Шым-шытырық келіссөздер: Трамп неден қателесті? Путиннің есебі қандай?

Үлкен бизнестен үлкен саясатқа бет бұрған америкалық келіссөзшілер (Жерард Кушнер мен Ситв Уиткофф) өздерінің сауда-саттықтағы әдіс-айласын Кремльге таңуға тырысуда. «The New York Times» басылымы осылай деп жазады.

1794478907360793.png

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)

Ақ үй стратегтері «Трамп әкімшілігінің Ресей дизеліне салынған санкцияларды алып тастауынан бастап», «Лукойлдың» бұғаттағы активтерін сатуға рұқсат беруі» және «Еуропаға газ саудалауды қайта жандандыру» сияқты бірқатар бизнес-ұсыныстар Владимир Путинді Украинадағы соғысты тоқтатуға көндіреді деп үміттенген еді.

ТРАМПТЫҢ ҚАТЕСІ ҺӘМ ПУТИННІҢ ЖЕКЕ ЕСЕБІ ҚАНДАЙ?

«The New York Times» сарапшылары: «Бұл тәсіл – Ресей басшылығының шынайы басымдықтарын ескерместен қолға алынған тәсіл», - деп топшылайды.

Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Жаред Кушнердің Біріккен Араб Әмірліктерінде Ресей, Украина және НАТО елдерінің өкілдерімен жүргізген келіссөздері әзірге нақты нәтиже көрсетпей тұр. Оның басты себебі – Кремльдің стратегиялық талаптары болып тұр.

Ал Путиннің басты мақсаты – сауда жасау емес, Украинаның қорғаныс қабілетін шектеу, оның НАТО-ға кіруіне тыйым салу және Еуропадағы қауіпсіздік жүйесін толықтай өзіне ыңғайлап қайта қарау!

Сарапшылар: «Ақ үйдің «Бизнес-дипломатиясының» іске аспауына басты төрт түрлі себеп бар», - дейді. Олар қандай себептер десеңіз:

Біріншіден – бизнестен саясатқа ауған келіссөз жүргізушілердің әуелгі стратегиясының қатілігінде. Ресейлік олигархтар үшін ақша бірінші орында болғанымен, Путин үшін тек саяси және геосаяси мақсаттар маңызды. Мұны айтқан – АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей істері жөніндегі бұрынғы директоры Эрик Грин.

Екіншіден – Ресей басшысы соғыстың шығыны қанша болса, сонша шыдауға даяр екенін аңғартты. Тіпті орасан зор экономикалық шығындар мен адам шығынына да («Росстат» деректері бойынша соғыста 350 мыңнан 390 мыңға дейін сарбаз қаза тапқан) қарамай, Кремль соғыс қарқынын азайтпай отыр.

Үшіншіден – Путин Украина түптің-түбі әлсірейді деген соқыр сенімде. Мәскеу қыс қарсаңында Украинаның әуе қорғанысы жүйесінің (ПВО) түгесіліп жатқанын көріп, қалаларға соққы беру арқылы өз позициясын нығайтқысы келеді. Сонымен қатар, Кремль Еуропа елдерінде, мысалы, Франция мен Германияда оңшыл күштердің басымдыққа ие болатынына сенеді. Украинаны қолдаудың бәсеңдеуін өз пайдасына жаратқысы келеді.

Төртіншіден – екіжақты қисық есеп. Мәскеу де «келісім жасау» тактикасын қолданып, америкалық әкімшілік пайда үшін Украинаны Ресей шарттарына көндіруге мәжбүрлей алады деп есептейді. Дегенмен, АҚШ ішіндегі саяси жағдай (соның ішінде Конгрестің ұстанымы) Ақ үйдің Украина мүддесін біржақты бере салуына жол бермейді.

КЕЛІССӨЗ ПРОЦЕСІНІҢ КЕЛЕШЕГІ ҚАНДАЙ?

Әзірге Абу-Даби келіссөздері айтарлықтай нәтиже бере қойған жоқ. Жария айтылған мәлімдемелерге көз салсақ, қос тарап жақын арада ауқымды тұтқын алмасу өткізуге уағдаласқан. Ал Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдігі мен Донбасс мәселесі жайлы тараптар жақ ашпады.

Сарапшылардың сөзінше, АҚШ тарабы бәс тігіп отырған коммерциялық ұсыныстар тек кешенді қысымның бір бөлігі ретінде ғана жұмыс істей алады. Санкцияларды жеңілдету тек Ресей тарапынан деэскалация (мысалы, энергетикалық инфрақұрылымға соққыларды тоқтату) болғанда және Украинаға ПВО жүйелерін жеткізуді күшейту арқылы ғана іске асуы тиіс.

Басты бөгет – Мәскеудің ұстанымы. Путин толыққанды бейбіт келісімге қол қойылғанға дейін уақытша атысты тоқтатуға қарсы, себебі ықпал ету тетіктерінен айырылып қалудан қорқады.

ПУТИН «ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛДІГІН» ЖЕЛЕУ ЕТІП, НЕ КӨЗДЕП ОТЫР?

Украина президенті Зеленский соғысты бастап отырған Владимир Путиннің неліктен Еуропадағы қауіпсіздік жүйесін қайта қарауға және «қауіпсіздік кепілдігін» алуға жанталасып жатқанын түсіндірді. Зеленский мәлімдемесіндегі басты үш тезис мынау болды:

Біріншіден – Ресейге ешкім шабуыл жасаған жоқ! Зеленский соңғы күндері Ресей тарапынан «бізге қауіпсіздік кепілдігі керек» деген сөздердің қайтадан жиілеп кеткенін атап өтті. Бірақ шын мәнінде Ресейге соңғы ондаған жылдар бойы ешкім тиіскен де, шабуыл жасаған да жоқ. Ал Мәскеудің өзі Екінші дүниежүзілік соғыстан бері біреуге соғыс ашпай немесе әскери күш қолданбай өткізген бірде-бір онжылдығы жоқ!

Екіншіден – Ресей қазір өздеріне қауіпсіздік кепілдігін немесе жаңа қауіпсіздік архитектурасын сұрағанда, бейбітшілік пен шынайы қауіпсіздікті ойлап отырған жоқ. Олардың көздегені – кез келген уақытта басқа тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне еркін араласып, қалаған кезінде әскери күш қолдану құқығын алу.

Үшіншіден – шексіз билік пен империялық амбиция. Сонымен қатар, Зеленский ресейліктердің бұл қадамы Ресей ішіндегі бостандық пен демократияны ешкім қолдай алмайтындай етіп жасау екенін айтты. «Себебі Путин өзінің жеке билігін мәңгіге сақтап, өзінің империялық кейінгі ұрпаққа аманаттап қалдырғысы келеді», – деп түйіндеді Украина басшысы.

Mezgil.kz


Сәйкес тақырыптар