Nvidia компаниясының бас директоры Дженсен Хуанг 2026 жылғы 9-қарашада Қытай барлаушысы деген күдікке ілінген әйелмен көңіл жарастырғанын мойындады. Оның бұл әрекеті алпауыт компания үшін үлкен соққы болды.
(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)
63 жастағы Хуангтың Сингапурдағы Megaspeed компаниясының басшысы, Элис Х. есімді әйелмен қарым-қатынасы туралы алғаш болып Financial Times газеті жазды. Бір қызығы, Megaspeed – Nvidia өнімдерін сатып алатын компаниялардың бірі. Бұған дейін бұл фирма АҚШ-тың экспорттық шектеулерін айналып өтіп, Nvidia-ның озық чиптерін Қытайға жеткізуге тырысты деген күдікке де ілінген еді.
Басылымның мәліметінше, АҚШ билігі мен арнайы қызмет өкілдері Элис Х.-ті Қытайдың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі өз жағына тартқан деп есептейді. Салдарынан Қытай Nvidia-ның аса құнды коммерциялық құпияларына қол жеткізуі мүмкін. Қазір Бейжің жасанды интеллект саласындағы әлемдік бәсекеде АҚШ-ты басып озуға бар күшін салып жатқаны белгілі.
Nvidia компаниясы ішкі тексеру басталғанын хабарлады. Оны директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшелері арнайы жалданған заңгерлік компанияның көмегімен жүргізіп жатыр. Компания мәлімдемесінде Хуангтың өзі шетелдік барлау қызметінің арнайы операциясының нысанасына айналғаны айтылған.
«Директорлар кеңесі АҚШ-тың ұлттық және экономикалық қауіпсіздігін Nvidia мен оның акционерлері үшін ең маңызды мәселе деп санайды. Қазіргі уақытта ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келгенін немесе компанияның құпия технологиялары сыртқа тарағанын көрсететін дерек жоқ. Дегенмен тексеру барысында қолда бар барлық ақпарат жан-жақты қаралады», – делінген компания хабарламасында.
Reuters агенттігі 10-қарашада компания акционерлерінің Nvidia мен оның бас директоры Дженсен Хуангқа қарсы сотқа ұжымдық шағым түсіргенін хабарлады. Іс Калифорния штатындағы Сан-Хосе федералдық сотында қаралуы мүмкін. Акционерлер компания басшылығы Хуангтың Элис Х.-пен қарым-қатынасына қатысты жағдайды жасырып, инвесторларды жаңылыстырды деп айыптап отыр.
АҚШ-тың басшысы Дональд Трамп Nvidia басшысын қолдап, пікір білдірді. «Ол – абыройлы адам. Мен бұл мәселені онымен талқылаған жоқпын. Бірақ оның жақсы адам екенін білемін. Дегенмен шын мәнінде не болып жатқанын ешкім білмейді ғой. Бәрі жақсы болады деп үміттенемін», – деді Трамп.
Radio Free Mobile зерттеу компаниясының негізін қалаушы, технология саласының сарапшысы Ричард Виндзор бұл жанжалдың Nvidia үшін әлдеқайда күрделі мәселеге айналуы мүмкін екенін айтуда. Себебі компанияның бірнеше онжылдықтағы жетістігі Дженсен Хуангтың есімімен және оның жеке басқару қабілетімен тығыз байланысты дейді.
«Мәселенің күрделілігі – Хуангтың компанияны тікелей басқаруына байланысты. Nvidia-ны бүгінгі деңгейге жеткізген негізгі шешімдердің басым бөлігін өзі қабылдады. Оның орнын басатын мұрагер де жоқ. Сондықтан нарық Nvidia-ның негізін қалаушы әрі бас директорына қаншалықты тәуелді екенін жақын арада көретін боламыз», – дейді Виндзор.
Nvidia басшысы АҚШ президентін Қытайға чип жеткізуге қойылған шектеулерді жеңілдетуге бірнеше рет шақырған болатын. 2025 жылы АҚШ билігі чип өндірушілермен экспорттық бақылау туралы келісімге келіп, Қытайға жоғары технологиялық өнімдер жеткізуді едәуір шектеген еді. Алайда кейін Дональд Трамп Nvidia компаниясының H200 чиптерін Қытайға сатуға рұқсат берді.
Қазір Қытай ең озық жасанды интеллект чиптерін еркін пайдалана алмай отыр. Сондықтан ел билігі өз өндірісін дамытып, шетелдік технологияларға тәуелділікті азайтуға тырысып жатыр. Дегенмен бұл бағытта әзірге әлемдік көшбасшылардан едәуір артта келеді.
Mezgil.kz