Бүгін, яғни 17 қарашада АҚШ-тың 46-шы президенті болған Жо Байденнің «Ұмытпа мені, Америка» атты (Promise Me, America – тағы бір аудармасында «Уәде бер маған, Америка» деп айтылады) естеліктер кітабы жарық көрді.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
ЖО БАЙДЕН: ҰМЫТПА МЕНІ, АМЕРИКА!
Бұл кітап – Байденнің Ақ үйде өткізген төрт жылындағы маңызды һәм қызықты оқиғалар жайлы кітап. Байден өзінің бәсекелестері, жақтастары және шетелдік лидерлермен күрделі де шиеленісті қарым-қатынастары туралы жазған. Соның ішінде, Ресей президенті Путинмен, Украина президенті Зеленскиймен, Израиль басшысы Нетаняхумен жүргізген күрделі келіссөздер жайлы жазыпты.
Естеліктер кітабының кіріспесінде – «Байден бұл кітабында қазіргі Америка тарихындағы ең қиын кезеңдердің бірінде қабылдаған шешімдерін түсіндіріп, жетістіктері, қиындықтары мен жеке басындағы қайғылы оқиғалар жайлы ашық әңгімелеуді мақсат еткен», деп жазылған.
Мемуардың ең қызықты бөлімі – Байденнің әлемдік көшбасшылар туралы естеліктері жазылған бөлік.
ПУТИН — «ТАЯЗ ОЙЛЫ, ЕРКЕТОТАЙ», ЗЕЛЕНСКИЙ — «ТҰНЖЫРАҢҚЫ ӘРІ ҚЫҢЫР»
Жо Байден Владимир Путинмен кездесулері жайлы естелігінде Ресей президентінің өзін ұстау мәнеріне тоқталыпты. «Wall Street Journal» басылымының жазуынша, Байден Путиннің сөйлеу мәнерін «адамның ашуын шақыратын, еркетотай» деп сипаттайды. Оның айтуынша, кездесулер кезінде Ресей лидері креслоға шалқайып жайғасып, өзін сақа саясаткерден гөрі «таяз ойлы жасөспірім» тәрізді ұстап, немқұрайлылық танытқан.
Байден Украина президенті Зеленскийді жайлы да өз пікірін ашық жазыпты. АҚШ-тың экс-президенті Байден Зеленскийдің актерлік мансабы оны соғыс жағдайындағы ел басшысы рөліне жақсы дайындағанын жазады. Алайда мемуарға қарағанда, Украина президентімен жеке қарым-қатынас әркез оңай бола бермеген. Оңаша әңгімелерде Зеленский кейде «тұнжыраңқы әрі қыңыр» мінез танытып, Америка көшбасшысы күткендей дәрежеде алғыс білдіре қоймаған.
Бұл сипаттамалардың ерекшелігі сол – Байден өзінің президенттік каденциясы кезінде сыртқы саясатта маңызды орын алған екі президент туралы өзінің жеке қарым-қатынасынан туған әсер арқылы бейнелеп жазады.
СӘТСІЗДІК ЖӘНЕ ЖАҚТАСТАРЫНЫҢ САТҚЫНДЫҒЫ
Кітабында Байден 2024 жылы президенттік сайлауға қайта түсуге өзін неліктен қабілетті санағанын түсіндіреді. Байден жасы мен денсаулығына қатысты алаңдаушылықтың негізсіз екеніне өзін сендірген екі оқиғаны алға тартады. Біріншісі — 2023 жылы Конгреске арнаған жыл сайынғы жолдауы. Екіншісі — Киевке жасаған сапары.
Соғыс жағдайында Украина астанасына баруы Байденге өзінің президенттік лауазым талаптарын әлі де еңсере алатынының дәлелі болып көрінген. Сол сапар туралы естеліктерінде ол жолға алған жержаңғақ майы мен джем жағылған сэндвичтер, сондай-ақ Украина теміржолына деген құрметі секілді детальдарды еске алады.
2024 жылдың маусымында Трамппен өткен теледебаттағы сәтсіздігін (содан кейін Демократиялық партия ішінде кандидатты ауыстыру туралы талаптар күшейген) Байден мемуарында бірнеше себеппен түсіндіреді. Кітапты зерттеген «Atlantic» басылымының жазуынша, автор эфир алдында бірнеше күн бойы өзін жайсыз сезінгенін, бірақ коронавирусқа күдік расталмағанын айтады. Бұған қоса, ұзақ сапарлардан қатты шаршағанын және ұлы Хантердің үстінен жүріп жатқан сот процесіне байланысты ауыр кезеңді бастан өткергенін жазады.
Ол дебат барысында ой желісінен жаңылып қалғанын мойындағанымен, мұны орны толмас қателік санамай, науқанның келесі кезеңдерінде жақсырақ сөйлеуге үміттенген. Алайда партияластары көпшілік алдында шешімді өзіне қалдырғанси отырып, сахна сыртында оны сайлау додасынан бас тартуға барынша көндіруге кіріскен. Жо Байденнің жазуынша, бұл істе әсіресе (сол кездегі) Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси мен Сенаттағы демократиялық көпшіліктің көшбасшысы Чак Шумер ерекше белсенділік танытқан.
Байден көпжылдық одақтастарының бұл әрекетін жеке басына жасалған сатқындық ретінде қабылдағанын мойындайды.
Кітапта Байденнің додадан шығатынын жариялағаннан кейін жасаған телефон қоңырауларының толық тізімі берілген. Ол хабарласқан адамдардың қатарында Билл Клинтон, Конгресс мүшелері мен губернаторлар бар. Бірақ бұл тізімде ең танымал екі тұлға — Нэнси Пелоси мен Барак Обама жоқ.
ТРАМП: БІР БОЙЫНА ЗҰЛЫМДЫҚ ПЕН ІЗГІЛІКТІ СЫЙДЫРҒАН ТҰЛҒА!
Мемуарында Байден өзінің басты саяси қарсыласы – Дональд Трамп жайлы көбірек жазыпты. Байден Трамптың екінші президенттік мерзімінде қабылдаған шешімдерін, соның ішінде климаттық саясатты қайта қарауын және 6 қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жасауын қатаң сынаған. Байден мұның бәрі «америкалық мемлекеттік институттар мен демократиялық қағидаттарға қауіп төндіреді» деп санайды.
Байден 2024 жылғы сайлаудағы жеңісінен кейін Трамппен Ақ үйде кездескенін, сол кезде Трамптың ерекше жылы шырай танытып, «егер саясат болмағанда, екеуміз жақсы дос болып, бірге гольф ойнар едік» дегенін еске алады. Саяси қарсыласының мұндай мінезіне таң болғанын жазған Байден бастапқыда жарты сағатқа жоспарланған кездесудің екі сағатқа жуық созылғанын айтады.
Сонымен қатар естеліктерде Трамптың бірінші президенттік мерзімі аяқталған соң Ақ үйде Байденге қалдырған хаты толық келтірілген. Трамп пен оның жақтастары сайлау нәтижесін мойындамағанына қарамастан, хатта ол ізбасары туралы жылы лебіз білдіріп, америкалық халыққа сіңірген еңбегі үшін алғыс айтып, Ақ үй басшысы лауазымында сәттілік тілеген.
СЫРТҚЫ САЯСАТ: ИЗРАИЛЬ МЕН АУҒАНСТАН
АҚШ-тың негізгі одақтастарының бірі — Израиль премьер-министрі Нетаняхумен қарым-қатынасын Байден аса бір жақсы сипаттамайды. Байден екеуара шынайы сенім болмағанын мойындайды. АҚШ-тың экс-президенті Израиль премьерінің кейбір саяси әдістерін Трамптың іс-әрекетімен салыстырады. Байденнің пікірінше, Нетаняху фактілерді өз ыңғайына бұрып, демократиялық институттарды жеке мүддесіне пайдалана алған.
«New Yorker» басылымының жазуынша, Байден Газадағы бейбіт тұрғындардың жағдайына алаңдаушылық білдірсе, Нетаняху орындай алмайтын немесе орындауға ниеті жоқ уәделерді көп берген.
Ал АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығару туралы шешімін Жо Байден мақтанышпен еске алады. Ол тіпті өз әкімшілігінің ішінде де қарсылыққа тап болғанын мойындайды, бірақ: «Егер маған қайта таңдау мүмкіндігі берілсе, дәл осылай әрекет етер едім», - деп жазады.
Mezgil.kz