Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін, түбекті Ресеймен жалғау мақсатында алып көпір құрылысын бастады. Бұл көпір тек қана транспорт-логистика тұрғысынан маңызды емес, сонымен бірге Ресей басшысы Владимир Путиннің Қырымға қатысты саясатының символы. Ал Украина үшін бұл көпір Ресей әскерінің Қара теңіз маңындағы және оңтүстік бағыттағы логистикасын қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымның бірі саналады.
(Сурет ЖИ көмегімен жасалды)
Керчь бұғазы арқылы өтетін көпірдің ұзындығы шамамен 19 шақырымды құрайды. Ол автомобиль және теміржол жолақтарынан тұрады. Құрылысы 2016 жылы басталып, автомобиль қозғалысы 2018 жылы, ал теміржол қатынасы 2019 жылы ашылды. Көпір Ресей мен Қырым арасындағы тікелей құрлық қатынасын қамтамасыз етуде. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін дәл осы көпір арқылы басқыншылар әскери жүк таси бастады.
Бүгінге дейін Украина көпірге бірнеше мәрте соққы жасады. Алғашқы операция 2022 жылы, 8-қазанда болды. Көпір үстімен өтіп бара жатқан жүк көлігі жарылып, жарылыстан кейін теміржол бөлігіндегі жанармай цистерналары өртенді. Өрт салдарынан автомобиль жолының бірнеше аралығы зақымданып, оның бір бөлігі бұғазға құлады. Ресейдің Тергеу комитеті жүк көлігінде жарылғыш зат болғанын хабарлады. Оқиға кезінде төрт адам қаза тапты. Бастапқыда Украина бұл шабуылға жауапкершілікті мойнына алған жоқ. Алайда 2023 жылдың шілдесінде Украина Қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Малюк операцияны СБУ ұйымдастырғанын растады. Оның айтуынша, бұл арнайы қызметтің алдын ала жоспарланған операциясы болған.
Келесі соққы 2023 жылы, 17 шілдеге қараған түні жасалды. Бұл жолы Украина теңіз дрондарын пайдаланды. Кейін СБУ басшысы шабуылға «Sea Baby» деп аталатын екі суүсті дроны қатысқанын айтты. CNN жариялаған материалда дрондардың бірінде 850 келіге дейін жарылғыш зат болғаны көрсетілді. Жарылыстан автомобиль жолының бір бөлігі қирап, екінші бөлігі зақымданды. Теміржол желісі бастапқыда тоқтатылғанымен, кейін қайта іске қосылды. Ресей билігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан ерлі-зайыпты екі адам қаза тауып, олардың қызы жараланған. Бұл операция Украина теңіз дрондарының тек әскери кемелерге ғана емес, ірі инфрақұрылым нысандарына да қауіп төндіре алатынын көрсетті.
Үшінші операция 2025 жылы, 3-маусымда болды. Бұл жолы шабуыл көпірдің су астындағы тіректеріне бағытталды. Украина Қауіпсіздік қызметі бірнеше ай бойы дайындалған операция кезінде көпір тіректеріне орнатылған жарылғыш құрылғылар іске қосылғанын хабарлады. СБУ мәлімдемесінде жарылыстың қуаты тротил эквивалентімен 1,1 тоннаға тең болғаны айтылды. Кейін СБУ басшысы Василий Малюк екі заряд қолданылғанын, әрқайсысының қуаты 1,1 тонна тротилге тең болғанын мәлімдеді.
Бүгін, яғни 16-қарашада Қырым көпіріне тағы соққы жасалды. Ресей билігі тағайындаған Қырымның заңсыз басшысы Сергей Аксенов көпірге тағы соққы жасалғанын растады. Оның айтуынша, қозғалыс шамамен түске дейін шектелген. Ресейлік ақпарат көздері теміржол қатынасының да уақытша тоқтатылғанын хабарлады. Ақпарат көздері көпірдің кеме өтетін аралығындағы аркалардың біріне соққы тиген болуы мүмкін екенін жазды. Бірақ нысанның нақты қаншалықты зақымданғаны, шабуылдың қалай жасалғаны және оған кімнің жауапты екені әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ. Украина тарапы да операцияның егжей-тегжейін жариялаған жоқ.
Қырым көпіріне жасалған шабуылдардың әскери мәні оның символдық маңызынан да маңызды. Көпір Ресейдің Қырымдағы әскери топтарын жабдықтауға, техника мен жанармай тасымалдауға мүмкіндік беретін негізгі бағыттардың бірі. Көпірдің жұмысы бұзылған сайын Ресей логистиканы басқа жолдарға, соның ішінде уақытша басып алынған украин аумақтары арқылы өтетін құрлық дәліздеріне ауыстыруға мәжбүр болады.
Ресей сарапшылары қазірдің өзінде дабыл қаға бастады. Өйткені, Қырым көпірі мен Қырым түбегі әлемдегі ең жоғары қорғалатын аймақ саналады. Бұл аймақта әуе қорғаныс жүйелері өте көп. «Украина қарапайым дрондармен сол қорғанысты бұза білсе, демек қанатты зымырандар мен баллистикалық зымырандар көпірге оңай соққы жасап, істен шығара алады» дейді ресейлік мамандар. Ал Батыстың әскери сарапшылары Украинаның жақын аралықта көпірге қайта соққы жасау ықтималдылығы жоғары деп отыр.
Mezgil.kz