Қолбасшы өлтірілді, порт отқа оранды, тікұшақтар жойылды: Петерборда не болып жатыр?

Ресейдің Петербор қаласында 12-қараша күні әскери қызметкер отырған көлік жарылып, жоғары шенді офицер қаза тапты. Бұл соңғы үш айда атылмыш ауданында әскери қызметкер мінген көліктің екінші рет жарылуы. Ал осы оқиғамен тұспа-тұс Ленинград облысындағы Ресейдің маңызды теңіз порты Усть-Лугаға жаппай дрон шабуылы жасалып, мұнай терминалдары мен әскери кемеге зақым келгені хабарланды. Бұған қоса, шабуылды тойтару кезінде Ресей екі тікұшақ және бір ұшағынан айырылған.  


Военный хаос_ взрыв над городом.png

 

«Фонтанка» басылымының хабарлауынша, 12-қараша күні таңертең Петербордың Славянка шағын ауданында әскери қызметкер мінген көлік жарылған. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, көлікте Ресей Қарулы күштерінің полковнигі болған. Ол жарылыс салдарынан оқиға орнында қаза тапқан. Алдын-ала мәлімет бойынша, жарылғыш құрылғы көліктің астыңғы бөлігіне бекітіліп, полковник ауладан шығып бара жатқан сәтте қашықтан іске қосылған.

 

«78» басылымының жазуынша, оқиға Колпино тасжолының бойында, «Лента» дүкені мен «Татнефть» жанармай құю бекетінің маңында болған. Қаза тапқан әскери қызметкер Ресей Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің 6-армиясында қызмет еткен. Жарылыстан кейін Колпино тасжолындағы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі мен тергеушілер жеткен. Ресейдің Тергеу комитеті адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір мамандар оқиға орнын тексеріп, қажетті сараптамалар тағайындап жатыр.

 

Бұл Петербордағы Славянка ауданында әскери қызметкер отырған көлік жарылған алғашқы оқиға емес. Бұған дейін, 27-тамызда, дәл осы шағын ауданда Әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімшесінде қызмет ететін подполковник мінген көлік жарылған еді. Көлікте офицердің әйелі де болған. Әскери қызметкер оқиға орнында көз жұмса, әйелі ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жеткізілген-ді. Қаза тапқан офицердің майор Сергей Сечков болуы мүмкін екені айтылған. Ол 332-ші жеке гвардиялық тікұшақ полкінде қызмет еткен. Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы бұл бөлімшені Сумы және Харьков облыстарындағы бейбіт тұрғындарға соққы жасады деп айыптаған болатын.

 

Славянка ауданының әскери қызметкерлермен байланысы да кездейсоқ емес. 2012 жылға қарай ауданда салынып жатқан тұрғын үйлердің үштен бірі Қорғаныс министрлігінің қызметкерлеріне берілді.

 

Соңғы айларда Ресейдің басқа аймақтарында да әскери қызметкерлерге қастандықтар артты. 13-тамызда оккупациядағы Севастополь қаласында Ресей Әскери-теңіз күштерінің 1-дәрежелі капитаны Роберт Шагеев көлік жарылысынан қаза тапқаны туралы ақпарат тарады. Ол Қырым аннексиясына дейін Украина Әскери-теңіз күштерінде қызмет етіп, Украинаның жалғыз «Запорож» сүңгуір қайығын басқарған. 2014 жылы Қырымды Ресей басып алғаннан кейін, Ресей жағына өтіп кеткен болатын.

 

1-тамызда Мәскеудегі Balzi Rossi мейрамханасында да жойқын жарылыс болған. Салдарынан бес адам қаза тауып, кемінде 19 адам жараланған. Кейбір ақпарат көздері қастандық Ресей Аэроғарыш күштерінің бас қолбасшысы, генерал Александр Чайкоға жасалмақ болғанын жазды. Украина билігі оны Бучадағы әскери қылмыстарға қатысы бар деп айыптауда. Алайда генералдың жарылыс кезінде сол жерде болғаны немесе зардап шеккені жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ. Қастандықтан генералдың күйеубаласы көз жұмды.

 

Петербордағы жарылыспен қатар, 11-қарашаға қараған түні Ленинград облысында да ірі шабуыл болды. Украина күштері Ресейдің Балтық теңізіндегі маңызды порттарының бірі Усть-Лугаға дрондармен жаппай соққы жасады. Шабуыл барысында порттың мұнай өңдеу, тасымалдау және логистика инфрақұрылымы нысанаға алынған. Сондай-ақ, «Наро-Фоминск» атты шағын зымыран кемесіне соққы жасалған. Шабуыл салдарынан қаза тапқандар, жараланғандар бар.

 

Усть-Лугаға жасалған шабуылды тойтару кезінде Ресей әскері тағы бір ауыр шығынға ұшырады. Ресейдің әскери бағыттағы Telegram-арналары екі тікұшақтың және бір ұшақтың атып түсірілгенін жазды. Екі Ка-52 «Аллигатор» тікұшағы және бір МиГ-31 ұшағы құлаған. Сарапшылар ұшақ пен тікұшақтарды Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі атып алған деп топшылауда.

 

Әскери сарапшылар Украинаның қарапайым дрондармен Петербор аймағындағы портқа үлкен шығын келтіріп, әскери кеме мен авиацияны жоя білуі және сол маңдағы әскери қызметкерге сәтті қастандық жасауын жоғары бағалауда. 


Mezgil.kz



Сәйкес тақырыптар