Ғарыш соғысы басталды: Украина «Starlink-ке» балама жасап, Ресеймен ғарышта соғыспақ...

«The Guardian» басылымының жазуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғыс жердің бетінен енді ғарыш кеңістігіне ауысуда.

1794215838677091.jpeg

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Қазіргі таңда спутниктер байланыс, барлау және қаруды бағыттау үшін шешуші рөл атқарып отыр, ал екі тарап та қарсыластың ғарыштық инфрақұрылымын жоюдың амалдарын іздеуде. Бүгін «The Guardian» басылымының су жаңа мақаласын «Mezgil.kz» оқырмандарына аударып бергенді жөн көрдік...

СОҒЫСТАҒЫ ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІ САҚТАУДА ҒАРЫШТЫҢ РӨЛІ МАҢЫЗДЫ

Дрондар мен ұрыс даласындағы сенсорлар шешуші рөл атқаратын соғыста ғарышқа қол жеткізу өте маңызды. «Starlink» жылдамдығына қойылған шектеулер мен ресейлік «Орешник» зымырандарының соққыларынан кейін Киев өзінің ғарыштық мүмкіндіктерін дамытуға жанталаса кірісіп кеткен.

Ресейдің Волга жағалауындағы өнеркәсіптік Самара қаласының тұрғындары үшін Украина шабуылының алғашқы белгісі — аспанға түтін бұлттарын көтерген жарылыстар болды. Кремль нысана туралы ақпаратты анық айтпағанымен, 15 тамыз күні таңертең әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалардан нақты неге соққы жасалғаны белгілі болды: Ол — Ресейдің «Союз-2» зымырандарын шығаратын «Прогресс» зымыран-ғарыш орталығы еді. Екі бірдей «Flamingo» зымыраны ғимараттар кешеніне, соның ішінде «Союз» ұшыру жүйелеріне арналған платалар жиналатын 106А нысанына тиген.

Украинаның Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен өнеркәсіп орындарына жасаған басқа соққыларынан бөлек, тап осы Самарадағы нысанға жасалған соққы – соғыстың енді ғарыш саласына да жеткенін дәлелдейді.

РЕСЕЙДІҢ ҒАРЫШТЫҚ НЫСАНДАРЫ УКРАИНА КӨЗДЕУІНДЕ ТҰР!

Дрондар мен сенсорларды кеңінен қолдану арқылы соғыс жүргізу сипаты қайта анықталып жатқан бұл қақтығыста ғарышқа қол жеткізу, сол жүйелердің жұмысын қамтамасыз ететін жерсеріктерді пайдалану және қарсыластың бұл саладағы операцияларына бөгет жасау мүмкіндігі күн санап маңыздырақ болып келеді.

Самараға жасалған шабуыл осының айқын дәлелі. Себебі соққылар Ресейдің жаңа «Рассвет» жерсеріктік жүйесін тасымалдайтын зымырандарға бағытталған. Бұл жүйе – Илон Масктың «Starlink» желісін алмастыру үшін қарқынды түрде ғарышқа орналастырылып жатқан жүйе.

Бұдан бөлек, Украина биыл «Роскосмосқа» тиесілі басқа да нысандарға, соның ішінде Мәскеудің солтүстігіндегі ірі «Королев» кешеніне және Қырымда Ресей басып алған украиналық радиотелескопқа соққы жасаған.

Ресейдің «Рассвет» желісін жедел ғарышқа орналастыру әрекеті — Украинаның ғарыштан төнген жалғыз қауіп-қатері емес. Мәскеу Украинаға қарсы соғыста кем дегенде 3 рет «Орешник» баллистикалық зымыранын қолданған. Ал бұл жүйе жақын ғарыш кеңістігіне дейін ұшып шығып соққы жасайтын, әуелде ядролық қаруға арналып жасалған оқтұмсықтарды алып ұшатын қуатты қару түрі.

«Осы жағдайлар Киевті АҚШ пен жақында белсенділігі шектелген «Starlink» жүйесіне тәуелділікті азайтуға, ғарыштық жүйелерді әртараптандыруға және «Орешник» сияқты қауіптерге қарсы жаңа қарсы шаралар әзірлеуді жеделдетуге итермелеуде», - деп жазады басылым.

УКРАИНА ҒАРЫШТЫ БАҒЫНДЫРМАҚ: АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ ЖАСАЛДЫ...

Украина өзінің дербес жерсеріктерін ұшыруға ұмтылысы аясында кем дегенде үш сынақ өткізіп, ғарыштан өз орнын алуға ұмтылған елдердің қатарына қосылды. Өткен айда Украина мен Данияның «GomSpace» компаниясы болашақ тәуелсіз украиналық байланыс желісінің алғашқы жерсерігі — «Obria Nano» аппаратын сәтті ұшырғанын хабарлаған. Жалпы бұл жоба аясында шамамен 245 жерсерік ұшыру жоспарланған.

«Әрбір ел өзінің «Starlink» баламасын иеленгісі келеді», - дейді сарапшылар. Олардың айтуынша: «Украинадағы қақтығыстың ғарыш кеңістігіне ойысуы — халықаралық келісімшарттары нашар анықталған, ескірген әрі орындалуы қиын саланы әскерилендірудің кезекті дәлелі».

Қыркүйек айында АҚШ Әскери-әуе күштерінің хатшысы Трой Мейнк: «Ресейдің өз жерсеріктерін АҚШ пен басқа елдердің ғарыштық активтеріне жиі жақындатуы себепті Уашиңтон «орбиталық бақылау қаруын» ғарышқа орналастырды», - деп мәлімдеген.

Осы сөздерді растағандай, бірнеше аптадан кейін ресейлік «Космос-2612» жерсерігі Финляндияның «Iceye» тобы басқаратын коммерциялық радарлық жерсерікке қарай агрессивті маневр жасағаны белгілі болды. Бұл жерсерік Украина әскеріне жер бедерінің үш өлшемді бейнесін ұсынып отырған. Сарапшылар мұны әдейі жасалған қоқан-лоқы ретінде бағалады.

Швецияның ғарыш және қауіпсіздік саласындағы сарапшылары: «Ғарыштық соғыс бұрын болашақтың еншісіндегі мәселе ретінде айтылатын. Бұл болашаққа біз өтіп кеттік», - дейді.

Сарапшылардың айтуынша, ғарыштағы жағдайды қиындатып отырған тағы бір жайт — ғарышты басқару және қару-жарақты орналастыру туралы халықаралық келісімшарттардың заман талабынан қалып қоюы.

Ғарыш қауіпсіздігі саласы мамандарының пікірінше, ғарышта жұмыс істейтін елдердің де, Илон Масктың «SpaceX» және Джефф Безостың «Blue Origin» сияқты компанияларының коммерциялық қызметінің де маңызы мен сұранысы шұғыл артқан. Көптеген елдер жерсеріктерін ұшыру үшін «SpaceX» қызметіне жүгінгенімен, Масктың жақында Украинаға қатысты әрекеттері («Starlink» деректер беру жылдамдығын шектеуі) сенімсіз және кейде идеологиялық ұстанымдарға сүйенетін коммерциялық жобаларға арқа сүйеуге бола ма деген сұрақты қайта қарауға мәжбүр етті.

Украина Парламентінің Ғарыш және қорғаныс комитетінің мемлекеттік қауіпсіздік ішкі комитетінің төрағасы Федир Вениславский: «Соғыс басталғалы ғарыш саласы Украина үшін аса маңызды бола түсуде. Бұл әсіресе — «SpaceX» тарапынан байланыстың үзіліп, әскеріміздің басқару және бақылау жүйелеріне қауіп төнген кезде одан әрі маңызды бола түсті. Енді біз мұны жаңа деңгейге көтеруіміз керек, өйткені жау «Орешник» зымырандары арқылы халықаралық ғарыш кеңістігінен Украина территориясына қауіп төндіріп отыр. Бұл қауіпке бейжай қарамауымыз қажет», - дейді.

Ресейлік ұшыру алаңдары Украинаның ең алысқа ұшатын зымырандарының қолжетімділік аймағынан тыс жерде орналасқандықтан, Украина жақын ғарышта (соның ішінде өте жоғары биіктікте ұшатын ұшақтардан ұшырылатын қаруларды) ұстап алуға арналған экзо-атмосфералық жою жүйелерінің 3 сынағын өткізді.

Украина тарабы: «Бұл — басым бағыт. Бұған дейін экзо-атмосфералық жүйелерді ұшыруды көрсеттік және оларды өндіріске енгізе аламыз ба деген бағытта жұмыс істеп жатырмыз», - дейді.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар