді. Себебі екі ұйымның ортақ нарық пен кедендік тәртіпке қатысты талаптары бір-біріне қарама-қайшы келеді. Пашинян да мұны жақсы түсінетінін айтып, түпкілікті шешімді армян халқы қабылдауы керектігін атап өтті.
ЕО АРМЕНИЯҒА ҚАНДАЙ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІП ЖАТЫР?
Брюссель Ереванмен ынтымақтастықты күшейтіп келеді. 2026 жылғы 5-мамырда Ереванда Армения мен ЕО тарихта алғаш рет жоғары деңгейдегі саммит өткізді. Тараптар энергетика, көлік, цифрлық технологиялар, қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
2026 жылғы 13-шілдеде ЕО Арменияда арнайы серіктестік миссиясын іске қосты. Оның міндеті – кибершабуылдарға, жалған ақпарат таратуға және басқа да гибридті қатерлерге қарсы тұруға көмектесу. Миссияның бастапқы мандаты екі жылға есептелген. Бұдан бөлек, Еуропалық бейбітшілік қоры аясында Арменияның қорғаныс әлеуетін арттыруға 30 миллион еуро бөлінген болатын.
Тағы бір маңызды бағыт – визасыз режим. 2025 жылдың қарашасында Еуропалық комиссия Арменияға визалық режимді жеңілдету жөніндегі арнайы іс-қимыл жоспарын ұсынды. Ал 2026 жылғы сәуірде оның орындалу барысы туралы алғашқы есеп жарияланды. Ереван қажетті талаптарды орындап, 2029 жылға дейін армян азаматтарының Еуропаға визасыз қатынауына мүмкіндік алуды көздейді.
ГРУЗИЯ АРМЕНИЯҒА ҮЛГІ БОЛА АЛА МА?
Пашинян сұхбатында Грузияның Еуропаға ұмтылысын да атап өтті. «Біз Грузияның ЕО-ның толыққанды мүшесі болуға деген табандылығынан шабыт алдық. Грузияның жетістігі Армения азаматтарының еуропалық болашағымызға деген көзқарасы үшін өте маңызды», – деді ол.
Алайда Грузияның өзі де Брюссельмен қарым-қатынаста қиындықтарға тап болды. Елдегі демократиялық реформалар мен биліктің саяси бағытына байланысты ЕО мен Тбилиси арасында келіспеушіліктер туындап, еуропалық интеграция үдерісі тоқырады.
Бұл Армения үшін де маңызды сабақ. Еуропаға бет бұру туралы мәлімдеме жасау жеткіліксіз. Ол үшін демократиялық институттарды нығайтып, заң үстемдігін қамтамасыз етіп, экономикалық реформаларды жүзеге асыру қажет. Осылайша Пашинян жақын арада Мәскеуге қолды бір сілтеп, Брюссельге бағыт алатынын аңғартуда.
Mezgil.kz