Сөйтіп, көп күткен АҚШ-тағы аралық сайлау да мәреленді. Демократиялық партия өкілдері Конгресстің қос палатасында да айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл жеңілісті Трамп та мойындады...

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ҚОС ПАЛАТА: ДЕМОКРАТТАРДЫҢ ЕСЕБІ ТҮГЕЛДЕНДІ...
АҚШ-тағы аралық сайлау 3 қарашада өтті. АҚШ Демократиялық партиясы Конгресстің қос палатасына — Сенат пен Өкілдер палатасына бақылау орнатты.
«ABC News» ұсынған алдын ала мәліметтерге сәйкес, демократтар Сенатта 53 орынға ие болып, басымдықты қолға алса, республикашыларға 42 орын ғана бұйырған. Қазір әлі 5 штатта дауыстарды санау жүріп жатыр. Тіпті, әлгі бес штатта республикашылар жеңгеннің өзінде, бұл нәтиже демократтардың үстемдігіне соққы бере алмайды.
Ал Өкілдер палатасында демократтар — 230, ал республикашылдар 168 орынға ие болды. Мұнда көпшілік дауысқа ие болу үшін кемінде 218 орын қажет болған.
Айта кетерлігі – бұл сайлауға дейін Конгресстің қос палатасын да Трамп пен оның партияластары (республикашылар) айқын басымдықпен, толық бақылауда ұстап келген.
Ал бұл сайлау – Трамп пен оның командасына һәм оның партияластарына деген АҚШ азаматтарының сенім көрсеткіші болды. Сайлау нәтижесі көрсеткендей, Трамп пен оның командасына деген АҚШ сенімі сейіле бастаған секілді. Шындығында, бұл сайлау – Трамп пен республикалық партия үшін ауыр саяси соққы болды.
ТАРИХИ ДЕМАРШ: ТРАМПҚА ИМПИЧМЕНТ ЖАРИЯЛАНА МА?
Бұл жолы тіпті, әуелден «республикашылардың аймағы» саналып келген штаттардың өзінде демократтар жеңіп кетті. Мысалы, Техас, Оңтүстік Короина мен Канзас – әуелден «республикашылар аймағы» саналып келген. Бұл аймақтарды ақырғы жиырма жылда демократтар жеңіске қол жеткізбеген. Осылардың ішінде Канзас штатынан Сенатқа демократтардың өкілінің сайлануы тіпті тарихи оқиғаға десе де болады. Өйткені, Жоғарғы палатаға бұл штаттан демпартия өкілдері 1932 жылдан бері мүлде сайланбаған.
Сарапшылардың пікірінше, демократтардың Конгресстің қос палатасында да көпшілік орынға ие болуы – бірінші кезекте Трампқа соққы, Трамптың саяси ұстанымын едәуір әлсіретеді. Бұл жағдайда оның әкімшілігі парламенттік бақылаудың күшеюіне, заң шығару ісінде тегеурінді қарсылықтарға, Ақ үй қызметіне қатысты ауқымды тергеулерге және Трамп пен оның әкімшілігінің кейбір мүшелеріне, соның ішінде Пентагон басшысы Хегсетке импичмент жариялау әрекеттеріне тап болуы мүмкін.
Десе де, демократтардың бұл жеңісі АҚШ-тың сыртқы саяси бағыты бірден өзгереді дегенді білдірмейді. Президент халықаралық қатынастар мен қорғаныс саласында ауқымды өкілеттіктерді сақтап қалады. Ал Конгресстің жаңа құрамы бюджет шығыстарын бақылауда басымдыққа ие болады, тергеулер жүргізуге, заңнамаға ықпал етуге және әкімшіліктің кейбір бастамаларын шектеуге мүмкіндік алады.
УКРАИНАҒА КӨМЕК: ЕНДІ БӘРІН ТРАМПТЫҢ ӨЗІ ҒАНА ШЕШПЕЙДІ...
Осылайша, аралық сайлаудың нәтижелері АҚШ ішіндегі саяси келіспеушіліктерді шиеленістіріп, халықаралық мәселелер бойынша шешім қабылдауды қиындатуы мүмкін. Яғни, бұрынғыдай, Трамптың «айттым – бітті, кестім – үзілдісі» тыйылады деп күтілуде.
Конгресстің екі палатасын да демократтардың өз бақылауына алуы – Украинаға әскери және қаржылай көмекті қайта жандандыру мен кеңейтуге, сондай-ақ, Ресейге қарсы санкциялық қысымды күшейтуге бағытталған бастамаларды ілгерілетуге қосымша саяси мүмкіндіктер туғызады деп болжанады.
Бұдан бөлек, демократтар Таяу Шығыстағы АҚШ саясатының кейбір аспектілерін қайта қарауды белсендірек талап ете алады. Сонымен бірге, мұндай бастамалардың жүзеге асуы Ақ үйдің ұстанымына, ішкі саяси консенсусқа және тараптардың ымыраға келу дайындығына байланысты болады.
ТРАМП МОЙЫНДАДЫ: УКРАИНА КІНӘЛІ ЕМЕС...
Ал Трамптың өзі бұл сайлауға дейін не деп еді? Әуелде Демократтардың жеңісіне кекесін-келемежбен қарады. Тіпті, тепсініп тұрып: «Егер Конгрессте демократтар жеңіске жетіп жатса, мен оларға жұмыс істетпеймін. Мен нағыз «мистер вето» болып, жолдарын кескестей беремін. Сосын ақырында олардың өздері келісімге келуді ұсынатын болады», - деді.
Онан соң, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында «ВЕТО» деген жазуы бар суретті жариялап, Конгрессті аяқтан шалатынын айтты. Тағы бір жазбасында: «Менің есімім бюллетеньде болмады. Егер менің есімім бюллетеньде болғанда, онда біз айқын басымдықпен жеңер едік», - деді.
Ең аяғында Трамп «New York Times» басылымына сұхбат беріп: «Демократтармен бірлесе жұмыс істейміз. Мұндай ынтымақтастыққа қуана кірісеміз. Ортақ бір шешімін табармыз деп ойлаймын», - деді.
Тіпті сөз соңында, Трамп сайлаудағы республикашылардың жеңілісінен кейін Иранмен соғыс кесірінен АҚШ-та бензин бағасының қымбаттағанын мойындады.
«Сөзімнің жаны бар, біздегі экономика — ең керемет экономикалардың бірі. Білесіз бе, менің алғашқы президенттік мерзімімде ең үздік экономика болды. Биыл бензин бағасына байланысты халық оны өз дәрежесінде сезіне алмай жатыр. Ал бензинге қатысты бұл мәселе Иранның кесірінен туындады», - деді Трамп.
Осылайша, Трамп компромисске дайын екенін айтып, демократтардың жеңісін мойындауға мәжбүр болды. Ал бұл жағдай өз кезегінде, АҚШ халқының Трамп пен оның командасының ішкі және сыртқы саясаттағы шешімгерлігіне деген сенім деңгейін аңғартып берді...
Mezgil.kz