Израиль ғалымдарын қырды, ал Иран райынан қайтпады: Тегеран атом қаруын жасай ма?

Иранда ядролық қару жасау мәселесі қайтадан үлкен саяси дауға айналды. Бұған дейін Тегеран атом бомбасын жасауға ниетті емес екенін айтып келсе, қазір елдің консервативті саяси ортасында ядролық доктринаны өзгерту, тіпті Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығу қажеттігін ашық көтеріп жүргендер көбейді.


Комикс_ Пезешкиан и Нетаньяху на фоне конфликта.png(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)

 

Даудың қайта өрбуіне бұрынғы жоғары лауазымды саясаткер әрі Иранның бұрынғы рухани көсемінің кеңесшісі болған Джавад Лариджанидің мәлімдемесі түрткі болды. Ол мемлекеттік телеарна эфирінде Иран үшін ядролық бомба жасау «баланың ойыны сияқты оңай» екенін айтып, бұл бағытта Тегеран Пәкістан, Үндістан және Израильден де озық екенін мәлімдеді. Сондай-ақ Иран атом қаруын жасау үшін АҚШ президенті Дональд Трамптан рұқсат сұрамайтынын жеткізді.

 

Иранның ішкі саяси кеңістігінде ядролық қаруға қатысты ұстанымды өзгерту туралы пікірталас барған сайын күшейіп келеді. Парламент депутаттары, дін қайраткерлері мен консервативті басылымдар елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін атом бомбасына ие болу қажет деген ұстанымды алға тартуда.

 

Мәселен, парламент депутаты Махмуд Набавиан «Иран ядролық бомба жасауға дереу кірісуі керек» дейді. Ал Тегеранның жұма намазын жүргізетін имамы Мұхаммед Джавад Хадж Али Акбари халықтың 70 пайызы ядролық қару жасау идеясын қолдайтынын мәлімдеді. Алайда бұл көрсеткішті растайтын тәуелсіз сауалнама жарияланған жоқ. Парламенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының мүшесі Ахмад Бахшаяш Ардестани болса «Иран Ядролық қаруды тарартпау туралы келісімнен шығуы тиіс» деп мәлімдеме жасады.

 

Бұған дейін Иранның ядролық қаруға қатысты ұстанымын шектеп келген негізгі факторлардың бірі – аятолла Әли Хаменеидің 2000-жылдардың басында жариялаған діни пәтуасы болатын. Онда ядролық қаруды жасау, сақтау және қолдану ислам қағидаларына қайшы деп көрсетілген-ді. Алайда қазір консервативті күштер бұл діни ұстанымды қайта қарауға болады деген пікірді алға тартып отыр.

 

Алайда бұл пікірмен келіспейтіндер де бар. Реформаторлық ұстаным өкілдері ядролық қаруға ие болу Иранның халықаралық оқшаулануын күшейтеді дейді. Олардың пікірінше, мұндай қадам Таяу Шығыста ядролық қарулану жарысын бастап, елге қарсы жаңа санкциялардың енгізілуіне әкеледі. Ал оның экономикалық салмағын қарапайым халық көтереді.

 

Израиль сарапшылары Иранның ядролық сала мамандарының көзін жою операциялары қайта басталуы мүмкін дейді. 2020 жылы Иранның ядролық бағдарламасының жетекші тұлғаларының бірі саналатын Мохсен Фахризаде қастандықпен өлтірілді. Ал 2025 жылғы 13-маусымда Израиль Иранға қарсы операция бастап, Иранның әскери және ядролық инфрақұрылымына жаппай соққы жасады. Израиль армиясының мәліметінше, алғашқы шабуылдар кезінде ядролық бағдарламаға қатысы бар 9 ғалымның көзі жойылған. Олардың арасында ядролық инженерия маманы, Иранның Атом энергиясы ұйымын бұрын басқарған Ферейдун Аббаси мен әйгілі физик Мұхаммед Мехди Техранчи де болған. Жалпы соңғы 5 жылда Израиль Иранның ядролық саласына қатысы бар кемі 22 ғалымын жойған. 

 

2026 жылғы 31-қазанда Иранның Жоғарғы ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи елдің ядролық доктринасын өзгерту туралы ресми шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Дегенмен бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде талқыланып жатқанын да жасырмады.


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар