Ресейдің Украинадағы соғысына Орталық Азия елдерінің азаматтарын алдап тарту деректері жиілеп кеткені жасырын емес.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Қазақстанның ізін ала Қырғызстан да Ресейге қатаң талап қойып, нота жолдады. Бұл қадам — аймақ елдерінің өз азаматтарының құқығын қорғау жолындағы маңызды қадам ғана емес, Мәскеу мен көршілес мемлекеттер арасындағы жаңа дипломатиялық сынақ болып табылады.
АЛАЯҚТЫҚҚА ШЫРМАЛҒАН АРМИЯ
Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі Ресей Сыртқы істер министрлігіне ресми нота жолдап, алданып соғысқа жіберілген өз азаматын елге қайтаруды талап етті. Әңгіме Талас облысының 21 жастағы тұрғыны Элистан Токтогулов туралы болып отыр.
Биыл күзде Қырғыз азаматы Элистан Токтогулов әлеуметтік желіден Ресейде жүрген «отандасыының» хабарландыруын көреді. Жалған жұмыс беруші оған күзетші немесе жүргізуші сияқты қарапайым жұмыстар ұсынып, Қырғызстандағы орташа жалақыдан үш есе көп — 110 мың рубль айлық уәде еткен.
Элистан да өзге отандастары секілді құрғақ уәде, қыруар табысқа алданып, Ресейге аттанады. «Пәлен жерде алтын бар, іздеп барса бақыр да жоқ» дегендей, Ресейге барған соң жағдай күрт өзгереіп шыға келген.
Әуелі, Элистанды алдан шақырғандар қорқытып-үркіту арқылы Ресей Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлеген. Артынша Воронеж облысындағы полигонға соғысқа дайындыққа жіберген.
Туыстары дабыл қағып, Манаста пикет өткізіп, билікке үндеу жасағаннан кейін ғана ресми Бішкек бұл іске араласуға мәжбүр болып, Ресейге сұрау салған...
Бейжіңнен бастап Уашиңтонға дейінгі геосаяси ойындарда Орталық Азия елдері көбіне үнсіз қалуды жөн көретін. Алайда өз азаматтарының тағдырына келгенде, Қырғызстан мен Қазақстан қатаң ұстанымға көшуде.
ҚАЗАҚСТАН ТӘЖІРИБЕСІ: ӨЗ АЗАМАТТАРЫМЫЗҒА АРАША ТҮСЕМІЗ!
Мұндай жағдайлар бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған дейін Қазақстан билігі де Ресейден отандастарын қайтарып алуға қол жеткізген болатын.
Қазан айының соңында Қазақстанға Ресей әскери міндеттемелерінен босатылған 12 азамат оралды. Олар да дәл осылай — жоғары жалақы төленетін қарапайым жұмысқа барамыз деп алданған. Алайда Ресей аумағына барған соң құжаттары тартылып алынып, майданға айдалып кеткен.
БҰҰ РЕСЕЙДІ ӘШКЕРЕЛЕДІ: 29 ЕЛДІҢ АЗАМАТТАРЫНА КІМ АРАША БОЛМАҚ?
Анығы – бұл жүйелі түрде ұйымдастырылған халықаралық трафик екенін БҰҰ да растап отыр. БҰҰ Бас Ассамблеясының соңғы баяндамасында Ресей армиясына алдау немесе мәжбүрлеу арқылы адамдарды жалдау деректері кем дегенде 29 елдің азаматтарына қатысты дәлелденгені айтылған.
Бұл тізімге тек бұрынғы Кеңес одағы республикалары ғана емес, Африка, Латын Америкасы, Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия елдері де кіреді.
Қылмыстық схема әдетте бір сценарий бойынша жұмыс істейді:
1. Әлеуметтік осал топтар мен қаржылай қиындық көріп жүрген адамдар таңдалады.
2. Тек қана азаматтық жұмыс (құрылыс, күзет, жүргізуші) ұсынылады.
3. Келісімшарт орыс тілінде жасалады, ал келушілер тілді немесе заңды білмегендіктен, мазмұнын түсінбей қол қойып қояды.
4. Қарсылық көрсеткендерге қылмыстық іс қозғалатыны туралы қорқыту әдістері қолданылады.
Бұның ақыры: Қазақстен мен Қырғызстан тарапынан жасалып жатқан мұндай қатаң демарштар Кремльдің саясатына ашық түрде қарсы шығу емес, дегенмен өз азаматтарының қауіпсіздігін қорғау жолындағы маңызды шекара болып табылады.
Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, Ресейдегі жұмыс іздеп жүрген мигранттар үшін бұл қауіп әлі де сейілген жоқ. Сондықтан Қазақстан мен Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі өз азаматтарына шет елге барар алдында кез келген құжатқа, әсіресе орыс тіліндегі келісімшарттарға мұқият болу керектігін қатаң ескертіп отыр.
РЕСЕЙДІҢ АДАМ ШЫҒЫНЫ ҚАНША?
Ресейді мұндай алаяқтыққа мәжбүрлеудің бірден-бір себебі – Ресейдің Украина майданындағы адам шығынының еселеп артуы екені даусыз.
Өткенде Украина мен Беларусь хакерлері «Росстат» сайтын бұзып, Ресейдің соғыстағы шығындары туралы мәліметтерді қолды қылған еді.
Беларусьтік «Киберпартизаны BY» және украиналық «Silent Crow» хакерлік топтары: «Біз көлемі 23 ТБ болатын деректерді қолға түсірдік. Онда Ресейдің Украинадағы соғыстағы шығындары туралы мәліметтер, демографиялық және экономикалық статистика, сондай-ақ «қызметтік пайдалану үшін» деген белгісі бар құжаттар бар», - деп мәлімдеген.
Ал кеше беларусьтік «Киберпартизаны BY» Украинада қаза тапқан 390 мыңнан астам ресейлік әскеридің дерегін жариялады. Деректерге сүйенсек, 2026 жылдың тамыз айының соңына қарай кем дегенде 393 881 ресейлік сарбаз қаза тапқан. Ал жараланғандар, мүгедектерді, хабар-ошарсыз кеткендерді қоса алғандағы жалпы шығын бұдан 3-5 есе көп болуы мүмкін.
«Silent Crow» тобы: «Украинада қаза тапқан ресейліктердің саны 450 100 адамға жеткен», - деп мәлімдеді.
Ал өз алдына жеке есеп жүргізіп келе жатқан «BBC» және «Mediazona» деректерінде: «Ресейдің Украинада қаза тапқан сарбаздарының саны 285 023 адам», - деп көрсетілген. Бұл нақты жеке деректері анықталғандар саны. Олардың басым бөлігі — еріктілер (35%), келісімшарт бойынша қызмет еткендер (26%), колониядан келген жазасын өтеушілер (10%) және мобилизацияланғандар (7%).
Бұған дейін «The Economist» басылымы да өз есептерін жариялап, «Ресейдің Украинада қаза тапқандар саны 770 мың» деп көрсеткен. Ал «Bloomberg» жариялаған еуропалық барлау мәліметтеріне қарағанда, тек қазан айының өзінде Ресей армиясы 54 мың адамдын (өлі және жаралы) жоғалтқан!
Mezgil.kz