Күні кеше Мәскеуде Ресей президенті Путин АҚШ-тың арнайы уәкілдері – Ситв Уиткофф пен Жерард Кушнерді қабылдап, 2 сағатқа жуық сөйлесті. Талқыланған басты екі мәселе болды.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ПУТИННІҢ БАС ТАЛАБЫ – НАТО-НЫ 1997 ЖЫЛДЫҢ ШЕКАРАСЫНА ШЕГЕРУ!
Оның бірі – Украинадағы соғысты бюейбіт реттеу бойынша келіссөздер жайы. Қос тараптың талап-тілектері мен шарттары және келіссөздердің келесі кезеңін ұйымдастыру мәселесі.
Ал екінші мәселе – «Еуропаның жаңа қауіпсіздік архитектурасы» деп аталатын ауқымды тақырып.
Кремль НАТО-ның бұдан әрі кеңеймеуін құжат түрінде рәсімдеп, бекітуді талап етуде. Ресейбасы Путиннің бас кеңесшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, АҚШ-пен Ресей талқылап жатқан «Еуропаның жаңа қауіпсіздік архитектурасы» мәселесінде Ресей талабы - НАТО-ны 1997 жылғы қалпына қайтару!
Путиннің талабы – НАТО-ны одан әрі кеңейтпеу туралы талап. Ал 1997 жылдан кейін блокқа кірген елдер аумағына алянстың өзге мүшелерінен әскери контингент, әскери күш орналастырмау және алянстан тыс посткеңестік мемлекеттермен, соның ішінде астын сызып тұрып Украинамен әскери ынтымақтастықты шектеу!
16 МЕМЛЕКЕТ МӘСКЕУДІҢ ТАЛАБЫНА КЕЛІСПЕЙДІ!
Сондай-ақ, «Ресей — НАТО» актісіне қол қойылған сәттегі алянс күштерінің конфигурациясына қайтып оралу талабы да айтылды. Ал бұл құжатқа 1997 жылы қол қойылған екен. Яғни, Путин НАТО-ның 1997 жылғы шекараларына қайта оралуын талап етіп отыр.
Ал ол кезде Шығыс Еуропа елдері әлі НАТО құрамына кірмеген еді. Қаперлеріңізге салсақ, 1997 жылдан бері НАТО құрамына бақандай 16 мемлекет қосылған. 1999 жылы Венгрия, Польша, Чехия; 2004 жылы Болгария, Латвия, Литва, Румыния, Словакия, Словения, Эстония; 2009 жылы Албания мен Хорватия, 2017 жылы Қаратау (Монтонегро); 2020 жылы Солтүстік Македония; 2023 жылы Финляндия; 2024 жылы Швеция НАТО құрамына қосылған.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, «Солтүстік атлантикалық альянс (НАТО - ред) бұған дейін «құрамына жаңа мүше елдерді қабылдамауға уәде берген», бірақ «НАТО шығысқа қарай, яғни Ресейге қарай кемі бес не алты рет кеңейген».
Ресей НАТО-ны шектеу туралы талапты соғыстың алғашқы жылында, яғни 2022 жылдың ақпанында да айтқан. Ресей президенті Путин содан бері НАТО-ның Ресейге жақындауын үнемі айтып келеді.
2025 жылы президент Путин соғысты тоқтатудың шарттарының бірі ретінде «НАТО-дан одан әрі ұлғаюдан жазбаша түрде бас тартуды, сондай-ақ Украинаның бейтарап мәртебесіне кепілдік беруді» талап еткен. Осыдан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Киевтің альянсқа мүшелігін қарастырудан бас тартып, оны қауіпсіздік кепілдіктерімен алмастыруды ұсынған болатын.
РУМЫНИЯ МЕН ПОЛЬША ДАБЫЛ ҚАҒУДА: НАТО БІЗДІҢ ҚОРҒАҢДАР!
Осыған дейін Варшава бейресми түрде «Форт Трамп» деп аталған тұрақты АҚШ әскери базасын өз қаражатына салып, күтіп-ұстауға шешім қабылдаған болатын. Варшава әскери базаға орналастырылатын әрбір америкалық әскери қызметші үшін Уашиңтонға жылына 15 мың доллардан төлеуді ұсынған-тын.
Енді Румыния да дабыл қағып, Польшаның ізін ала Ресейден қорғану үшін АҚШ-тан көбірек әскер жіберуді сұрап отыр. Ресейдің Украинаға қарсы имперлік соғысы басталғалы-бері НАТО-ға мүше Румынияның әуе кеңістігі бірнеше рет бұзылды. Ал жақында Ресей Қара теңіздегі коммерциялық кемелерге соққы берген еді. Осындай қауіп-қатерлерден қорғану үшін Румыния өз аумағындағы америкалық контингенттің орналасу шығындарын өзі өтеуді ұсынып, әскер санын арттыруды сұрады. Бұл туралы Румыния президенті Никушор Дан «Financial Times» басылымына берген сұхбатында айтты.
Румыния АҚШ-қа нақты ұсыныс жолдап, онда әскер саны мен оны ұстап тұру шығындарын есептеп жіберген.
«Біз өз елімізде америкалық әскердің көбірек болғанын және қуатты соққы беруші қару-жарақтардың жеткізілгенін қалаймыз», - деп айтты президент Никушор Дан. Румынияның сыртқы саясаты Мәскеуге қатысты қатаң ұстанымдағы Польшаның саясатына ұқсас екені белгілі.
Ашық мәліметтерге көз салсақ, қазір Румыния аумағында 1172 америкалық әскери қызметші орналасқан. Қара теңіз жағалауына жақын маңдағы «Михаил Когэлничану» авиабазасынан бөлек, америкалық контингент пен зымыранға қарсы қорғаныс жүйелері Румынияның оңтүстігінде, Болгариямен шекараға таяу Девеселу қаласындағы АҚШ базасында орналасқан.
Mezgil.kz